И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінде Елбасы Жолдауы аясында әртүрлі іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылып келеді. Осы бағытта колледждің «Политехникалық және жаңа технологиялар мамандықтары» бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру — білім саласының жаңа көкжиегі» тақырыбында онкүндік болып өтті.
Онкүндік барысында оқытушылар мен студенттер арасында түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырылды. Тәжірибелі оқытушы А. Бектасова қазақ әдебиеті пәнінен «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығы. Маржан сөздің марқасқасы» тақырыбына шығармашылық сабақ өткізді. Сабақ барысында студенттер ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасына байланысты мәліметтерді ізденіс жұмыстары арқылы көрсете білді.
Арнайы пән оқытушысы Г. Пирова «Силикат өнеркәсібі. Жасанды силикаттар түрлері, қолданылуы» тақырыбына өткен ашық сабақ барысында студенттердің танымдық белсенділігін арттыруға көңіл бөлді.
Сондай-ақ жас оқытушы С. Жарымбетова «Бұзып, жинау» тақырыбына оқу-тәжірибелік сабағын өткізді. Сабақ барысында студенттер белсенділік әрі қызығушылық танытты.
Топ жетекшілері Н. Иманғазина мен З. Жанибековалар өткізген «Тәуелсіздіктің нұры – тұңғыш Елбасы» тақырыбына ашық тәрбие сағаты барысында Елбасының өмір жолы мен еңбек жолы туралы айтылып, патриоттық пен елжандылыққа баулыды. Тәрбие сағатының барысы студенттер өнерлерімен өрілді.
Арнайы пән оқытушылары А. Сейдахметов пен Г. Мұсабековалардың ұйымдастыруымен «Статика есептерін шығару тәсілдері» тақырыбында «Техникалық механика негіздері» пәнінен қаладағы колледждер студенттері арасында қалалық олимпиада өткізілді. Олимпиада қорытындысында И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің студенттері де жеңімпаздар қатарынан көріне білді.
Оқытушылар К. Тәжімбетова, Б. Ерназаровалар «Рухани жаңғыру – ұлттық жаңғыру» тақырыбына студенттермен семинар-тренинг өткізсе, оқытушы М. Қарақұл «Шеберлік шыңдайды» тақырыбында оқытушылармен педагогикалық тренинг өткізді. Тренинг барысында әртүрлі жаңашыл әдістер түрлері көрсетілді.
Тәжірибелі оқытушы Д. Бекенова «Модули трудовых навыков» (Еңбек дағдыларының модульдері) тақырыбына шеберлік сыныбын өткізді. Іс-шара барысында аталмыш технологияның ерекшелігі мен кәсіптік техникалық білім берудегі тиімділігі туралы мәлімет берді.
Онкүндік барысында студенттерге ұлттық құндылықтарымызды таныту және туған өлке тарихын, Сыр бойындағы жыраулық дәстүрді насихаттау мақсатында оқытушылар А. Қалманова, Г. Мнажадинова, С.Ералиевтердің ұйымдастыруымен ақын Тұрмағанбет Ізтілеуұлының 135 жылдығына арналған «Ұлтымның шайыр дастаны» атты дәстүрлі орындаушылармен кездесу кеші өткізілді. Кездесуге Қорқыт Ата атындағы университетінің дәстүрлі өнер оқытушылары, облыстық филармонияның жыршы-термешілері шақырылды. Кеш барысында ақынның өнегелі өмір жолы туралы студенттерді қызықтырған сауалдарға мәліметтер берілді және жыр-дастандар тыңдалды.
«Туған жерге тағзым» облыстық акция аясында арнайы пән оқытушылары Г.Жапахова, А.Ахметова, Н.Меңліқұлов, М.Кәденова, Г.Жұлдызбайлар «Колледжге тағзым» тақырыбында колледждің түлектерімен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге колледжді бітіріп, әр түрлі салада қызмет атқарып жүрген түлектер, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері қатысты. Шара барысында бітіруші курс студенттері өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша кеңестер алды.
Жалпы кездесу кеші студенттер үшін еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болудың қыр-сырлары туралы жан-жақты мағлұматтар беруімен тиімді болды.
Онкүндіктің қорытынды кешінде іс-шараларды ұйымдастырған оқытушылар мен белсенді қатысқан студенттер марапатталды.
Қарақұл Мейрамкүл, Қалманова Айжан,
И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда
аграрлық техникалық жоғары колледжінің
оқытушылары