06.02-14.04.2017 ж. мерзімі аралығында Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалында «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыбында ұзақ мерзімді курстан өттім. Курс үш кезеңге бөлінді. Бірінші «Жүректен жүрекке» кезеңінде теориялық білім алып, алған білімімді курстың екінші кезеңінде «Құндылықтар практикасында» іс-тәжірибе барысында қолданысқа енгізіп бірнеше ашық сабақтар жүргіздім. Жалпы бағдарлама үш модульден тұрады. Әр модульді аяқтаған сайын презентация қорғадым. Өзін-өзі тану пәнін жүргізудің өзіндік қыр-сырын меңгердім. Курс барысында ізгілікті педагог Ш.А.Амонашвилидің бір еңбегін оқып шығып, пікір жазу туралы тапсырма берілді. Мен «Как любить детей» атты еңбегін ерекше шабытпен оқып шықтым. Автор бұл еңбегінде өзінің ұстазы Варвара Вардиашвилидің балаға деген риясыз сүйіспеншілігі туралы жазған екен. Ал осы еңбектегі ұстаздың шеберлігі мен балаларға деген шексіз махаббаты маған да өмірлік сабақ болды.
Сондай-ақ мектептегі тәжірибе барысында Дейл Карнегидің «Жақсылыққа апарар жол қайда?» атты еңбегіне эссе жазып, «Ақиқат» тақырыбында реферат жұмысымды қорғадым. Бұл курстың бізге берер тәлімі мол болды, себебі, әр бір тапсырманы орындаған сайын жасап жатқан ісіңді жүрекпен түйсініп, өз бойымыздан өткізе білдік. Курстың «Жүректен жүрекке» үшінші кезеңінде Тараз қаласындағы №53 орта мектепте практикада болдық. Дұрыс әрекет құндылығына байланысты ашық сабақ өтіп, әріптестеріммен бірге сыныптан тыс іс-шара ұйымдастырып оқушылармен бірге жалпыадамзаттық құндылықтарды ертегілердің, аңыз-әңгімелердің мазмұнына кіріктіре отырып, сахналық қойылымдар дайындадық. Оқушылармен бірлесе өткізген бұл іс-шара оларға да шабыт сыйлады, балалар өздері сомдаған рөлдерді аса зор қуанышпен, шығармашылықпен орындап шықты.
Курс барысында мені шабыттандырып, ізгілікті мұғалім болуға деген талпынысымды оятқан «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасына, оның авторларына және кураторым Абдикеримова Назира Жорабековнаға алғысымды білдіремін. Осы курс өзімді өзім тануыма, тұлға ретінде рухани дамуыма әсер етті. Бүгінгі күні бала кезімдегідей кітап оқуды қайта бастадым. Әр атқан таңға балаша шаттанып қуанамын. Бұл курстан алған білімімнің арқасында өзімнің бойымдағы қабілеттерім ашылып, өзімді тапқандай бақытты сезінудемін.
Ұзақ мерзімді курс педагогтар үшін өте қажет, пайдасы зор. Осы курс барысында өзін-өзі тану пәнін дұрыс жүргізуді үйрендік. Шығармашылық қабілетімізді шыңдап, шабыттанып, тұлға ретінде дамып, өзіміздің ішкі әлемімізді танып, ізгілікті мұғалім болуға талпынысымыз артып, рухани байып, жағымды көңіл-күймен қайттық. Осы курсты ұйымдастыруға ұйытқы болған Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығына, Жамбыл облысы бойынша филиалына алғысымды білдіремін. Үйретері мол курстар жалғасын табады деген үміттеміз. Рақмет!
Бердикеева Жанар Койшыкуловна
Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
№16 Д.М. Карбышев атындағы орта
мектептің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі