Home » Мақалалар » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ — ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕУ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ — ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕУ

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің дана сөзінің маңыздылығы күннен күнге артып келеді. Өйткені әрбір білім алушы өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын да білуге тиіс. Егер қоғамның дамуы білімді де білікті адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беретін ұстаздарымыз тың идеялармен қаруланған, жаңашыл болуы керек екені сөзсіз. Білім мен тәрбие жүйесі қоғам дамуымен бірге жаңарып келеді.

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің бүгіні мен жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін алға қойған маңызды міндеттерді нақтылап берді. Білім берудің жаңа сапалық көрсеткіштерінің нақты бағдарламасы ретіндегі жолдаудың «Адами капитал-жаңғыру негізі» білім саласындағы жетінші міндеті білім беру саласын дамыту бойынша маңызды міндеттерді айқындап берді. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі ұлттың терең тари хынан бастау алатын рухани ұстынды сақтап қалу. Тарихтың белестерінен сүрінбей өткен құндылықтарымыз бен озық дəстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте, Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек», − екенін атап көрсетті. Президент рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нəрсенің басын нақты ашып беріп отыр. Оның бірі – ұлттық код, ұлттық мəдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея – болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау. Елбасының идеясы тарихқа деген көзқарасты түзету мен ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту жайлы болып отыр. Рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс. Ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту арқылы жас ұрпақтың санасына патриоттық тәрбиені сіңіру рухани жаңғыруға негіз болады. Яғни замана сынынан сүрінбей өтіп, ата-бабамыздан жеткен озық дәстүрлерді ұрпақ санасына сіңіре отырып, жаңғырта білуіміз қажет. Сондықтан, рухани жаңғыру елдің ұлттық-рухани құндылықтарынан, әдебиеті мен мәдениетінен нәр ала алу керек және ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту екені анық. Бұл қажеттілік адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігінен туындайды.

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізгі идеялары Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиялық жолдауында: «Олар… күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады»,-делінсе, ҚР-ның «Білім туралы Заңында» «Білім беру жүйесінің басты міндеттері азаматтық пен елжандылықты, өз Отаны ҚР-на сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін қастерлеуге, әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгеру» делінген. Осыған орай, бүгінгі жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, жеке тұлға талабы, қоғам қажеттілігі.

Егеменді еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеуде әдебиет пәнінің орны ерекше.   Жаңа оқу бағдарламасының басты бағыты оқушылардың ақыл-ой қабілеті мен тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына, тілдік-эстетикалық талғамдарының дамуына, коммуникативтік құзыреттіліктерінің жетілуіне, өмірлік дағдыларын шыңдауына, өздігінен білім алуына мүмкіндік туғызу. Сонымен қатар, пән бойынша бағдарлама оқушыларды ұлттық мәдениет пен әдеби мұраларды түсінуге, қазіргі заманғы әдебиетті бағалай білуге үйретеді. Қазақ әдебиеті – қалыптасқан тарихы бар, әлем әдебиетінде өзіндік орнымен ерекшеленетін бай әдебиет. Әлем әдебиетіне қосар үлесін ғаламдық мәдениетпен ұштастыра отырып, пән ретінде оқушылардың танымдық әлеуетін кеңейтеді. Жалпы білім беретін мектептерде әдебиетті оқытуда қазақ әдебиетінің мазмұнын, стилін, идеяларын және жанрын бағалай білу, талдау жасау, шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуға баса назар аударылады. Қазақ әдебиетін оқу барысында оқушылардың көркем шығармалардағы көтерілген мәселелерді жан- жақты талдау, бағалау, өзіндік ой айту дағдылары қалыптасады, бұл рефлексия дағдыларын дамытуға мүмкіндік туғызады.

«Қазақ әдебиеті» пәні бойынша оқу бағдарламасының мақсаты оқушыларды шығармашылық ойлауға бағыттау, олардың өз ойларын ауызша еркін жеткізуіне және жаза білуіне қолдау көрсету, дәлелдер келтіру, салыстыру және талдау, бағалау дағдыларын қалыптастыру. Оқушылар әдеби жанрларға эксперимент жасау арқылы драмалық шығарманы проза тілімен, прозаны поэзия тілімен жазу тәсілдерін меңгере алады. Теориялық материалдар оқушының қазақ әдебиеті туралы ұғымдарын кеңейтуге, әдебиет туралы дүниетанымын қалыптастыруға және адамзатқа ортақ ойларды, дилеммаларды, проблемаларды зерттеуге мүмкіндік береді. Қазақ әдебиеті білім деңгейі, ой-өрісі дамыған, әдеби тіл және әдеби формалар арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін өмірге бейім ұрпақ тәрбиелейді.

Қазақ әдебиеті туындылары жасөспірімдердің рухани қажеттіліктері мен даму мүмкіндіктеріне сәйкестендіріле, қазақша ойлау және сөйлеу, жазу, тыңдағанын түсіну, монолог, диалог, пікірталас жасау дағдыларын қалыптастырып, талдап, тану негізіне сәйкес құрылған.

Оқушылардың бастауыш сыныпта қалыптасқан оқылым дағдысы бойынша дайындықтары ескеріліп, көркем шығарманың ішкі мазмұндық дүниесіне бойлау міндеттері бастапқы орынға қойылып отыр. Оқушылардың оқырмандық қабілеттерін қалыптастырып, дамыту бағдарын ұстана отырып, мәтінді түрлі қырынан талдау, көркем детальдарды меңгере отырып, оны өзінің өмірлік тәжірибесінде сөйлеу, жазу, тыңдау, оқу барысында сауаттылықпен қолдануға үйрету бағдарламаның басты ерекшелігі. Қазақ әдебиеті қазақ тілімен аса тығыз байланыста қарастырылады, себебі тіл – әдебиеттің бастау көзі. Ал әдебиет – бастаудан шыққан сөйлеудің, тілдің ең жоғарғы, аса үлгілі қазынасы, кемел өрнектері. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті бағдарламаларының түйісетін нүктелері көркем мәтінді талдау жүйесі болып алынып отыр. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің тарихпен және тағы басқа пәндермен байланысы сақталады. Тұтас ұлттың бейнесін, қазақ халқының бейнесін сомдаған әдеби шығармалар – Тәуелсіз Қазақстанның Мәңгілік Елге айналуына қазық болатын сенімді тіректер. Бағдарлама оқушының өзінің ішкі рухани құндылығын және сыртқы дүниемен коммуникативтік қарым- қатынас жасау дағдысын қалыптастыруды көздейді.

Жаңа бағдарлама бойынша пәнді оқытуда кең ауқымдағы дағдылармен бірлікте жеке қасиеттердің дамуы «қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік», «құрмет», «ынтымақтастық», «еңбек пен шығармашылық», «ашықтық», «өмір бойы білім алу» сияқты білім берудің басты құндылықтарды оқушыларға дарыту негізі болып табылады. Бұл құндылықтарды оқушының тәртібі мен күнделікті іс-әрекеттерін ынталандыратын тұрақты тұлғалық бағдары болуы тиіс. Сондай-ақ оқушыларды ұлттық мәдениет пен әдеби мұраларды түсінуге, қазіргі заманғы әдебиетті бағалай білуге үйретеді, креативті ойлауға бағыттайды.

Қазақ әдебиеті пәнін оқу арқылы оқушылар қазақ әдебиетінің құндылық ретіндегі болмысын, ұлттық мәдениеттегі маңызды орнын құрметтейді және бағалайды, қазақ әдебиетінің мәдениетаралық қарым-қатынастағы рөлін, қазақ халқының қалыптасқан тарихын біледі. Сондай-ақ әдеби шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық мәселе, идеясы, кейіпкерлердің типтерін тек тұрғысынан сипаттай біледі. Шығарма композициясындағы белгілі бір эпизодтың алатын маңызына негіздеме жасап, әдеби көркемдегіш құралдарды пайдаланып шығармадағы табиғат көрінісін, оқиға орнын, кейіпкер бейнесін сипаттап жазып, шығармадағы метафора, кейіптеу, метонимия, гипербола, литота, аллегория, антитеза, градация, арнау т.б. көркем ауыстыруларды табады, талдай біледі. Шығарманың тарихи және көркемдік, материалдық және рухани құндылықтарына, кейіпкерлер жүйесінің заманауи жаңашылдығын өзара салыстырып баға береді.

Халық ауыз әдебиетінің туындыларындағы ел қорғау, батырлық істер, ұлттық дәстүрлер халықтың ой-тілегі, Тарих тағлымына адалдық, би-шешендеріміздің үлгі-өнегесін беріктік, шешендікке, өз елін сүюге деген құштарлық та сөз өнерінің бір саласы әдебиет пәні арқылы жүзеге асады.

Көркем шығармалар, ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылықтарын оқыту жеке тұлғаның өз елінің ұлылары мен халықтың тарихын тануына кең жол ашады.

Әдебиетті оқыту – ғылым, шығармашылық құбылыс. Олай болса, оқытудың нәтижелі, жемісті болуы, тәрбиені ұлттық бағытта өрістету, әдіс-тәсілдерді жүйелі қолдана білуге байланысты.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақ тілді мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық
  2. Қазақ тілді мектептердегі «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша 5-9 сыныпқа арналған оқу бағдарламалары
  3. www.bilimnur.kz халықаралық интернет журналы.

    Сәрсенова Нұрбибі Қонысқызы,
    «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
    Атырау облысы бойынша педагогикалық
    қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
    «Инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыс (гуманитарлық)
    пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.