Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі қазақстандық патриотизмге, төзушілікке, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Бұл жастарға этнопедагогикалық негізде білім беріп, патриоттыққа тәрбиелеу ісіне нұсқау әрі оның қажеттілігін айқындайтын бағдарлама деуге болады. Сол сияқты тәрбие тұжырымдамасында тәрбие үдерісін ұйымдастырудың қағидаларында этникалық қағида этникалық мәдениет негізінде жалпы ұлттық мәдениеттің гүлденуіне ықпал жасайтын мәдениет жасаушы ортаны қалыптастыруды, азаматтық келісім жөнінде атап көрсеткен. Біз тәрбиенің қойған мақсатынан және одан туындайтын міндеттерге сүйене отырып тәрбие жұмысының бағыттарының ішінде мынадай бағыт айқындалғанын білеміз: Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік тәрбие гуманизмге, қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға, азаматтық ұстанымды және патриоттық сананы, қалыптасқан ұлттық өзіндік сананы, ұлт аралық мәдени қарым-қатынасты қалыптастыруы тиіс. Балалар мен жастардың азаматтық патриоттық білім беру ұйымдарында азаматтық құқықтық, патриоттық тәрбие беруде мазмұны мен әдіс тәсілдер мен оқу тәрбие құрылымының өзара іс әрекеттестік негізінде деңгейін көтеру белгіленген. Ондай әрекеттестікті біздің ұлы ойшылдарымыз ертеден -ақ ескеріп, өз ойларын қосқан. Осындай адамның еркін әрекеттесетін мінез-құлқын тәрбиелеуде Әл-Фараби «Әдеттенудің арқасында бізді жақсы мінез — құлыққа жеткізетін әрекеттер жақсы әрекеттер болып табылады. Ол адамның жетілуі оның мінез-құлқының жетілуіне сайма-сай келеді» деген ойы арқылы қазіргі кезде тұлғаның жеке қасиетін, мінез-құлқын қалыптастыруда жақсы әрекеттер қалыптастыру керектігі туралы ой айтады. Бүгінгі күндегі Еліміздің егемендікке жетуі халықтардың ұлттық дүние танымының өсуіне жағдай жасады. Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында тәрбие беру мәселесіне жаңаша көқарас тұрғысынан қарауды және студенттердің патриоттық сана-сезімін, сапаларын, мінез-құлқын қалыптастыруды көздейтін тәрбиенің формалары мен әдістерін жетілдіруді талап етеді. Бұл бүгінде байсалдылық, табандылық, батылдылық, батырлық, қайсарлық туралы білім ғана емес, өнегелік, тәрбиелік көрсету қажет болып отырған уақытта аса маңызды. Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм қашанда ұлттық сипатқа ие, өйткені, патриоттық сезім мен көзқарастар қашанда белгілі бір ұлтқа, ұлысқа жатады. Қазақ халқы ежелден басқа халықтардай Отанын, ұлтын сүйген. Батырларымыз бастаған қазақ халқы Отанын, жерін, ұлтын жаудан қорғаған. Оны Қазыбек би өз сөзінде былай келтіреді: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз;ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз; асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз.Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды» дей отырып, қазақ халқының өз елін, жерін қорғаудағы қажырлығын, жанын аямайтын патриоттығын, такаппарлығын көрсетеді. Олай болса, біз жастарға осындай ұлағатты сөздерді санасына сіңіру арқылы, оның өз ата-тегін, ұлтын, халқын силауға, Отанын сүюге, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятуға бағыт береміз. Қазақ халқының өз елін шапқыншылықтан қорғауда ерлігі аңыз болып өлең-жырға қосылған Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Қабанбай т.б. батырлар жастайынан халық тәрбиесінің бесігінде тербеліп өскен, елін, жерін сүйген батырлар. Мұндай батырларға арналған батырлар жыры да қазақтың елін, жерін, Отанын сүюуінің негізі болып табылады. Қазақтың ұлтжандылығы, отансүйгіштігі ертеден қалыптасқан. Оған қазақтың мақал- мәтелдері де дәлел. Мәселен, туған жер-отан туралы мақалдар-мәтелдерде: “Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас” т.б. болып кете береді. Мұндай мақал-мәтелдердің өзі қазақтың елін, жерін, Отанын сүюуіне негізделіп, өз елін, туған жерін құрметтеуге табиғатын сүюге жастарды тәрбиелеу көне заманнан өзімен бірге дамып келе жатқанын есімізде ұстағанымыз жөн… Бүгінгі күндегі патриоттық сана-сезімнің әлсіреуі, адамдардың өз елі мен оның жетістіктері үшін ұлттық мақтаныш сезімінің өзгеруі – бұл қоғамның өнегесізденуінің, халықтың тұрақсыздануы мен ыдыраушылығының ажырамас сипаты. Қазірде Қазақстанда Отанға деген сүйіспеншілік қоғамдық қатынастарды демократияландыру және гуманизмдендіру негізінде патриотизмге тәрбиелеу қажет.
