Home » Жаңалықтар » РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ БЕРУ ЗАМАН ҚАЖЕТТІЛІГІ

РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ БЕРУ ЗАМАН ҚАЖЕТТІЛІГІ

Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен  туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі білсем екен демекілік. Не көрсе соған талпынып, “Ол немене?”, “Бұл немене?” деп, “Ол неге үйтеді?”, “Бұл неге бүйтеді?” деп, көзі көрген,  құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегені. (А.Құнанбаевтың жетінші қара сөзі)

Баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы қалыптасады. Еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің негізгі мақсатымыз.

Тәрбие – күрделі үдеріс. «Тәрбие отбасынан басталады» деп халық даналығы бекер айтпаған. Саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Еліміздің болашағының тізгінін ұстар тұлғаның бойына білімнің нәрін, тәрбиенің иісін сіңіруміз қажет. Ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн, себебі бала ата-ананың өмірінің жалғасы. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп өткен ғасырдың ұлы тұлғасы А.Байтұрсынұлы айтқандай, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса елдің болашағы зор болмақ.

«…Біз әлдеқашан ұмытып, қаперден шығарып алған ғасырлар бойғы рухани-адамгершілік білімді қайта жаңғырту қажет. Міне, біздің қазіргі қоғамымызға жетісе бермейтін рухани діңгек дәл осы болса керек», – дейді Сара Алпысқызы Назарбаева «Өзін-өзі тану маржандары» авторлық жинағында. Шынымен, жас ұрпақтың бойындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың іс жүзінде Адам деген атқа лайықты көрініс табуы жетіспей, ұлттық құндылықтарымыздың жойылып, бұрмаланып жатқан заманда оны келер ұрпаққа сауатты түрде жеткізе аламыз ба, деген ойлар көңіл алаңдатады. Бүгінгі таңда қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіздіктер осының айғағы. Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, ғаламдану процесі ізгілікті қоғам құруға кері әсер етіп отырғандығы жөнінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру жағдайындағы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде бірқатар проблемаларды алға тарта отырып жіктеп береді. Бұл мәселелердің барлығы «Мәңгілік Елдің» болашағының тізгінін қолына ұстап отырған жас ұрпақты аталған мәселелерден арылтудың мақсатты, жүйелі және тиімді жолдарын қарастыруды, оны сауатты әрі сапалы іске асырудың кезек күттірмейтін мәселе екені айдан анық.

Медицина ғылымының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы Советхан Ғаббасов: «Болашағымыз жаны мен тәні сау, рухы бүтін ұрпақтың қолында»,- дей отырып, бала тәрбиесі туралы маңызды ойларын былайша сабақтайды:

Бала тәрбиесіндегі үш түрлі мәселе:

  1. Қоғамдық ортаның сыры.
  2. Ата-ана тағылымдарының деңгейі.
  3. Бала тәрбиесіндегі ағаттықтар.

1.Қоғамдық ортаның сыры

Халқымыз өзі өмір кешкен ұзақ тарихында небір аласапыран қоғамдық кезеңдерді басынан өткізіп, аяздай қарыған замана дауылының үскірігіне ұшыраған сәттері көп.

  1. Ата-ана тағылымының деңгейі. Елді өз тарихын ұмыттыру, дәстүр-салтынан безіндіру. Осындай ортада тіршілік еткен ата-аналар ұрпақ тәрбиесі мен халық тағылымын сақтауына зиянын тигізді.
  2. Ұрпақ тәрбиесі. Кез-келген халықтың болашақ ұрпағы ең әуелі өзінің ана тілінде сөйлеу арқылы ғана ата-баба зердесімен жалғаса алады. Жастардың бойындағы өзгеге еліктеушілікпен сіңген өзім білемдеушілік, әуел бастан негізін түсінбейтіндіктен – ата-баба дәстүрін білуге ұмтылыс жасамау, ұлтым, Отаным дейтін сезімдер ана тілінде қалыптаспағандықтан, жеңіл жүрістер мен бір сәттік құмарлықтар асықыну жалғасуда.

Тән-жан-рух үндестігінің бұзылуы. Өркениетіміз тек тән тәрбиесіне байланып, жан мен рух тәрбиесі түгіл оның не екенін ұғындырмауға тырысты. Ел болудың төрт құбыласы: Жері, Тілі, Діні, Ділі дейтін төрт діңгегі немесе төрт құбыласы түгел ме деген толғанысқа толы сауалдарға пікір білдіру қажеттігін ғалым баса айтады.

