Еліміздің баянды болашағын қамтамасыз ету және ұрпаққа саналы білім мен тәрбие берудің алғы шарты рухани жаңғыруда жатыр. Сол себепті, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыруға айрықша мән берілуде.
Ұлттық рухани жаңғыруына үлес қосу мақсатында дарынды мектеп-интернатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыруға рұқсат етіңіздер.
Әрбір оқу жылы өзіндік жаңалығымен келеді. Мектеп-интернатта қалыптасқан дәстүрлі мектепішілік «Тамыз кеңесі» өткізіледі. Әрбір педагог, мектеп-интернат әкімшілігі функциональдық міндеттеріне сәйкес жаңа оқу жылының басымдығын анықтап, жаңа серпінмен жұмыс жасайды. Тәрбие саласы да әр жылға есеп бере отырып, еліміздің сындарлы саясаты мен жаңалығын негізге алып, басымдық анықтайды. Анықталған басымдық бойынша жұмыстарды жаңа форматта жоспарлайды.
Былтырғы, 2017-2018 оқу жылы тәрбие саласы үшін жаңалыққа ұмтылған, жаңалықты жаңғыртқан жыл болды десем артық болмас. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жұмысымызға жаңа идея, жаңашыл бастама, зияткерлік серпін берді.
2017 жыл 24 қарашада «Менің бастамам-менің Отаныма» тақырыбындағы семинар-практикум, 2018 жыл 9 ақпанда «Рухани жаңғыру мен «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының тәрбие жүйесіндегі сабақтастығы» тақырыбында облыстық семинар-практикум өткізілсе, 2018 жыл 17 мамырда «Рухани жаңғыру: мектеп, ата-ана, оқушы» тақырыбында мектеп-интернат Қамқоршылық кеңесі және ата-аналар комитетінің ұйымдастыруымен ата-аналар форумы өткізілді.
Тәрбие саласына зияткерлік серпін енгізу мақсатында «Рухани жаңғыру» жобасының «Туған жер», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық» жобалары бойынша жасалуда.
Енді сіздерді атқарылған жұмыстың ішінен тәрбиелік мәні зор, дарынды шәкірттерге берері мол жұмыстың мазмұнымен таныстыруды жөн көрдім.
Кіші бағдарламадан туындайтын жобаның бірі – «100 жаңа есім».Ұлт көшбасшысы: «Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы бүгінгі заманауи қазақстанның келбеті көрініс табады» деп 100 жаңа есімге айрықша мән беріп айтты. Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасын өз мектебімізге бағыттап, жаңадан электронды, вертуальды көрме жасақталды.
«100 жаңа есім» алты бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде ұстаздық және басшылық қызметтері ерекше көшбасшылар, ұжымына жол сілтеп, бағыт-бағдар бере білген мектеп басшылары туралы зерттеу жұмыстары жасалынды.
Білім беру ұйымында оқушыға сапалы білім беру үшін ұжымның әрбір мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыра отырып, кәсіби жетістіктерге жетелеу және ұжымды басқарудың нысанын ұйымдастырудың майталманы Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері Байділдаев Шыналы Нұрпайызұлын ерекше атап айтуға болады. 1985 жылдан бастап, №26 теміржол мектеп-интернатында директордың қызметін атқарып, басшылық қызметін жасауда, 2004 жылы облыс көлемінде дарынды мектеп-интернаттың ашылуына ерекше еңбегі сіңген жан ретінде ұжымы қадірлейді. Байділдаев Шыналы Нұрпайызұлы — ұжымға талапты қоя отырып, оны дер кезінде, уақытылы орындата білген, ұжымға сыйлы да беделді басшы, қазіргі таңда ұжымның құрметті ардагері.
Шығармашыл, ізденімпаздығымен өз ісінің кәсіби маманы Ізмағанбетова Сайран Асылбекқызы — дарынды мектеп-интернатта еңбек жолын директордың ғылыми жөніндегі орынбасары қызметімен бастап, ұжымның қолдауының нәтижесінде басшылық қызметке сайланған білікті маман, шебер-ұстаз. Қазақтың: «Бұлақ көрсең, көзің аш» деген керемет сөзі дәл Сайран Асылбекқызының еңбегіне баға ретінде айтылғандай. Білікті орынбасар, басшы қаншама шәкірттермен қатар, маман тәрбиелеуде де ерекше еңбек етті. Осындай еңбектерін ұжымы үнемі насихаттап, бағалап отырады.