Ұлы дала ұландарының кемел болашағы, «Мәңгілік Ел» ертеңі ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениетіне, саналы ойлау, бәсекелік қабілеті мен біліміне, іскерлігіне байланысты. Осыған орай еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету мақсатындағы әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, терең білімді, ізденімпаз, шығармашылық қағиданы ұстанатын тұлғаны тәрбиелеу ісінде «жаңа қазақстандық патриоттық тәрбие беру» мәселесінің маңыздылығы ерекшелініп тұр. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, мемлекет, атамекен (сакралді география), туған жер, туған ел, туған өлке, халқы туралы түсініктер оқу-тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс-шараларда отансүйгіштік сезімді дамыту, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, мемлектік рәміздерді құрметтеу, ана тілін қадірлеу сезімдерін қалыптастыру жүзеге асырылады.
Елбасымыз, Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында ең басты қағидалардың бірі «Ұлттық бірегейлікті сақтау» деп анықталған: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу». Ұлттық сана-сезім, ұлтқа жанашырлық – патриоттық тәрбие берудің, саналы, парасаты мол азаматты тәрбиелеудің негізгі діңгегі, өзегі. Қазақстан жағдайындағы патриоттық тәрбие беру мәселесінің ерекшелігін де күн тәртібінен тыс қарастыруға болмайды. Себебі көпұлтты мемлекетіміздің халқы этносаралық қарым-қатынас орнатуда патриоттық қағидалардан тыс кемелдене алмайды. Ұлтаралық, этносаралық татулық – қазақстандық патриотизмнің бөлінбес құндылығы деп қарастырамыз. Осы құндылық арқылы бағдарламада негізгі бағыттардың бірі «Сананың ашықтығы» жүзеге асырылады. Бұл бағыт пен «қазақстандық патриотизм» мәні тығыз байланыста екенін елін, жерін көркейту ісінде қазақ жерін Отаным деп таныған ұлттар мен этностардың, әлемнің озық тәжірибесін есепке алу үрдісі айқындап береді. «Татулық», «бірлік» ұғымдары «қазақстандық патриотизмнің» құндылықтары ретінде әр қазақстандықтың бойына туғаннан сіңірелітіні белгілі.
Өскелең ұрпақ тәрбиесінде «қазақстандық патриотизм» білімге құштарлық пен әлемнің жаңашылдыққа бағытталған сандық технологияларын (цифровизация) игерусіз түпкі мақсатына жетпейтіні анық. Сондықтан оқу-тәрбие үрдісінде өзегі өзгермейтін мәселенің бірегейі – «Білімнің салтанат құруы» бағыты. Бұл орайда өскелең ұрпақтың бойына саналы түрде ес білгеннен бастап «білім» категориясының адам өміріндегі басты құндылық екенін сіңірту, дәріптеу ісі дұрыс жолға қойылуы керек. Білімі таяз адам саналы түрде патриот болуы екіталай. Сондықтан «Саналы азамат» тәрбиелеуде білім алудың, алған білімі арқылы еліне қызмет жасау қағидалары негізгі діңгек болып табылады. Көкірегі ояу, зердесі ашық, білімі кемел, біліктілігі жоғары, санасы биік тұлға ғана еліне еңбегін риясыз сіңіруге дайын болады.
Өз халқыңның тарихының өнегелі жақтарын білу, өз еліңнің кешегі және бүгінгі қаһармандарын мақтаныш ету, олардың ерлігіне тағзым ету, оларға сай болу патриотизмнің басты құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл тұрғыда алғанда, республикамыздың оқу-тәрбие мекемелерінде белгілі деңгейде әр түрлі шаралар жүргізілуде. Қазақстан тарихы мектептерде, орта арнаулы және жоғары білім беру мекемелерінде оқытылуда, тарихтың жарқын беттері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталуда, қаһармандарымыздың есімдері ұлықталып, олардың аттары елді мекендерге, көшелерге, мектептерге, түрлі мекемелерге берілуде. Алайда тарихтың ақтаңдақтарын жеткіліксіз оқып-үйрену, түрлі тарихи және ғылыми теориялардың арасындағы келіспеушіліктер мен айырмашылықтар, жастардың төл тарихына деген қызығушылығының айтарлықтай аз болуы, өзге, әсіресе батыстық идеология мен теориялардың басымдық ықпалы бұған көп кедергі жасауда. Көп ретте жастардың бұқаралық, тіпті кейде арзан мәдениетке елтіп, этномәдени, дәстүрлі, ұлттық бастаулардан алыстап кетуі, өкінішке қарай, қалыпты және кеңінен тараған үрдіске айналды. Біздің ойымызша, одан шығудың басты жолы — қазіргі білім беру мекемелерінде этномәдени білім мен тәрбие беруге ерекше көңіл бөлу.