Халықтың тегі мен ділін анықтауға көмектесетін – дәстүр-салты, сөз өнері, ой өрнегі тәрізді үш таған қасиеттерін зерделеу арқылы кез-келген халықтың генефонындағы ерекшеліктерді танып білуге болады екен ең әуелі мұндай білім қай халықтың болмасын өзі үшін керек. Себебі, тегі мен ділін түсінген халықтың ұрпағы қандай қиыншылықтарға төзе біліп, өзінің алдына қойған масаттарына жетпей қоймады. Мұның өзі, түптеп келшенде адам тәрбиесі мен тағылымы ата-баба зердесімен тығыз байланысты екенін аңғартса керек. Ендеше, осы айтылған үш таған қасиеттер мен өмір тіршілігіміздің қазіргі таңда нендей өзгерістерге ұшырап отыр десек, бүгінгі ұрпақ олардың мәні мен маңызына түсінбейтіндіктен, мүлдем жойылып кетпесе де тым көмескіленіп бара жатқаны анық. Осы айтқанымыздың айқын мысалындай, өзінің ана тілін түсінбейтіндер ұлтымыздың 40 пайызын құраса, бұларға елінің дәстүр салты да, ой өрнегі түгіл, сөз өнері де ешқандай қажеті жоқ тәрізденіп көрінеді. Сондықтан да, қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани байлықтарын түсінетін егде буынның алдындағы парызы халық педагогикасының өткенін жандардырып, өркенін орнына келтіруі керек. Егер де ұлтымыздың діліне төнген бұл қатерді ата-баба тағылымдарын білетін осы буын жетілдірмесе, бүгінгі өмірімізде орын алып отырған кереғар мәселелер онан бетер асқынып кетпек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Жапон еліне ресми сапармен барған Елбасы Н.Ә Назарбаевтың ой-тұжылымы: Мені таңқалдырған екі нәрсе болды. Біріншісі, жапон еліндегі ерекше дамып отырған ғылыми техникалық прогрестің жеделдігі болса, екіншісі, соншама берік те бүтін, қаймағы бұзылмаған халық дәстүрінің көздің қарашаығындай сақталуы», – деп көрегендікпен қорытындылаған еді. Қай елде де халықтың тағылымына негізделген рухани өркені салтанат құрмай, тек саясаткерлік пен экономикалық әдістердің берер жетістіктері көрнекті де көркем бола алмайды. Адамдық қасиетіңді сақтар халықтың тегі мен ұрпақ қамына көңіл аудармау – болашақтың тамырына балта шабу деген сөз.

Қазақтың ұлттық мәдениеті кез-келген халықтың мәдениеті секілді мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген. Қазақстанның ежелгі мәдениетінің ұлы мәнін ұғынып, оның игіліктерін қазіргі таңда пайдалану – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы. Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз жырау, Шал ақын, Бұқар жырау, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, С.Торайғыров және т.б. ұлылардың шығармаларында сипатталған Қазақстанның бай мәдени мұрасы мен оның жоғары рухани идеялары уақыт сынына төзе білді. Еліміздің мәдениеті күнделікті өмірде құрмет сезімін тудыратын мінез-құлық нормаларын ұсынады.

ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы соңғы онжылдықта адамның руханилығы мәселесін әзірлеуде айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Постклассикалық емес рационализм идеясына негізделген философиялық бағыттағы М. Мамардашвилидің, А.Н. Нысанбаевтың, А.А. Радугиннің, А.Г. Косниченконың, Г.Г. Соловьеваның, А.А. Хамидованың еңбектерінде біртұтас рухани-материалдық әлемнің тұтастығы, көпдеңгейлілігі, көпөлшемдігі кеңінен сипатталды.

Қазіргі таңдағы психологиялық-педагогикалық ғылымдарда жалпы рухани-адамгершілік тәрбие парадигмасы өзгерістерге ұшырады, адам тұлғасын жетілдіруге негізделген модельден биологиялық және әлеуметтік деңгейлерге, болмыстың рухани деңгейінің тіршілік етуін мойындайтын, адамды тұтастай түсіну моделіне көшу орын алды (Ш.А.Амонашвили, А.Джумсаи, В.И.Волынкин, В.П.Зинченко, Д.М.Маллаев, М.Щетинин, Е.В.Бондаревская, Т.И.Петракова және т.б.).

Жазушы-педагог Ж.Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді», — деп, ата-ананың жауапкершлігінің жоғары болуына үлкен мән беру керектігін айтқан. Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты болу үшін, отбасы мен білім беру ұйымының тығыз байланысты болуы маңызды. Жоғарыда аталған мәселені педагогтер де ата-аналар да санасынан өткізуі маңызды. Ата-аналардың оқу мен тәрбие үдерісіндегі ынтымақтастық пен бірлескен жұмысы жан-жақты болса жемісті болады. Олай болса, ата-ананың жоғарыда аталған мәселелерді сауатты түрде түсінуі үшін, ата-аналармен бірлескен іс-шараларды көптеп өткізу керек.

Тәрбие үрдісі нәтижелі болуы үшін: 1.Ата-ана сүйіспеншілігі. 2. Ата-ана үлгісі. 3. Тәрбиеге мән беру керек.

К. Ж. Қожахметова өз еңбегінде: «Халық даналығының ережелері, адамның әрекеттері мен қызметтерін оның мәртебесіне сәйкес: ата, әже, әке, ана, ұл, қыз, күйеу бала, келін деп реттеп қана қоймайды, сонымен бірге халық даналығының өсиеттерінде, әрбір рөлдің қызметі мен терең идеялық мағынасы сақталады», — деп атап көрсеткен. Иә, шынымен де, отбасындағы осы әрбір рөлдің қызметі мен маңызы зор. Бала тәрбиесі үшін әрқайсысының қатысы ерекше. Осы мәселелерді саналы меңгерген ұстаздар қауымы ғана, халық даналығының ережелерін білетін мұғалім ғана ұрпақ тәрбиелеуде, ата — анамен жұмыс жасауда жетістіктерге жетері сөзсіз.

