Home » Баяндамалар » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – КЕМЕЛДЕНУ КІЛТІ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – КЕМЕЛДЕНУ КІЛТІ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Мен Елбасы мақаласында айтылған бастамаларды толық қолдай отырып, рухани мәдениеттің дамуы үшін тағылымды ұлттық тәрбиенің қайнарынан сусындап, биік адами құндылықтардың кемелдену барысында әрбір маман иесі кәсіби қызметін жоғары деңгейде жүзеге асыруы қажеттілігін түсінемін.
Ұлттық жаңғыру дегеніміз – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірді. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр… Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», -деп ел келешегіне үміт артады.
Қазақ Елінің жастары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылулары керек. Себебі, жаңа дәуірде тек бәсекеге қабілетті, аса білімді, сауатты адамдар ғана табысқа жетеді. Ел жастарында осындай қасиеттер болса, кез-келген мемлекеттің болашағы жарқын болары анық.
Кез-келген елдің болашағы қашан да өсіп келе жатқан ұрпағына байланысты Сол себепті де, Қазақстан бәсекеге лайықты, білікті жастарды дайындауға баса назар аударып келеді. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың басында «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, бүгінге дейін оң мыңдаған ел жастары әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім алды, тәжірибе жинақтады. Ел аумағында жоғары деңгейдегі университтер ашылып, зияткерлік мектептер қалыптасты. Десе де, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Заман жаңарған сайын, білім беру саласын да жетілдіріп отыру қажет.
Білім – табысты болудың басты факторы. Ол ел жастарына болашағына ғана емес, бүтіндей мемлекеттің дамуына әсер етеді. Сондықтан, оған әрдайым ерекше басымдық берілетіні – түсінікті де. Қазір экономика, өнеркәсіп, өндіріс салалары көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжуда. Яғни, технологиялық революция. Енді бір он жылдан кейін қазіргі кәсіптердің кейбірі жойылып, жаңа түрлері пайда болуы мүмкін. Ал, оларды игеріп кете алатын жастар Қазақ Елінде де болуы керек. Бәсекеге қабілеттілік дегеніміздің бір парасы – осында.
Рухани жаңғыру – білім саласының жаңа көкжиегі. Елбасының бағдарламалық мақаласындағы сананы жаңғырту, ұлттық болмысты жүзеге асыру мақсатында білім мен ғылымға, тәрбие саласына да үлкен мән беріліп отыр.
Ендеше, рухани жаңару арқылы әлем мойындар табысты ел болып, жарқын болашаққа деген сенім мен үмітті үндестіре отырып, баршамыз бірлік туы астында бақытқа бірге жетейік!

Айнұр Аюбқызы ЕРТАСОВА,
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы,
Құмарық ауылы,
Өнер мектебінің «Психология» пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.