2013 жылдың қазан айынан бастап № 4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры қызметін білім саласында зор табыстарға жете білген Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Абдуллаева Балзия Әбдікәрімқызы атқарып келе жатыр. Педагогикалық қызметінде түрлі кәсіби байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленген еңбекқор, жаңашыл басшы қызметкерлердің шығармашылықтың шыңынан көрінуіне ықпалын тигізуде. Қазіргі таңда мектебіміздегі жаңашыл залдар мен заманауи кабинеттердің ашылуына ерекше ықпал жасаған басшы ретінде ұжымы таниды, құрметтейді.
Жинақтың екінші бөлімінде тәуелсіздік жылдарында қызмет атқарып келе жатқан мектеп – интернат әкімшілігі туралы көрсетілген. 2004-2017 оқу жылдары арасындағы он әкімшілік қызметкерлері іріктеліп, жетістіктері, өмір деректері және марапаттары жарияланды.
Әкімшілік қызметкерлері ішінен дарынды шәкірттерді ерекше қызықтырған, тәлімі мол ұстаз ретінде Саянова Ағайша Нұрмағанбетқызын таныды. Директордың орынбасарлығын пәнімен үйлестірген ұстаздарының еңбек жолында жүзден астам оқушылар жетістігі бар екенін және жасалған еңбектің уақытында бағаланып отыратынын марапаттарынан көрді.
Жинақтың үшінші бөлімі ҚР Білім және ғылым министірлігінің ұйымдастыруымен өткізілетін республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарына арналды. Бұл бөлімде «Үздік педагог -2012» оқу жылының жеңімпазы Динисламов Жүсіп Шәмшіұлы, «Үздік педагог-2015» номинациясының иегері, шығармашыл, ізденімпаз ісінің кәсіби маманы Смағұл Айман Тілеубергенқызы, физика пәнінің мұғалімі, еселі еңбектің бағалануы «Үздік педагог -2016» оқу жылының жеңімпазы Бейсенова Шакизат Аманжоловналарды жас шәкірттер зерттеп, білім саласында зор табыстарға жете білген білікті ұстаздар жайлы деректер жинақтады.
Аталған бөлімге биыл, 2018-2019 оқу жылында да өз толықтыруын жалғастыруда. Ол – «Үздік педагог-2018» республикалық байқауының жеңімпазы Жақсылықова Әсемкүл Мұқашқызы. Әсемкүл Мұқашқызы – шәкірттері үшін де, соңынан еріп келе жатқан біздер сынды әріптестері мен жас мамандар үшін де білікті маман, үздік тәлімгер. Ұстаз атты ұлы ұғымға сай болу үшін бірін-бірі толықтырар үш қасиет тоғысуы шарт. Оның біріншісі — терең білім, екіншісі — біліктілік, үшіншісі — өз ортасына сыйлы бола білген кісілік келбет. Шәкірттері мен әріптестеріне беделді бола білген Әсемкүл Мұқашқызынан үш қасиет анық байқалып тұрады. Сондықтан да жетістіктер шеруін Әсемкүл Мұқашқызының жалғастырғанына ұжым, шәкірттері қуанды, марқайды.
Жинақтың төртінші тарауында білім беруде жаңа технологияларды меңгерген, шығармашыл мұғалімдері жарияланған. Сонымен қатар, облыс әкімінің сыйақы иегерлері, төрт милионерлер, түрлі кәсіби байқау жеңімпаздарын да осы бөлімнен табуға болады.
Жинақтың бесінші тарауында он бір жыл бойы шаршамай, білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың еңбегін еш кетірмей, ата-анасының зор үмітін ақтаған «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерінің жетістіктері мен марапаттары туралы деректер жинақталған.
Жинақтың алтыншы бөлімінде 2004 жылдан бастап қатысқан оқушылардың халықаралық ғылыми жобалар және грант иегерлерінің жоғары деңгейде көрсеткіш көрсеткен жеңімпаз оқушылары жинақталған.
Сөзімді қорытындылай келе, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мектеп тарихын жинақтауға, еңбектері өлшеусіз педагогтарды құрметтеуге, мектеп мақтаныштарын насихаттауға үлкен мүмкіндік берді. Жұмыс жалғасын табады. Алдағы уақытта «100 жаңа есім» жинағына енген оқушыларымызды, бітіруші түлектерімізді насихаттау мақсатында кездесу ұйымдастырып, шаралар өткізіледі. Аталған жұмыстардың барлығы да дарынды оқушылардың шәкірт ізденістерінің нәтижесі деп сөзімді қорытындылаймын.
Алпысова Әлия Қырғызбайқызы,
Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернат директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі