Қазір сіз кешегі ойларыңыз қайда әкелді, сол жердесіз.
Ал ертең бүгінгі ойларыңыз қайда апарады, сонда боласыз.
Джеймс Аллен
Қоғамның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуының мақсаты мен тәсілі – білім берудегі өзгеріс үдерістері, білім беру аясының жаңғыртылуы және соған байланысты жүйе мен мұғалімдерді кәсіби дайындау сипатының жаңаруы да қазіргі ұстаздан жедел кәсіби дамуын қажет етеді.
Л.М. Митинаның айтылған анықтамасында кәсіби даму мұғалімнің өзінің ішкі дүниесін белсенді сапалы өзгертуі, ішкі сезімнің белсенділігі арқасында табандылықпен кәсіби іс-әрекет қызметінің жаңа тәсіліне апаруы болып табылады делінген. Яғни кәсіби іс-әрекет қызметінің жаңа тәсілі инновацияны меңгеруге қажетті.
Көптеген философиялық, әлеуметтік, психологиялық еңбектерде адам баласына қорғаныштың, көмектің, дамудың ішкі механизмдерін қозғау маңызды дегеніне көптеп тоқталған. Үнемі және тез өзгермелі заман жағдайында өзін тану, өзіне көмек, өзін бағалау, өзін жетілдіру, өзін оқытудағы тұрақты факторлар мен құралдар адамның ішкі дүние әлеуеті мағынасына ие болуда. Осы факторлар мен құралдар ішінде қазіргі ақпарат көздерінде «рефлексия» ұғымына көп мән берілуде.
А.Құнанбаевтың 15 қарасөзінде: «Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, біл белгілі парқын көрдім… Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыпсың?». Қазақтың данышпан ойшылдарының бірі Абайдың мына сөздері қазіргі кезде көп айтылып, қолданысқа еніп жатқан термин «рефлексия» екенін түсіндім.
Рефлексивті ойлау – сыни ойлауға қарағанда, нәтиже алу процесінің өзін көрсетеді, яғни, қай тәсілмен, қандай әдістермен және қандай еңбекпен бұл нәтижеге жеткені туралы ойлаудың белсенді түрі. Қазіргі таңда білім беру жүйесі кәсіби маман алдына тұлғалық және рефлексивті ойлау қабілеттерін дамытуды бірінші орынға қойып отыр. Сондықтан әр мұғалімге өз бетімен инновацияны меңгеруге, кәсіби қиыншылықтарды жеңуге, инновациялық тәжірибені әріптестермен бөлісуге біліктілік арттыру курстары мен семинарға қатысқаннан кейінгі педагогтың кәсіби дамуындағы болған өзгерістер моделіне шолу жасап, мұғалімнің ең жоғарғы деңгейі – педагогикалық рефлексияға бағыттау мақсатында осы әдістемелік құрал ұсынылып отыр. Орыс ғалымдарының еңбектерін негізге ала отырып, қабілеттің ең жоғарғы деңгейі педагогикалық рефлексияны мектепте құрудың маңыздылығына тоқталып, зор әлеует мүмкіндіктеріне ие, дәстүрлі емес педагогикалық ойлаумен ерекшеленген, кәсіби міндеттерді сауатты шешу дағдылары бар, педагогикалық шынайылылықты өзгерте алу қабілеті және әрекеттік нәтижеге жете алатын мамандар ғана өмірдің жаңа жағдайында жасай алады дегім келеді.
Орындау уақыты мен қызметіне қарай рефлексия үш негізгі нысандарда қаралады: жағдаятты, ретроспективті және перспективалық рефлексия.
Жағдаяттық рефлексия тұлғаның жағдаятқа енуі, оның бөліктерін түйсінуі, берілген уақытта болған жәйттерді талдау, яғни «осында және қазір» рефлексиясы жүзеге асады. Өзгермелі жағдайға сай өзінің әрекетін талдау, реттеу, бақылау қабілеттері қаралады.
Басқа мұғалімдердің керемет жаңа тәсілдерін рефлексия жасамай өзінің жеке тәсіліне қарай алса күтілетін нәтижесін бермейді.
К.Г. «Мен бұл курсқа келгелі ең бірінші өзіме есеп беруді үйрендім. Мен басқан әр ізімде мені елестететін бір нәрсе қаларын түсіндім. Әрине мен сияқты мұғалімдер жан-жағымда толып тұр. Енді бұрын мен тек өзім ғана жұмыс жасау арқылы жаңалық көре білетін болсам, ал мына ортада топтаса отырып, әріптестермен ақылдаса отырып өз пікіріме көз жеткізе алатынымды түсіндім. Бұрын мен біри нәрсе білгім келіп, кімнен сұрарымд біле алмай қиналатынмын. Ал бұл жерде мен өзім көзімді жеткізе алмаған жұмысымда айтып, Лессон Стадий әдісі бойынша олардың көзқарасымен қойып қарап, жаңаша тәсілдерін қарастыра аламын. Тек бір ескерер жері басқа адамнан алған әр сөзін, әдіс-тәсілдерін есепке алып, өз жоспарыма қоса талдай білуім керек. Егер мен басқа біреуден өз ойымдағы бар жұмысты жасап беруді сұрасам, онда менің әлі де ұйқыдан оянбаған кезім деп ойлаймын. Неге мен үшін басқа адам жұмыс жасау керек. Оның да өз жұмысы бар. Тек мен өзіме оның көзқарасымен ғана ойлана алсам, соның да берер бізге азығы көп… Ал қиын жақтары – сол топтағы өз орныңды анықтау. Дым білмеймін, менікі дұрыс емес деп басқалардың айтқанына қосылып отыра беруге болмайды».
