Мақалада көрініс тапқан Елбасының келелі ойы, салиқалы пікірі бірінші кезекте жас ұрпаққа арналды. Жаһандық бәсекеге төтеп беру жолында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сананы жаңғыру, патриот азаматтарды тәрбиелеу бағытында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді әрбір жастың жүрегіне жеткізу – кезек күттірмес міндет екені айқын.
Осыған орай, Елбасының бағдарламалық мақаласын жастар арасында кеңінен түсіндіру мақсатында ағымдағы жылдың 19-ақпанында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат САҚ Елордамыздағы №15 мектеп-лицейде кездесу өткізді. Бауыржан Қапарұлы басшылық ететін білім ошағында өткен жиынға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Омашева мен бірнеше пән мұғалімдері, сынып жетекшілері мен 8-11 сынып оқушылары қатысты.
Кездесу барысында Қайрат Өмірбайұлы өскелең ұрпаққа рухани жаңғырудың мән-мағынасын, жаңғыру процесінің нақты мақсат-міндеттерін, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, елбасының мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болуы үшін болашаққа қалай қадам басу керектігі мен бұқаралық сананы қалай өзгерту қажеттігі жайлы көзқарастарымен бөлісті.
Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін ұғындырған ұстаз ұлттық кодты құрайтын ұлттық тарихымыз, ұлттық мәденитіміз, салт-дәстүріміз және әдет-ғұрпымыз хақында да кеңірек әңгімеледі.
Елбасымыздың «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деген сөзін тілге тиек еткен Қ.Ө. Сақ оқушыларға табысты болудың ең іргелі, басты факторы — білім екенін баса айтты. Білім салтанат құрған заманда білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Елбасымыз айтқандай, «Еліміздің болашағы — жастардың қолында» екендігін жас ұрпақтың бойына сіңірген тағылымды дәрісті зор ынтамен тыңдаған қазақ және орыс сыныптары топтастырылған аталмыш мектеп оқушылары Қайрат Өмірбайұлына тақырып аясында бірнеше сауалдарын жолдады.
Tagged with: Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру.