Жуырда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрген болатын. Елбасы мақаласы Қазақстан үшін тарихи дамудың жаңа кезеңіндегі асқан өзектілігімен әрі маңыздылығымен ерекшеленеді. Біздің еліміздің алға жылжуы үшін қоғам санасының жаңғыруы аса қажетті қадам болып табылады.
Елбасы мақаласында 21 ғасырда ұлттық санаға қатысты және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың 6 негізгі бағытын атап көрсеткен: латын əліпбиіне біртіндеп көшу, «Жаңа гуманитарлық білім», «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы, жаһандық əлемдегі заманауи қазақстандық мəдениет жəне еліміздің 100 жаңа тұлғасы. Олардың қай-қайсысы да өте маңызды. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз – әлемдік өркениетке еніп, дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған білім, ғылым арқылы ғана жетеміз.
«Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз»,-деді Н.Назарбаев. Сондықтан Елбасы мақаласында заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр. Бұл қазіргі заман талабына сай, технологиялық ортаның коммуникация мен ғылым және білім беру үдерістеріне байланысты болып отыр.
Қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуда жоғары оқу орындарының ғылым, білім беру және жас ұрпақты тәрбиелеуде орны ерекше. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт»,-делінген Елбасы мақаласында.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Елбасы идеяларын насихаттай отырып, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында көрсетілген көптеген бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Университетте «Айналаңды нұрландыр», «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап», «Салауатты өмір», «Green campus» жобалары табысты жүзеге асуда. Бұл жобалар – жастарды азаматтық және рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуге қосқан үлесі болып табылады.
Осы аталған жобалар аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен бірнеше ғылыми-танымдық, тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар өткізді.
Еліміздің Президенті Қазақстанның киелі жерлерін насихаттау мəселесіне басым көңіл бөлді. Аталған мақаланың бір бағыты «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы аясында түрлі іс-шараларды жүзеге асыруда шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының «Саяхат» атты өлкетану клубы белсенді жұмыс істеді.
Бұл жоба еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту, сақтау, дамыту, халыққа таныту, оларды насихаттау, тарихын жете зерделеу болып табылады. Бұл ұлттық бірегейліктің басты тірегі бола алады.
Бұл жобаны жүзеге асырудағы кафедраның мақсаты заманауи қазақстандық мəдениетті əлемге таныту, ұлттық мəдениетті, қасиетті рухани құндылықтарды шетелдік азаматтарға кеңінен таныстыру болды.
Бүгінгі күні кафедрада осы жоба аясында Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи, киелі орындарымен танысу мақсатымен ғылыми-танымдық іс-шарасы жүзеге асырылды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи, киелі орындарға соның ішінде: Арыстан баб кесенесіне, Шәуілдір кентіндегі Отырар мұражайына, «Отырар опаты» болған көне Отырар қаласының орнына, көне құмырашылар шеберханасына, еліміздің түркі тілдес халықтардың рухани орталығы әрі Қазақ хандығының саяси астанасы болған Түркістан қаласына, XV ғасырда Қ.А. Яссауиге арнап тұрғызылған кесенесіне, жер асты мешітіне, Ахмет Яссауи қылуетке түскен жерге, ежелгі Шығыс моншасы мен Жұма мешітіне, Рабия Сұлтан Бегімнің кесенесіне саяхат жасады.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы ежелгі, тарихи, киелі орындарымен танысу елдік бейнеміздің кәусар бұлағы екенін, оның пайда болу тарихы, осы киелі орындары арқылы біз өткен тарихымызды, мәдениетімізді білетінімізді шетелдік студенттерге дәріптеу. Оларды ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды құрметтеуге тәрбиелеуде саяхаттың берері мол болды.
Бұл, біріншіден, қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы шетелдік студенттердің тарихи-мәдени білімдерін көтерудің өзгеше формасы, екіншіден шетелдік студенттердің ой-танымын қалыптастырудың негізі болар бірден-бір жақсы шара болды.
Мақаланың келесі бір бағыты «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы. Бұл жоба арқылы мәдени жауһарларымызды әлемге танытудың жаңа тәсілдері қарастырылады.
Бұл жоба халқымызға жаңа рух, жаңа серпін береді. Тарихымыз да, руханиятымыз да бұл жобаның аясына енеді. Осы жоба аясында кафедрада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы шеңберінде шетелдік студенттерге арнайы ғылыми-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Еліміздің мәдени орталығы саналатын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алматы туралы мұндай іс-шаралар – келген қонақтарға, жастарға, шетелдіктерге заманауи мультимедиялық жүйелер арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде барлық ұлттардың қызығушылығын біріктіретін Алматының бүгінгі көрінісі, мәдени-саяси жүйесінің маңыздылығы туралы, ел мәдениетінің ерекшеліктері жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік берді.
Тағы бір үлкен жоба, бұл – «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Орта ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн: «Өнер, білім – қос қанаты адамның, осыменен білерсің тілін ғаламның»,-деп жазып кеткеніндей, жоба әлемнің озық, заманауи және таңдаулы үлгілері негізінде жастарға жаңа деңгейдегі сапалы білім беруді қамтамасыз етуді көздейді. Біздің кафедрада шетелдік азаматтарға «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы аясында «Әлем әдебиетінің алыбы (Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы)» атты ашық тәрбиелік іс-шарасын өткізді. Шетелдік студенттер «Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы туралы мәлімет алып, «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды екендігі жайлы, сондай-ақ Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсеткенін, бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылғанын, роман-эпопеяның танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болғаны туралы мәліметтермен танысты. Осы өткізілген ғылыми-танымдық шара, яғни мәдениетаралық коммуникация шетелдік студенттерді Қазақстанның тілін, тарихын және мәдениетін құрметтеуге үйретуде өз үлесін қосты деп санауға болады.
Мұғалім әрі филолог ретінде маған Елбасының мақаласында айтылған гуманитарлық бағыттағы 100 ең жақсы оқулықтарды әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аудару туралы жобасы қатты ұнады. Өйткені, бұл біздің жас студенттер мен мамандарымызға білімі жағынан жаһандық бәсекеге дайын болуға әсерін тигізеді.
Ұлт көшбасшысы атап көрсеткен бұл шаралар еліміздің дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне өз септігін тигізетініне сенімдімін. Нақты жаңғыру – білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке талпыну деп санаймын.
А.Е. Саденова
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті,
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасының доценті, филология
ғылымдарының докторы