Патриоттық сезім отбасынан басталады. Өкінішке қарай, нарықтық қатынастардың кеңінен орын алуы, ересектердің тәрбиеге жеткіліксіз көңіл бөлуі, ата-аналардың уақытының жетіспеушілігі мен қолдарының тимеуі отбасындағы жастар тәрбиесінің ролін түсірді. Әрине, мұндай жағдайларда өзінің ескі арнасын жоғалтқан патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мен оған тәрбиелеудің жаңа жолға оңайлықпен түсіп кете алмасы анық.
Патриоттық сананы қоғамдық өмірде бекітетін бірден-бір институт — жоғары оқу орындары мен басқа да білім мен тәрбие беру мекемелері. Олардың көмегімен патриоттық сана қоғамдық өмірге бекітіліп, мемлекет тарапынан қолдауға және бағдарлауға ие болады. Студент жастар қоғамның әлеуметтік құрылымында ерекше орын алады. Ендеше, қазіргі студент жастар өздерінің тұлғалық-кәсіби нығаюға бет алуының жоғары деңгейімен, шығармашылық потенциалымен, Қазақстанның әлеуметтік жаңғыру процесіне шынайы іс жүзінде қатысуға деген белсенді қызығушылығымен, қоғамдық өмірдің түрліше жақтарына, өзінің әлеуметтік бағдарларына деген даралық көзқарастарымен ерекшеленуі тиіс. Олар еліміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени дамуының анықтаушы күші де болып табылады. Олай болса, студент жастардың тұрмысы мен болмысына, тәлімі мен тағылымына үстірт қарауға болмайды. Бұл туралы Президент Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуына қатысты жақында жазылған Бағдарламалық тапсырмалық мақаласында ерекше ескерте келіп: «Мен жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызын атап көрсетіп келдім және атап көрсете беремін. Мемлекет әрбір жас адамның өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін бәрін де жасайды» — деген болатын. Осы ұстанымды басшылыққа алатын болсақ, бізге, жоғары оқу орындары ұстаздарына, тек оқу және оқыту процестерін төңіректемей, жастар болмысына әсер ететін құбылыстарды тұтастыра қарағанымыз жөн.
Тәуелсіздік – елдің биік те қасиетті ұғымдарының бірі, ал отансүйгіштік – біздің халықты біріктіретін Қазақстанның бірлігі мен жалпыұлттық идеясының негізі болып табылады. Ол аса маңызды стратегиялық, ұлттық, мәдени және т.б. проблемаларды шешуге бағытталған қоғамның маңызды мобилизациялық ресурстарының формасы. Мемлекеттің саяси құжаттарында нақты белгіленген патриотизмнің ықтималды нәтижесі ел азаматтарының нақты іс-әрекеттерінен көрінуі тиіс. Себебі, азамат, патриот болу үшін батыр немесе асқан ерекше адам болудың қажеті жоқ. Тек өз Отанынды жеткілікті дәрежеде сүюің, ол үшін қам жеуің, оның барлық қиындығы мен қуанышын бірге бөлісуің қажет. Жақындағы Бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы сынға алған, «мен қоғам ішіндемін» деген масылдық психологиядан, «қоғам, немесе, көпшілік солай болса мен қайтем» деген әрекетсіздікке, бойкүйездікке бастайтын ойдан «Отан менде жатыр» деген ойға көшу абзал.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні // http: kk.wikipedia.org/wiki
- Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. — Алматы: Раритет, 2010. — 448 б. 3. Сұлтанов Қ. Серпінді кезең. — Астана: Елорда, 2005. — 608 б.
- Абрахманов С. Тәуелсіздік шежіресі. — Алматы: Атамұра, 2006. — 392 б.
3. Назарбаев Н.Ә. Нұр Отанның дамуында жаңа белес басталды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтің «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі // Егемен Қазақстан. — № 21 — 18—қаңтар. — 2008.
Ахишев Мурат Бахитжанович
Мақтарал аграрлық колледжінің бөлім меңгерушісі.