Осы орайда, «Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру» бағдарламасының осы заманның санасы таза, жалпыадамзаттық құндылықтарға бай, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді басты парызы санайтын ұрпақ тәрбелеудегі проблемаларын шешуде маңызды рөл атқаратынын айту керек. Тарих қойнауындағы бар ізгілікті істер аталған мәселелерді шешуде үлкен маңызға ие.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өзін-өзі тану пәнінен бөлек мектептегі оқу пәндерінің, оқудан тыс іс-шаралар мазмұнын өзін-өзі тану пәнінің мазмұнымен интеграциялау, отбасымен бірлескен жұмыстардың мазмұнын жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде құру сияқты бағыттар арқылы іске асып келеді.

Республикада «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар» педагогтердің біліктілігін арттыру курсының аясында, «Құндылықтар практиксы кезеңінде» ата-аналар жиналысын өткізу міндеттеледі. Өткен төрт жылдағы тәжірибеміз бойынша айтар болсақ, ата-аналардың жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген ата-аналармен бірлескен іс-шараларға оң баға берді. Пилоттық білім беру ұйымдарында ата-аналарға жүргізілген сауалнамалар мен «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар» біліктілікті арттыру курстары аясында «Бөбек» ҰҒПББСО ұсынған сауалнама нәтижелелері отбасындағы тәрбиені жалпаыдамзаттық және ұлттық құндылықтаға баса назар аударудың өзектілігін, ізгі ұрпақтәрбиелудегі заман талабы екенін көрсетті. Аталған уақыт аралығында сауалнама және басқа іс-шаралар нәтижелерінің қоры жинақталды. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген отбасымен бірлескен жұмыстардың тәжірибесі ата-аналар тарапынан қолдау тауып, бүгінгі күні сұранысқа ие болып отыр. Біліктілікті арттыру курстары аясында ата-аналармен бірлескен іс-шаралардың бағдарлама идеясына негіздей отырып жоспарлау, жүзеге асыру, кері байланыс орнату және отбасымен жүргізілген жұмыстар нәтижесі оған дәлел бола алады.

Еліміздің білім беру жүйесінде жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде руханилық пен адамгершілікке бағдарлап білім-тәрбие беру ісі өткір мәселе саналады. «Өзін-өзі тану» пәні ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, оны білім мазмұнына енгізу арқылы ұлттық тәрбие беруді, оны үздіксіз білім берудің көзіне айналдыруды, оның тереңдігі мен рухани шындығын балалық кезден бастап сіңіруді мұрат етіп отыр. Осы аталған қоғамдағы ізгілендірудің адамның рухани дамуынан бастау алары, онымен тікелей сабақтас екені белгілі. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, оларды адами ізгі қатынастарға үйретуде «Өзін-өзі тану» пәнінің маңызы ерекше.

С. Ғаббасовтың жан мен рух тәрбиесі және ол екеуінің үндесуі де тек ана құрсағында ғана жүретіні ғылыми дәлелденген құбылыс. Бала тәрбиесіндегі түйсктік ақыл мен түйсіктік тәрбиенің 80% ана құрсағында қалыптасады, деген пікірін басшылыққа алар болсақ, білім беру үрдісінде отбасы тәрбиесіне бағытталған іс-шаралардың мазмұнын аталған бағытта қарастырған дұрыс деп ойлаймын.

Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен  қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала.  Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.

Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «… Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын».

Ұрпақ санасын діліміздге жат дүниелерден таза ұстау үшін отбасы дәстүрі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-салт ерекшеліктері мен өзіндік психологиясынан бастау алуы қажет. Халықтық тәлім-тәрбиемізге ерекше әсері бар ата-дәстүр, халық педагогикасының ұлттық ерекшеліктерін және оның өзгелерден келетін көшірмелерге көне бермейтін тектілігін де қалыптастырады. Халық педагогикасы қай халықтың болмасын ұлттық санасы мен азаматтық рухын оятуға ықпал етеді.

 

 

 КАКЕНОВА  Д.Б.
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы  бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру Институты
Мектепке дейінгі тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасы

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ Қазақстан халқына Жолдауы.– Астана, 2014 – 12.
  2. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру.Астана, 12 Сәуір 2017ж.
  3. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.– Астана. 2016 ж.
  4. Мукажанова Р.А.,Омарова Г.А., Методика преподавания дисциплины «Самопознание» в школе: учебно-методическое пособие для учителей. – Алматы: ННПООЦ «Бобек», 2013. – 176 с.
  5. Ж. Мейір, Б. Игенбаева. Креативтік тәрбие. Оқу құралы. «Фолиант» баспасы. – Астана, – 2009, 8 б.
  6. Майғаранова Ш. Тұлғаны рухани дамыту мәселелері. Монография. – Алматы: «Арда» баспасы, 2016. – 220 бет.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.