Home » Мақалалар » Рухани білім. Оқушылармен өткен кездесу

Рухани білім. Оқушылармен өткен кездесу

Ахмет Яссауи – халқымыздың, шығыс мұсылмандарының рухани ұстазы, байырғы мәдениетіміздің тарихында ерекше орны бар ұлы ақын. Ол адамдарды өзін-өзі тазартуға, өзін-өзі жетілдіруге шақырды. Түркі тілдес халықтарды әлеуметтік-саяси, өзінің даналық ойымен тамсандырған Ахмет Яссауи Қазақстанның діни ілімі тарихынан тиісті орнын алғаны сөзсіз. Оның мұрасын танып-білу, зерттеу, оны қоғам игілігіне пайдалану, Қазақстандық дінтанушылардың жиі қарастыратын мәселесі. Осы мақсатта жуырда Түркістан қаласындағы «№22 жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Бұл жиынға Халықаралық Қазақ-Түрік университеті «Дінтану» кафедрасының оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, яссауитанушы Зікірия Жандарбек мырза мен дінтану мамандығы магистратурасының 2 курс студенті Назерке Атымтаева, мектеп басшылығы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г. Бекбергенова, тәрбие жөніндегі орынбасары Б. Айтуреев, қосымша білім беру педагогы Қ. Тәжібаев, тарих пәнінің мұғалімдері, 9-11 сынып оқушылары қатысты. Аталған іс-шарада «Яссауи құбылысы» атты тақырып бойынша келген қонақтар өз ойларын ортаға сала отырып, жастарымыздың қоғамдағы көзқарастарының дұрыс бағытқа бұрылуына сеп болды. Зікірия мырзаның айтуынша, Яссауидің ілімі адамды ішкі еркіндікке жетелейтін, ар түзейтін ілім. Бұл ілім Құрандағы «кемел адам» мәселесін алға көтере отырып, кісінің жанын түсінуді мақсат етеді, ішкі жан дүниенің тазалығы, рухының өсуі Яссауидің хикметтерінде қарапайым халықтың ұғымына, діни түсінігіне лайықты етіп айтылған. Осы себептен де Яссауи өзінің ілімі жайында: «Менің хикметтерім Алладан пәрмен, Оқып ұққанға бар мағынасы — Құран», екендігін айтқан. Магистр студенті Н. Атымтаеваның пікірі де осыған саяды. Осыдан соң мектебіміздің 9 сынып оқушылары Яссауи бабамыздың хикметтерін жатқа айтып, бізге келіп жеткен аңыз-қиссаларын баяндады. Түркістан қасиетті, киелі жер болғандықтан, ондағы жастар да Яссауи сынды тұлғаларды құрмет тұтып, оның ілімімен сусындап, хикметтерін жатқа біліп өсуі шарт. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Диуани Хикмет» атты жинағынан халқымыздың ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, еліміздің этнографиясына қажетті құнды деректерді табуға болады. Айта кетерлік жайт, елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқан, «Егер қазақтардың рухани тарихын жазар болсақ, Яссауидің хикметтері сөзсіз оның бір бөлігі болып кіруі тиіс» — деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, Яссауидің жолын, оның хикметтері мен ілімін, діни ағартушылық көзқарасын дамытуымыз қажет екендігін ескерткен. Оңтүстіктегі сапарында «Біздің рухани тірелер жеріміз – Яссауи, гуманистік піріміз – Абай, патриоттық тәрбие жайлы сөз болғанда, Бауыржан Момышұлының батыр тұлғасына жүгінеміз» деп өз ойын білдірген. Сондай-ақ, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Ұлттық бірегейлікті сақтау бөлімінде ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда қалу керек» делінген. Халқымыздың ұлттық салт-санасы мен дінін үйлестіре білген Қожа Ахмет Яссауи сынды тұлғаларымыздың жүріп өткен жолы мен діни ағартушылық көзқарастарын ары қарай дамытуымыз керек. Сонда біз биік дамуға ұмтылған, өркениетті елімізге өз үлесімізді қоса аламыз.

Ә. Қалматаева,
«№ 22 жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі,
«Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімі,
ОҚО, Түркістан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.