Қазіргі таңда бүкіл дүние жүзінде робототехника ғылымы кең қолданыс тауып отыр. Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу мақсатында ғылыми-техникалық прогресстің осы бір маңызды бағытынан құр қалмауда. Робототехника автоматтандырылған техникалық жүйелерді құрумен айналысатын қолданбалы ғылым болып табылады. Робототехника бағдарламалау және механика сияқты пәндерге сүйенеді. Робототехника механика және жаңа технологиялар проблемасын жасанды интеллект проблемаларымен ұштастырады.
Орта білім беру саласында факультатив және элективті курстарда роботехника негіздері пәні енгізілуде. Робототехника бойынша түрлі конкурстар, сайыстар өткізіліп, оқушылар бір-бірімен ғылыми-техникалық идеялар, техникалық ақпарат және инженерлік білімдерімен алмасуда.
«Экспо-2017» халықаралық көрмесінде WRO (World Robot Olimpiad) бойынша ұлттық сайыс өтті. Онда 300-ден астам оқушы қатысып, Коста-Рикада өтетін WRO-2017 халықаралық сайысына Қазақстанның ұлттық командасы жинақталды. Жыл сайын осындай сайыстарға қатысушылар саны өсіп, сайыс деңгейі жоғарылауда.
Робототехника курстары – бірқатар қиын техникалық пәндерді оқушыларға үйретуде керемет құрал. Мұнда оқушылардың тек логикалық ойлау қабілеті жетіліп қана қоймай, сонымен қатар, математикалық, алгоритмдік жалпы қабілеттері мен электронды сызбаларды түсіну, өз ойын нақты және дұрыс жеткізу, проблемаларды түрлі жолдармен шешу, топпен жұмыс жасау секілді басқа да зерттеушілік біліктіліктерін де дамытады. Нәтижесінде оқушылар өз жобаларын жүзеге асыра алады.
Осы орайда 2017 жылдың 18 қыркүйегінен бастап «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының базасында информатика, математика және физика пәнінің 25 мұғалімі «Робототехника негіздері» тақырыбында біліктілігімізді арттырып, курстан өтіп жатырмыз.
Курс тыңдаушылары арнайы жабдықталған «Робототехника» кабинетінде курс жетекшісі Смагулова Маржан апайдың үйретуімен роботты техниканың негізі Lego Mindstorms EV3 және Arduino микроконтроллерінің құрылғыларымен таныса отырып, роботтарды модельдеу және бағдарламалау жұмыстарын, құрастыру дағдыларын меңгерудеміз. Роботты техниканың шығу тарихы, оның түрлері және қолданылу салаларын біліп үйреніп, олардың қазіргі таңдағы маңызын және пән бойынша робот техникасын қолдана отырып, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру және жоспарлау дағдыларын, білім алушылардың ақпараттық құзыреттілігін дамыту үшін сабақты робот техникасын қолдана отырып жобалау тәсілдерін үйренудеміз. Бұл тәсілдер мен дағдылар әрбір қатысушыға инженерлік, нұсқаушылық, шығармашылық идеяларды іске асыру және өз әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.
Болашақта мұғалімдер осы курста алған білімдерін шыңдап, шәкірттері «Робототехника» бойынша түрлі сайыстарда, конкурстарда жоғары деңгейде нәтиже көрсетіп, биіктерден көрінетіндігіне сенімдімін.
Курсты жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізіп отырған «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтына, курс жетекшіміз Смагулова Маржан апайымызға рахмет айтамыз. Еңбектеріңіз жана берсін!
Надирова Фарида Кенжебекқызы
Жаңақорған ауданы №169 орта мектеп
Информатика пәні мұғалімі