Ретроспективті рефлексия орындалған қызметтерді, өтіп кеткен оқиғаларды сараптау және бағалау үшін қызмет етеді. Рефлексивтік жұмыс толық түсінуге, түйсінуге және алынған өткен тәжірибесін құрылымдауға бағытталған, алғышарттары, себептері, шарттары, кезеңдері және қызметтердің нәтижелері немесе оның жекелеген кезеңдері қаралады. Бұл түрі мүмкін болатын қателерді анықтау үшін, өзінің сәтсіздіктері мен табыстарының себептерін іздеу үшін жұмыс жасайды.
С.Ә.: «Өзгеру үшін не істеу керек? деп алдымен өзіме сұрақ қойып, сол сұрақтың шешімін өзім іздестіре, ойлана келіп мынадай қорытындыға келдім. Өзгеру үшін көп еңбектенуім керек екенін, осы оқып жатқан сындарлы оқытуды толық меңгерсем, барлығы қолымнан келетінін ұқтым. Әрине ол үшін өзгерісті бірінші өзімнен бастадым. Бірінші өзімді жан-жақты дайындадым. Өзім сыни тұрғыдан ойлауға, оқушы көзқарасымен қарауға, олардың жан дүниесіне қолымнан келгенше үңілуге тырыстым …,
Себебі мен өзгергенімді мына жұмыстарым арқылы көріп отырмын. Кеше мен қатал тәртіппен жүретін, орындарынан қозғалтпай отырғызу, өзім сыни тұрғыдан ойланбау, өзім ойланбағасын бір заттың бірнеше қыры бар екенін оқушыларға түсіндіре алмадым. Олардың көңіл-күйіне мән бермеу, қате жауап берсе, сенікі дұрыс емес деп турасынан айтып, олардың ойын дамытпайтын мұғалім болдым. Ал бүгін мен оқушы жан-дүниесін түсініп… жеке тұлға ретінде ретінде қарап, әр затты сыни тұрғыдан ойлана алады, өздерінің келіспеген шешімдерін дәлелдей алады. Сабаққа деген ынтасы артып жан — жақты ізденді. Және де мен бұл өзгерісті жасай алдым, қолымнан келді. Өзгеру адамның өз қолында екен».
Перспективті рефлексия алдағы қызмет туралы, оның жүру барысын білуі, жоспарлау, болашақта құрылымдауға ең тиімді әдістерді таңдай білу ой-толғанысын қамтиды.
Қ.Н.: «Ұстаз — ғалым М.В.Синица. «Ұстаз бойында педагогикалық әдеп, ғылымилық, ілтипаттылық- ең басты қасиеттердің бірі болуға тиіс. Әр баланың өмір-тіршілігі -өзінше бір тағдыр…Сабаққа қызықпаса, себебіне үңіл, себебін өзіңнен ізде. …балаға сыйлы боламын десең, баланың өзін сыйла. …баға құнды емес, бала құнды», өскен кезде де біздің түлектер ұстаздарына зор құрмет, мақтанышпен қараса екен деймін. Қазіргі қазақ баласына «Сен мықты азамат боласың!» — деп үлкен сеніммен қарап, оған таныс нәрсемен, таңсықты бірге ала жүріп, оқушыны әр сабақта «Даналыққа ұмтылу-таңқалудан басталады», — деп таң қалдыра білуіміз қажет. Бұл курста мен біраз ақпарат алдым. Қазіргі заманның өзі осы ақпараттылығымен құнды. Көп білсең сенің де құндылығың артады».
