Home » Жаңалықтар » РУБИК МЕКТЕПТЕРГЕ ЖАППАЙ ЕНГІЗІЛУІ МҮМКІН

РУБИК МЕКТЕПТЕРГЕ ЖАППАЙ ЕНГІЗІЛУІ МҮМКІН

Бұл туралы Атырауда Рубикті жылдамдыққа құрудан өткен аймақтағы бірінші ресми чемпионатта «KSF» басшысы Арман МӘШІМОВ мәлімдеді. Оның айтуынша, зияткерлік ойынның бұл түріне сұраныс артып келеді. Қазір әлемде спидкубинг жүйрік ойлау мен шапшаң шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыратын шахмат, робототехникамен қатар оқытылатын қосымша білім берудің бір түрі. «Спидкубингті мектептерге енгізу үшін біздер білім және ғылым министрлігіне ұсыныстар жасадық. Алдағы уақытта бұл ұсынысымыз оң шешімін тапса мыңдаған қазақстандық балалар үшін рубикті жылдамдыққа құрастыру және халықаралық чемпионаттарға қатынасу мүмкіндігі артпақ», — деді ол.

Атырауда 12-13 қаңтар күндері алғаш рет Рубик текшесін жылдамдыққа құрудан аймақтық чемпионат өтті. Оған 60-тан астам қатысушы бағын сынауға ниет білдірген. Рубик бірлігін уақытқа құрудан Семей, Алматы, Шымкент және Ақтөбе облыстарынан дарынды жастар жиналды. Сондай-ақ сайыстың әділ өтуін бақылауға Украинадан тәуелсіз сарапшылар келген. Екі күнге созылған зияткерлік додада жаңа рекордтар мен есімдер белгілі болды. Мәселен 2х2, 3х3, «мегамикс», «пирамида» сынды категориялар бойынша Әзиз Олжағали, Самалбек Келімов, Әмірхан Исламовтар алдына жан салған жоқ. Әсіресе атыраулық Досымжан Жұмабиденов «көзді жабық күйде жинау» категориясында түрлі түсті текшені 60 қатысушының арасында бір өзі дұрыс орындап шықты. Ал жарыстың ең кішкентай қатысушы Диас Қарағұл. Ол қаладағы № 34 мектеп гимназиясында білім алады. 8 жастағы атыраулық спидкубер алғаш рет үлкен ойынға қатынасып өзінің әсерімен бөлісті.

Диас Қарағұл, ойынға қатысушы:«Шынымды айтсам қатты толқып тұрмын. Мында мықтылар жиналған. Бірақ мен бар өнерімді ортаға салып ата-анамның үмітін ақтауым керек».

Степан Джурило, WCA қауымдастығының Украинадағы өкілі: — «Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Сіздерде Рубикті құрастыру қарқынды дамып келеді. Осыдан бес, он жыл бұрын федерация бөлімшелері тек Астана мен Алматы қалаларында болған. Ал қазір елдің барлық аймақтарында KSF өкілдері жұмыс істейді. Бұл мемелкеттің жастарға, олардың болашағына жасап отырған алғы бастамасы деп есептеймін. Өйткені менің байқағанымдай Қазақстанда мықты спидкуберлер жыл сайын артып келеді. Ал Атыраудағы чемпионатқа келер болсақ, мұндағы қатысушылардың басым бөлігі, 90 пайызы жасөспірімдер. Балалар үшін бұл алғашқы тәжірибе».

«KAZAKHSTAN SPEEDCUBING FEDERATION» қауымдастығының бастамасымен өткізіліп отырған байқауға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ы серіктестік қолдау білдірді. Осы уақытқа дейін аталған чемпионат еліміздің басқа өңірлерінде өтіп, жүйрік жастардың басын қосып келеді.

Екі күндік сайыстың қорытындысы бойынша 3х3 негізгі категория бойынша ІІІ орынды Самалбек Келімов, ІІ орынды Әмірхан Исламов, ал сайыстың кубогы және жүлделі І орын атыраулық Әзиз Олжағалиға бұйырды. Әзиз күрделенген Рубик текшесін бар болғаны 12 секундта құрастырып көрермендерді тәнті қылды.

Осылайша жастардың шығармашылық бастамасын қолдау мақсатында алғаш өткізілген спидкубинг чемпионатында көпке бұрын белгілі болмаған дарынды балалардың жұлдызы жанды. Ендеше білім қуған жас зияткерлер саны елімізде арта берсін.

 

Ануар ДЖАМАНКУЛОВ,
Атырау қ.НЗМ-ң баспасөз хатшысы
(суреттер баспасөз қызметімен ұсынылды)

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.