Рухани жаңғыру «болашаққа бағдар» жобасы аясында
Кеше, Ақсу қаласындағы №2 бөбектер бақшасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру «болашаққа бағдар» жобасы шеңберінде тағылымға толы ертеңгілік өтті.
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде ортаңғы «А» тобының тәрбиешілері: Анар Еденова, Жанар Садуакасова және ән-күй жетекшісі Гүлмира Жунисованың ұйымдастыруымен өткен маңызы мен мағынасы зор айтулы іс-шараға Ақсу қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі білім беру жөніндегі әдіскері Зайра Абдрахманова, қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Жауаш Рүстем, ата-аналар және республикалық «Білім айнасы» газетінің тілшісі Айгүл Молдаш шақырылды.
Балабақша басшысы Айгүл Артанайқызы келген қонақтарды ән-күй бөлмесіне бастады. Аумағы атшаптырым жарық бөлменің терезелеріне алтын түстес атлас перделер тұтылып, еденіне ақшыл түсті үлкен кілем жайылыпты. Дәл төрге жағалай кішкентай орындықтар қойылған. Оларға бекітілген көкшіл, сары шарлар да бір қарағаннан әсерлі көрінді. Көп күттірмей, ертеңгілік те басталды. «Қазақстаным» әні ойнап, ұлттық киім киіп, қолдарына Мемлекеттік Ту үлгісіндегі кішкентай жалаушалар ұстаған бүлдіршіндер бар сән-салтанатымен адымдай басып, бөлмеге кірді. Олар жарты шеңбер бойымен қаз-қатар тізіліп тұра қалды да, қолдарымен жүректерін басып, Мемлекеттік Әнұранды айта жөнелді. Бәрінен бұрын, балдырғандардың еркелігі басым сәби үндері, кіршіксіз сенімдері, томпиған тұрыстары, үлкендермен бір демде сәлемдесулері жиналғандарды серпілтіп, езулеріне күлкі үйірді.
Бұдан соң жүргізуші апайларының «Біз қай мемлекетте тұрамыз?», «Еліміздің Президенті кім?» деген сауалына: — Біз Қазақстанда тұрамыз, Еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, — деп бар дауыстарымен жамыраса жауап берді.
Адамзат бойына ана сүтімен дарыған рухани азық, ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келген ұлттық мәдениетіміздің алтын қазығы, ол – Ана тіліміз бен тәу етер Тәуелсіздігіміз. Балабақша өрендерінің бүгінгі мерекелік бағдарламасына тұздық болған да осы тақырыптар екен. Олар Туған жер, Қазақстан, Бейбітшілік, Ана тілі туралы жаттаған тақпақтарын жатқа айтып, тыңдарман қауымды тамаша ән, таңғажайып билерімен тәнті етті. Бұған қоса, шапшаңдыққа, тапқырлыққа, зеректікке баулитын «Теңге алу», «Қыз қуу» ұлттық ойындары да өз мәресіне жетті.
Іс-шараның келесі кезеңі сайыс түрінде ата-аналардың қатысуымен жалғасты. Мұнда ата-аналар мен балалар жеке топтарға бөлініп, өздеріне берілген тапсырмаларды орындады. Бірінші топ дәнді-дақылдар мен қатырма қағаз, желім, маркердің көмегімен оюдың, екінші топ Бәйтерек монументінің бейнесін құрастырды. Ал, үшінші топ болса, киіз үйдің керегебауын түрлі-түсті асықтармен безендірді. Жарыс барлық топтар үшін тең дәрежеде тәмамдалды.
Ертеңгілік соңында «Әрқашан күн сөнбесін!» әні шырқалды. Меймандар балдырғандардың шығармашылық өнері мен мекеменің іскер, білікті ұжымына алғыстарын білдірді.
Айгүл МОЛДАШ,
Білім айнасы,
Павлодар