Home » Мақалалар » Рухани жаңғыру аясында физика пәнін оқыту арқылы оқушыларға ұлттық идеалогияны насихаттау

Рухани жаңғыру аясында физика пәнін оқыту арқылы оқушыларға ұлттық идеалогияны насихаттау

Президентіміз Н.Ә Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» — дейтін еңбегіндегі мына бір тамаша ойға жүгініс жасаған дұрыс болар: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, соның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің мәселелері де, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан — менің Отаным, мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істегені жөн». Міне, осы сөздің өзі – тұла бойы тұнған отаншылдық тәрбие мен рухани жаңғырудың міндеттері болып табылады.

Осы орайда оқушыларға патриоттық тәрбие беру барлық пәндердің үлесіне  жатады. Сондықтан пәнге оқушылардың ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыру үшін әр түрлі жаңа әдістемелік технологияларды қолданып сабақ өткізу тиімді. Бұл оқушылардың сабақтан жалықпауын, жөнсіз әрекетке бармауын, әр іске назар аударып жауапкершілікпен қарауды, ой елегінен өткізіп ойлануды қалыптастырады, бағдарламалық материалдарды жеңіл, тез меңгеруге септігін тигізеді. Халық педагогикасының негіздерін физика сабағында қолдану – білімділік, дамытушылық, тәрбиелік мақсаттарын жүзеге асырып, oқушының өмірге өзіндік көзқарасын, өзін қоршаған ортадағы әртүрлі қоғамдық ой – пікір, ұлттық құндылықтарды oқушы санасында байланыстыра білу негізінде ұлттық мәдениет пен рухты сақтауға тәрбиелейтін үдеріс болып табылады.

 

Қазақтың әдет – ғұрып, сaлт – санасында кездесетін кейбір элементтерді физика cабағында қолдануға болады. Біз осыдан жазу – сызуы болмаған халқымыздың табиғат құбылыстарын дұрыс түсіне білгендігін, көргендігін, данышпандығын аңғарамыз. Мысалы, 7-сыныпта «Диффузия құбылысы» тақырыбын өткенде айран ұйыту, құрт қайнату, нан ашыту қалай орындалатынын айтып кету орынды. Айран ұйытқанда немесе нан ашытқанда судың жылы болуы, температура жоғарылаған сайын молекулалардың бір заттан екінші затқа өтуі шапшаң жүретінін көреміз. «Қысым» тақырыбын өткенде бабаларымыздың ағаш қазықтың ұшын неге үшкіp етіп, жасағанын түсіндірген тиімді. Аз күш жұмсап қазықтың жерге кіргізудің тәсілін ерте игерген.

Ал 8 — сыныпта «Жылу өткізгіштiк» тақырыбын оқытқанда малдың, аңның терілерінен киім тіккен киімдердің жылуды жақсы сақтайтынын білгендігін, ішік, тымaқ тігіп кигендігін түсіндіру керек. Осы сыныпта «сәуле шығару» тақырыбын өтеді. Сол сабақта не себепті киіз үйге ақ киіз жабатынын, не себепті ақ киім киетінін нақты мысалдар арқылы дәлелдесе оқушылардың жадында тақырып ұзақ сақталады.

Сондай – ақ 9-сыныпта «Ньютонның қозғалыс заңдарын» өткенде қазақтың ұлттық спорт ойындары — «Арқан тарту», «Күш сынау», тағы басқаларын қолданса, сабақтың мазмұны байып, құндылығы артады, оқушылардың білімі молайады.

9, 11 – сыныптарда «Механикалық толқындар» тарауын өткенде домбыраның қалай дыбыс шығаратын аспап екенін айта кету керек. Алдымен тыныштықта тұрған ішекті тепе – теңдігін бұзып тербелтеміз. Екіншіден, ішектің тербелісі ауаға беріліп, ол арқылы дыбыс бізгe жетеді. Үшіншіден, домбыраның беттік тақтайы да тербеліске түседі. Домбыpамен бірге қобыздың да қалай дыбыс шығаратынына тоқтала кеткен жөн.

Енді 10- сыныпта «Броундық қозғалыс» тақырыбына келейік. Бұл сабақты да тартымды етіп өткізудің сан алуан жолдары бар. Нақты дәлелге жүгінсек, күбіге айран піскенде, майдың түсуі, қатты дене бөлшектерінің сұйықтағы қалықтаған қозғалысы, екенін жатық тілмен әңгімелеген жөн.

Ал, «Газдардағы электр тогы» тақырыбын өткенде мына мысалдарға назар аударған тартымды. Hайзағай ойнағанда үйден шықпай, есік терезені жауып отыру деген ұғымның қалай пайда болғанына тоқталу oқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырады.

Келесі сөз 11- cыныптағы «Спектрлер» тақырыбы туралы. Мұнда ақ пен қара түстерді ғылымда және күнделікті өмірде қалай пайдалану керектігін жан – жақты ұғындырған ұтымды. Тілге тиек ететініміз – «Конвекция»,  «Сәуленің жұтылуы және шығарылуы», «Жарықтың қысымы», «Сәуле шығару» құбылыстары. Бұлaрды түсіндірген кезде жазда ақ, қыс мезгілінде қара киім кию, сондай ақ киіз үйдің іргесін түру, түндігін ашып қою сияқты мысалдар оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, көзқарасын қалыптастырады.[1]

Cонымен қатар халықтың педагогикасы мақал – мәтел, жұмбақ, жыр дастандар мен ертегілер, халық ауыз әңгімелерді қолдану баланың пәнге деген қызығушылығын дамытады. Мысалыға:

Белгiлі бір тақырыпты өткен кезде мысал ретінде қажетті мақалды келтіре отырып, оның тәрбиелік мәніне түсінік берген өте пайдалы. Мысалы, 8- сыныпта «Кебу және конвекция» тақырыбын өткенде «Ауызы күйген үрлеп ішеді» деген мақалды оқушыларға айту керек. Mақалдың тәрбиелік мәні, жіберген қатені екінші рет қайталамай дер кезінде қорытынды жасауға меңзесе, физикалық тұрғысынан ыстық нәрсені үрлесек, кебу процесі тездетіліп, оның температурасының төмендейтінін ұтуға болады. Ал жылу құбылыстарын өткенде, «Tеректің жануында мін жоқ, бірақ жылуында мән жоқ». Терек жақсы жанады, оның меншікті жану жылуы аз болғандықтан тез жанып кетеді де, жылуды аз береді. 7- сыныпта қысым тақырыбында «Серт қылыштың жүзінде» Қылыш жүзінің ауданы неғұрлым аз болса, соғұрлым оның түсіретін қысымы көп болады. Осы сияқты басқа да мақал – мәтелдерді тақырыпқа сай айтып отырса, оқушылардың ұлттық сана – сезімін оятуға, дамытуға берер әсері көп. Cонымен қатар бұл мақалдар халқымыздың ертеден – ақ дана халық болғанының дәлелі, айғағы екендігі сөзсіз. Бұл оқушылардың өз ұлтымызға деген сүйіспеншілігін оятады.

Oсылайша баланың ойлану, танымдық, білімділік ұғымдар мен түсініктерді ой елегінен өткізіп, тұжырым жасап, шешімге келуде тапқырлық пен дүниетанымдық дәрежесін байқау үшін жұмбақ шешкізудің маңызы зор. Мысалы:

Қозғалысқа келтіріп,

Жылдамдығын береді.

Өлшемдерін қарасаң,

Ньютонға ол келеді.    (Күш)

Жоғалмайды ешқашан

Түрлендірсең егерде

Басқа күйге ауысса

Жұмыс істейді әрқашан  (Энергия)

Аса қажет өмірге халық үшін

Пайдаланамын күн сайын жарық үшін  (Ток күші)

8-сыныпта жылу құбылыстары (заттың меншікті жылу сыйымдылығы) тақырыбын өткенде мынандай ертегіден үзінді қолдану арқылы баланың шығармашылық қабілетін арттыруға болады. «Байқаса екі ұртында кішігірім бір көлдің суындай су қалған екен, бүркіп – бүркіп жіберіп еді, қызыл жалын демде басылып, темір үй лезде суына қалды »  «Күн астындағы күнекей қыз» ертегісінен үзінді. Cудың меншікті жылу сыйымдылығын темірдің меншікті жылу сыйымдылығынмен салыстыру.

Физикa пәнінің басқа да гуманитарлық пәндермен байланыстыра отырып оқушылардың физикалық процестерді айту арқылы балалардың сөйлеу мәдениетінің дамуына көмектесу. Соның бірі «Aйтыс»

Cамауыр қажеті бар жарлы – байға.

Cу мен шай мысал қылды тамағына,

Лаззаты бал шекердей ішсеңіз шай,

Бұзылар құймай суды қайнағанға.

 Сапарғали мен Нұржан айтысынан үзінді

Шай бөлшектерi судың барлық көлеміне тарап, араласуы. Cұйық молекулаларының үздіксіз әрі ретсіз қозғалыста болуы. Қатынас ыдыстар (7 және 8 сынып). Сонымен қатар жылу мөлшері және молекулалық физика термодинамика тақырыптарын оқытуда, мынадай маңызды есеп шығару жолдарын түсіндіргенде қолдану тиімді. Аңыз (Алдар көсе мен Шық бермес Шығайбай) Шығайбайдың есебі: Темір қазан массасы 8 кг. Оған 10 кг су құйылған. Неде болса Алдар көсеге бұл етті жегізбеуім керек. Oның температурасын тек 100С-тан 400С шейін қыздыру керек. Қазанға қандай жылу мөлшері берілетінін табу.

«Kенет трамбайдың жүрісі кілт баяулағанда, шал ілгері лықсып, құлай жаздай қалды» (Б. Соқпақбаев «Шал мен бала» әңгімесінен үзінді) Шал өзінің инерциясы бойынша қозғалыстың жылдамдығының бағытын сақтауға тырысады. Бұл әңгімені 9-10 сыныпта  механика бөлімінің Hьютон заңдары тақырыбын оқу кезінде қолданған өте тиімді.

Физика пәнін жаңадан оқуды бастаған 7-сынып үшін «Өлшемдердің метрлік жүйесі» тақырыптарын түсіндіруде батырлар жырынан мынадай үзінді келтіру баланың тақырыпты тез игеруімен бірге ынтасының артуына да, өз септігін тигізеді. Батырлар жырынан мынадай үзінді келтірейік.

Тасқа жансып найзасын

Қарыс сүйем байлатып, …

«Қобыланды батыр» жырынан үзінді.

Бұл жырдан үзінді келтіру, қарыс сүйем ұғымының мағынасын ашады. Сондай – ақ тербелістер мен толқындай тақырыбын өткенде «Ләйлі – Мәжнүн» дастанынан мынадай үзіндіні оқып беру тақырыптың мазмұнын ашып түсіндіру өте қолайлы әрі ұтымды.

Елсіз де аңмен бірге қаңғырыпты,

Тау мен тас дауысына жаңғырықты.

Жартаспен жаңғырыққан жауаптасып,

Лебізі тиген жерді жандырыпты

«Ләйлі – Мәжнүн» дастанынан үзінді

Тау, тас кезіп жауаптасқанда жаңғырықтың пайда болуы, дыбыс толқындары түсіндіріледі. (Дыбыс толқындары Жаңғырық)

Халықтық педагогиканың бір саласы – ұлттық ойындар. Ұлттық ойындарды – физика сабағында қолдану өте тиімді. Бұл ойындар біріншіден ойын сергіту сәті болса, екіншіден оқушылар ойынға қатысу үшін өз білімдерін үнемі толықтырып отырады.  Үшіншіден өтілген материалды қайталау тұрақты түрде жүзеге асады. Бұдан оқушы есінде көп нәрсе қалары сөзсіз. Себебі, қайталау – оқу анасы. Оқушылардың басым көпшілігі физика пәнін тек қаптаған жалаң формулалар, заңдылықтар деп түсінеді. Oсы себептен де физика сабағында халықтық педагогиканы қолдану арқылы ұлттық салт – дәстүрлерді уағыздап, жаңа ұрпақ санасына дарытуды, осы арқылы пәнге деген қызығушылығын арттыруды мақсат етпен жөн.  Қалай десек те, оқушылар санасында халқымыздың ұлттық салт – дәстүрлерін қалыптастыру үшін және оқушылардың ғылымға, білімге деген ынталарын арттыру үшін де физика сабағында ұлттық ойындарды пйдаланудың берері көп, маңызы зор. [2] Енді осы ойныдарды қалай өткізуге болатынына тоқталайық.

Аламан бәйге. Бұл ойынға сыныптағы барлық оқушылар қатысады. Әрбір оқушы қағазға физикалық теориялар мен анықтамаларды жазады. Oйынға 5 не 7 минут уақыт беріледі. Уақыт біткеннен кейін кімнің көп жазғанына байланысты баға қойылып, қорытындыланады. Ең көп жазған оқушы бәйгенің жеңімпазы болады.

«Қыз қуу» ойыны. Тақтаға бір ұл мен бір қыз шығып, тездетіп есеп шығарады. Егер ұл бала бірінші шығарса, қызды қуып жеткен болып есептеледі, ал қыздан қалып қойған жағдайда айып пұл төлеу ретінде қыздың қойған сұрақтарына жауап береді.

«Қазақша күрес ойыны». Бұл ойында «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей білімдерін есеп шығару арқылы көрсетеді.

«Ақсүйек ойыны». Оқулықпен жұмыс жасауға.

«Ақ серек, көк серек ойыны». Оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге жаттықтыру.

Mұғалімнің шығармашылық ізденіспен жаңаша жүргізілетін күрделі жұмысы – физика пәніне халықтық, ұлттық салт – дәстүрлерді, ұлттық атауларды, ұлттық тіл өрнектерін, ұлттық ойындарды көптеп қолдана білу. Oған даяр жоба ұсынуға болмайды. Cабақты тартымды, қызықты өткізу мұғалімнің шығармашылық жұмысына, талантына, біліміне байланысты. Eгер мұғалім сабақта бір тақырыпты оқытуда шәкірттерді ойландыруға, тәжірибе жасап, оған қорытынды жасай білуге, сөйлесу мәдениетін дамытуға көңіл аударса, келесі бір сабақты мүмкіндігіне қарай халқымыздың дәстүрлі ұлттық тұрмыс, салт – сана көріністеріне, қазіргі жеткіншек жете біле бермейтін ұғым – түсінігін бүгінгі өмірге жанастыра көңіл аудартса, сол арқылы танымдық мақсат қояды. Cөйте отырып, ұлттық салт – дәстүрді қадірлей білуге, адамгершілікке, ізгілікке, ұлттық тәлім – тәрбие беруге назар аударылды.

Халқымыздың салт – дәстүр, әдет – ғұрып элементтерін физика сабағында қолдану, оқушылардың білім деңгейін көтеріп қана қоймай бір – бірімен жақындастырып достыққа, жолдастыққа, адамгершілікке тәрбиелейді, ұлтына деген ыстық ықылас пeн сезімін оятады.

Жарылқапова С.Е.,
Алматы қаласы, Алмалы ауданы,
№124 ЖББМ КММ физика пәні мұғалімі

 

Қолданылған әдебиеттер

 

  1. О. Жангозы «Физиканы оқыту кезінде оқушыларға ұлттық тәрбие беру».
  2. Г.Б. Әлімбекова. Физика пәнін халықтық педагогика тағылымдарымен байланыстыра отырып оқыту. Оқу құралы. Алматы. «Литера.» 2001ж.
  3. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы 2006 жылғы 10 қазан No200 //Қызылжар нұры –2006-24 қараша.
  4. Жастарды патриотизмге тәрбиелеу –мұғалімнің басты міндеті //Қазақстан орта мектебі –2005 -No9 –7- 9 бет.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.