Қай заманда, қандай қоғамда болмасын мұғалімдер қауымы үшін басты міндеттердің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Жан-жақты жетілген, ақыл парасаты асқақ, мәдениеті мол, саналы ұрпақ тәрбиелеуде әр халықтың өзіндік өмірлік тәжірибесі бар. Мұндай тәрбие қазаққа да тән. Ол әрине, ел болу жолындағы ұлттық тәрбие. Бұл тәрбие жалаң болмауы тиіс. Өйткені, ондай, жалаң тәрбие қашанда қауқарсыз. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда қазақ балаларын тәрбиелеудің ұлттық негізі тұғырлы болуы шарт. Сонда ғана тәрбие шынайы. Ұрпақ санасына елдік ұғымды ұялатып, ұлттық рухты сіңіре білсек бізді сең соқпасы анық. Ол үшін әрине қазақ ұлтының атам замандардан бергі ұрпақ тәрбиелеудегі мол тәжірибесін, жиған-тергенін, озық ойлары мен өзіндік ерекшеліктерін кәдеге жарату қажет. Бабалар мұрасының «дәнегін мәпелеп екпейінше», балаларды ізгілік пен парасаттылықа тәрбиелеу мүмкін емес. Әр халықтың жазбаша түрде емес, ұрпақтан ұрпаққа ауызша жалғасып келген нақыл-өсиет, өнеге қағидалары бар. Қазақтың да осы кезге дейін өміршеңдігін жоймаған тәлім-тәрбие тағылымы бүгінгі ұрпақтың бой түзеуіне үлкен қуат. Ол алдымен отбасылық тәрбиеден бастау алады. Ел-жұрт, ауыл-аймақ, тіпті халықтық қарым-қатынастан берік орын алған тәлім-тәрбиенің түрі. Өркениетті ұлт, ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен мақтанады. Ал, өмір өнегесі адамның жүрген жолы, сіңірген еңбегімен өлшенетіні сөзсіз. Осы өмір керуенінде өзіндік ізімен танылған бітімі бөлек тұлғалар өнегесін ұрпақ тәрбиесінің құралы етсек ұтарымыз көп.
Өткен жылдағы басты жаңалықтардың бірі – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мектеп ұжымдарын да қуаттандырып тастады. Жақсыға әуес, дұрыс бастамаға бойын тез түзейтін біздің ұжым да бұл мақаланы зор қуанышпен қолдады. Мақала жарық көре салысымен мектебіміздегі тәрбие және идеологиялық жұмыстарды жүйелеуге барынша күш салдық. Жаңашылдықты ескі әдістермен оқыту орынсыз. Осыны ескере келе «рухани жаңғыруға» қатысты негізгі бағдарламаларды жүйелендіріп оқу-тәрбие үрдісін кеңейттік. Біздің таңдауымыздың негізінде прагматизм қағидасы тұрды.
Менің өз еңбек тәжірибемде көз жеткізген бір мәселе бар. Ол — білім реформасын белгілі бір бағдарсыз жүзеге асыру мүмкін еместігі. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» идеясы бастапқы бағдармалардың жетілуіне ұйтқы болғандай. Ол «Тәуелсіздік толғауы», «Мәңгілік ел» бастамаларының заңды жалғасы. Мемлекет басшысының: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озық жүруі, яғни, одан әрі жаңғырып отыруы тиіс», — дегеніндей, бүгінгі жасампаз болмысымыздан озық, оны алға бастайтын идеяларды көріп, жұмысымызды жандандыруға қуат алғандаймыз.
Бәсекелестік қабілет материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім. Компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу мәселесі көтерілген шақта көп жұмыс атқару талабы тұр.
Біздің мектеп-балабақша рухани жаңғыру аясында мемлекеттік тілге барынша мән беруде. «Ұлт болудың ең алғашқы шарты-оның тілінде»,-деген қағиданы ұстанған әріптестерім қазақ тілін оқытуда озық тәжірибелерге сүйенген.
Елбасы: «Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап. Тек қана оны насихаттай білуіміз керек, оқыта білуіміз керек» деген болатын. Алайда, ана тілімізге деген құрметті нығайта отырып, оқушылардың өзге тілдерді үйренуіне мүмкіндік жасау – уақыт талабы. Десек те, қазақ елі барда қазақ тілі де жасай берері дау туғызбас дүние. Тек ертеңгі күні үштұғырлы тілді еркін меңгерген ұрпақтың Отанға деген патриоттық сезімі мен ана тіліне деген сүйіспеншілігі бәрінен де маңызды болмақ. Ана тіліміз – осы үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола беруі керек.
Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов «Қазақ тілі — бай тіл, оралымды, ырғақты» деген екен. Оған ешкімнің таласы жоқ, әрине. Алайда, қазіргі қоғамдағы қазақ тілінің тазалығы таразы басында ма, қалай? Елбасы бір сөзінде: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»,-деді. Демек, мемлекеттік тіл – тәуелсіз ұлт мәдениетінің мінбесі, рухани болмысы. Жалпы, қазақ тілінің өзіндік қайталанбас ғажайып кескіні бар. Оның өзегіне үңілсең сыр-жұмбаққа толы, әлде бір ән-әуезге малынып тұрғандай сезінесің. Бір ғаламат үндесік үйіріп әкететіндей.
Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Тіл байлығы — елдің елдігін, ғылыми әдебиетін, мәдениетін қай дәрежеде екенін көрсететін мөлшері» -деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын. Олай болса тәуелсіздіктің негізгі тірегі-ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да-тіл,- десек, қазіргі өскелең ұрпақ соны сезінуі керек. Қазақ тілі-ұлтымыздың өзіндік бейнесін анықтайтын, рухани келбетін көрсететін төлқұжаты екенін балалар мектепте жүргенде-ақ ұғынуы керек.
«Қазақ халқы бар тарихын көшіп жүріп өткізсе де, батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұрттан да қалдырмай, жабындыға алдырмай барлық жинаған сөз байлығын, күйі мен жырын бізге жеткізді. Бұл бәрімізге қымбат мұра, бай қазына!»,- деген болатын заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов. Осы аталы сөздің астарында мемлекеттік тілдің мерейі жатқанын аңғарамыз. Иә, қазір елімізді әлем танып жатқанда, тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақты тәрбиелеу басты міндеттердің бірі. Тәрбиенің негізгі құралы – тіл, ол ұлттың тарихи көрінісі. «Ана сүті бой өсірсе, ана тілі ой өсіреді», — деген дана халық. Олай болса, ата өсиетіне құлақ асып, ананың тілі арқылы бабалар аманатына адал болып жатсақ, бүгінгі тәрбиелеп отырған ұрпағымыз да ұлт мұратына бей-жай қарамас еді.
Қазіргі күні мектебімізде тарихи тұлғалардың галлереясы жасалды. Бүгінгі жасампаздық дамуымыздың көш басында көрініп жүрген, ел есінде сақталған ел перзенттерін де құрметтеп жатырмыз. Жергілікті жердегі туған өңір тарихы мен географиясы да «Туған жерді тану» негізіндегі қолға алынды.
Бүгінде «Рухани жаңғыру-кемел келешек кілті» тақырыбында түрлі әдеби-мәдени кештер өткізу мектебіміздің дәстүріне айналды. Оқушылардың туған елге деген патриоттық сезімін ояту үшін ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастыруды да ұмыт қалдырған жоқпыз.
«Рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты тақырыпта тәрбие сағаттары жиі өткізліп тұрады. Ондағы ұстаным рухани жаңғыруды сипаттау, патриоттық сананы қалыптастыру. Туған елге деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімді ұялату, ұлттық рухты сіңіру. Осындай жұмыстарымыздың арқасында оқушыларымыз рухани жаңғырудың – табысты ел болуымыздың кепілі екенін тәп-тәуір сезініп қалды.
Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басып тұрғанда оқушылардың болашақтағы мақсатын айқындап, бағытын белгілеп беру біздің мақсатымыз. Бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді балалардың қанында қайта түлету үшін күш-жігерімізді қару еттік.
Бала тәрбиесі-жауапты іс екенін жақсы білетін біздер ата-аналармен де арамызды үзбей келеміз. Осы бірлестігім баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына. Болашақта жақсы азамат болуына үлкен ықпалын тигізіп отыр. Ата-аналармен ұжымдасқан ісіміздің басты мақсаты білімді ұрпақ тәрбиелеу ғана емес, алдымен Адамды тәрбиелеу. Шәкәрімнің: Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» — деген сөзі бар. Рухани дүниетаным, түсінік, рух. Осыны бала бойына қалыптастыруды көздеген біздің ұжым оқушыларды ана-тілі арқылы ұлтымыздың сарқылмас рухани қазынансынан сусындатып, өзіміздің дәстүрлі ұлттың дүниетанымыздың арнасында тәрбиелеу.
Бала-болашақ. Оларды қалай тәрбиелесек, болашағымыз да солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балалардды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу, әрине өз қолымызда. Ендеше, еліміздің келешегін тәрбиелеуге біздің мектеп ұжымы да өз үлесін қоса бермек.
Маметхан Айжан,
Астана қаласы, Н.Әбдіров атындағы
№33«Балабақша – бастауыш мектеп» кешен» ММ
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі