Мемлекет басшысының 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына сәйкес латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілді. Осыған орай, Қызылорда қалалық білім бөлімі тарапынан білім беру ұйымдарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылып, №198, №1 мектеп-гимназия, № 23, 10 мектеп-лицейлер және «Алтын ұя» балабақшасы ұжымдары, ұстаздар қауымы ортақ іске үлес қосатындықтарын жеткізді.
Бүгін №278 орта мектепте өткен осындай жиын «Латын әліпбиіне көшу- рухани жаңғырудың басты құндылығы» деп аталды. Онда Қорқыт Ата атындағы ҚМУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жайлы айтып өтті. Осыдан кейін мұғалімдер арасында «Латын әліпбиін қаншалықты білеміз?» атты тренинг ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелдің «Еркін микрофон» бөлімінде әліпбиді тез үйренудің жолдары талқыланып, бейнебаян көрсетілді.
Ұстаздар қауымы шарада латын әліпбиіне көшу – әлеммен байланысқа жол ашып, ұлтымыздың рухани жаңғыруына жол ашады деген байлам жасады.
М. Ақынұлы,
тілші
Қызылорда қаласы