Home » Балабақша » Рухани жаңғырудың жарқын жолы — балабақшада

Рухани жаңғырудың жарқын жолы — балабақшада

Қазіргі таңда барлық мектепке дейінгі білім беру орындарында  мектепке дейінгі ұйым мен отбасының  ынтымақтастығы артып, жаңартылған білім беру  бағдарламасы бойынша  жұмыс жасап күннен –күнге түрленіп келеді.
18 сәуір күні  Қызылорда қаласы білім бөлімінің «№31 «Алтын кілт» балабақшасы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында  “Рухани жаңғырудың жарқын жолы- балабақшада” атты  ашық есік күні өтті.  Ашық есік күнінің мақсаты — мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне сәйкес білім, білік дағдыларын, рухани адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру,“Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясына негізделген жалпыадамзаттық құндылықтарға, ұлтжандылыққа және толеранттылыққа тәрбиелеу.
Ашық есік күніне  «Номад лайв» Бастауыш партия  ұйымының төрағасы Қарғабай Ғани Болатұлы, Қызылорда қоғамдық телеарнасының тілшілері, ата-аналар, балабақшаның ұстаз ардагерлері қатысты. Ашық есік күніне   арнайы жоспар құрылып, балабақшаның күн режиміне сәйкес  түрлі бағытта жұмыстар көрсетілді. Кең әсем безендірілген залда  бүлдіршіндердің саф таза жүрегінен шыққан өнерлеріне риза болып қол соққан көрермендердің шапалағы  бүлдіршіндердің шабытына шабыт қосты. Бірі тал шыбықтай мың бұрала билесе, бірі бұлбұл құстай ән шырқады. Ал, Бегайдар Айару Манасқызы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына  арналған «Қызылорда-сүйікті қалам!» тақырыбында ғылыми жобасын таныстырды.
Одан әрі  балабақшаның әрбір тобында арнайы балалармен мамандар түрлі бағытта жұмыстар көрсетті. Ортаңғы «Ақбота» тобында «Ертегілер елінде» тақырыбында драматизация, «Ертөстік» екінші кіші тобында «Қоянға көмек» тақырыбында режимдік кезең, ересек «Жауқазын» тобында   «Алтын сақа» инттеллектуалды ойыны, «Петушок» ортаңғы орыс тобында «Папа, мама и я- спортивная семья» тақырыбында отбасылық сайыс өтті. Сонымен бірге балабақша қызметкерлері балалармен  дидактикалық және қимылды ойындар, ұжымдық жұмыстар, тәжірибелер, емдік дене шынықтыру жұмыстарын ұйымдастырды.
Негізінен  № 31 «Алтын кілт» балабақшасы 1972 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан қаншама тарихи кезеңді бастан  өткерген киелі шаңырақ. Бұнда  барлығы 12 топ жұмыс жасаса, оның  8-і қазақ тобы. Балабақшада жоғары білімді және тәжірибелі мамандар жұмыс жасайды. Бұл күнде қалалық, облыстық, республикалық деңгейде  түрлі байқау, жарыстарға қатысып жоғары деңгейдегі марапаттарға ие болып, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүр.
Бақытты балалар нұрлы болашақ сыйлаған Елбасына деген алғыстарын әнмен әрлеп, «Тәуелсіз Қазақстан» әнін әуелете шырқағанда ата-аналар шыныменде бақыттың мекеніне айналған  «Алтын кілт» балабақшасы ұжымына шексіз алғыстарын шын  жүректен жолдады.

                                                                             Анар Елеусізқызы,
Қызылорда қаласы,
Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.