Home » Жаңалықтар » Роботты техниканы меңгерту аясы кеңеймек

Роботты техниканы меңгерту аясы кеңеймек

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының білім беруді ақпараттандыру орталығында биылдан бастап роботты техника кабинеті іске кірісті. Аталмыш кабинет 15 базалық робот және 7 қосымша бөліктермен жабдықталған. Басқарманың баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, орталықта ұйымдастырылған «Роботты техника негіздері» тақырыбындағы бес күндік семинар бүгін өз мәресіне жетіп, оған қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілген. Ал орталық әдіскері, роботты техникадан арнайы білімін толықтырған маман Гүлзат Жагиеваның айтуынша, биыл мұндай курстардың тағы екеуін өткізу жоспарланыпты.
– Курсқа Орал қаласы және облыс аудандары мектептерінен 13 мұғалім қатысып, роботты техниканың негіздерімен танысты. Білім беру роботтарын құрастыруды, бағдарламалауды үйренді. Яғни, LEGO Education жинағымен жұмыстанды, – дейді Гүлзат Серікқызы.
Белгілі болғанындай, мұндай курстар информатика пәнінің мұғалімдеріне роботты техникадан факультатив жүргізуге негіз болмақ. Сонымен қатар орталықта роботты техниканың тілін оқушыларға меңгерту жұмыстары да жүргізілуде.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.