Ж.И. «Мен бір ойда болдым. Мен Атырауға,өзіміздің оқитын аудиториямызға кеткім кеп отырды. Неге? Менің жанұям, балаларым, достарым осында емес пе? Соның бәрін 1 ай қалада болып, соған айыр бастай салғаным ба, бұл? Ресурс оқимыз, шаршаймыз, келеміз – кетеміз несі қызық? Әлде өзгергенім бе? Әлде қала өміріне үйреніп қалдым ба екен деген ойлар жарысып жатты. Мен саралап, ойларыма, кеткім келген ойымды түсіне алмай, тренеріміз айтқандай ойымды кітаптың алты қыры сияқты, Эдвард де Бононың «алты қалпағын» киіп алып талқыладым: ақ қалпақта менің ойым былай сөйледі: «Ақпаратты сен қайда көп алдың? Мен сияқты әдемі ақ қалпақты қайда көбірек жинадың? деді. Мен өзіме «қалада» дедім.Ия, мен білмеген нәрселерім көп еді, баланың ішіне үңіле бермейтін едік. Ақ қалпағымның айтқаны рас, мен мұнда алғаным көп, аларым да бар деп ойлаймын. Қызыл қалпақты кидім , киер-киместен ол маған: көңілің жабырқау ғой, қалада сен қандай болдың, оянсайшы, саған қарасам менің де көңілім түседі, лидер деген сөзді ұмыттың ба?- деді. Мен «жоқ» дедім, еріксіз курстағы балаша күлгеніміз, мұңайғанымыз, жарысқанымыз есіме келді. «хм» деп, жай жымидым.Әрбіріміз бір тақырыпты түрліше талдаймыз, ренжиміз, күлеміз, айтқаның қалғандарының ойынан шығып жатса, балаша қуанасың, қазір-ақ әлемді өзгерткің келеді. Қара қалпағымды кидім , оған қаладағы күндерімді ұмыттырып, ауылдың қызығын айтып, бұрынғы жолыма салар деген үмітпен кидім. Әрине, ол өз ұстанымында болды: «ия, бұл методика ауылға, біздің балаларға бармайды, не үшін керек ол «өрлеу»? Басыңды ауыртпай, шашылып, жүйке жұқартпай, бұрынғы қалыптарыңмен жүре берсейші, «сен тимесен, мен тиме» дегендей деді. Жоқ! Қара қалпақ мені көндіре алмады, сірә менің арманым үлкен және нық басып тұрып алды-ау,шамасы.
Күндей шуағын шашып, әр нәрседен тек жақсы жағын көре алатын сары қалпағым , сол үшінде сені қатты жақсы көремін. Кигенім сол еді: «Индира, сен өрлеуден көп нәрсе үйрендің, жаңа дос таптың, ашылдың, ауылда сенің фантазия, идеяларың көп болғанмен сыртыңа шыға алмай, дами алмай жатқан жоқ ба? Ойлауыңда солай: қалпағыңнаң саны азайып бара жатыр; бізді тастама, ия-жоқ деген тығырыққа тірелген ойдан арыл.Алтауымызбенде дос бол, осының бәрін саған өрлеу үйретіп жатыр, қиын болса да шыда, сенің қолыңнан келеді» деді. Ия, келеді, неден бастаймын, қалай, мені оқушылар қабылдай алады ма? Жасыл қалпақ та қосыла кетті: Ия, ерінбе, көрсет, мойыма, сені түсінбеген болса, сен үйрет, сендейлердің санын көбейт. Орифлэйм сияқты артыңа өзің сияқтыларды жина ,бұл курс сетевой бизнес сияқты артыңа кісі жинап, үйрет, жұмыс жаса, дәлелде, өзің ойлап тапқан ойындарыңды, әдіс-тәсілдеріңді жеке сайт ашып сала берсеңші, қандай керемет болар еді. Ия, мынауың бір ақыл екен, рахмет! деп ойланып қалдым. Шіреніп, көк қалпағым келді. «менің пайымдауынша, «баланың көңілі анада, ананың көңілі далада» боп кетті ғой мынауың!». Бәріңді тыңдап отырсам, сенің бұл мектепке кіргің келмей, қалада, курсыңа қайта кеткің келетініңнің себебі мынада деп шештім:
- Сен өзіңді кінәлама, жанұя, бала, ата-ана – ол сенің баға жетпес құндылығың. Олардың бұл жерге еш қатысы жоқ.
- Сен курста көп нәрсе үйрендің, ашыла білдің, алтауымызбен де дос болуды үйрендің, бұрын тек ақ пен қарамен дос болатынсың. «Өрлеудің» методикасы – дәл сенің мінезіңе, көзқарасыңа, бойыңдағы қабілеттеріңе сәйкес келетін курс. Сен орныңды сол жерден таптың. Мектепте сені түсінбеуші еді, сенің қағаз, түрлі стикерлеріңе «сен де ерінбейсің, не істеп жүрсің?» деген сөздерден басыла жаздап, басыла қоятын іштегі позитивте жатқызбай, не боларыңды, кім боларыңды, қалай пайдаланатыныңды, оның жолын білмейтінсің. Енді «қалыпқа нанды» салғандай, оқыған курстың саған сәйкес екенін аңғардым» деп үміттене қарады. Мен алтауын да жинап тұрып: Ия, мен өзімді таптым, құнды нәрсені, өзімді тапқан жерім, өзім болып, өзімді дамытып, өзіме сенім, сабырлылық тапқан жер маған ыстық болып, сол жерде болғым келетінін түсіндім. Осы түсінуге атсалысқан алты қалпағымды да сол жерден таптым емес пе? Егер олар болмаса, кім біледі, тағы қара қалпақты бастыра киіп, жабулы қазан күйінде, идеяларымыз бұрқылдап қайнап-қайнап, сарқылып қалар ма еді?..
Осылай ойым сан-сақта жүргенімде алты қалпағымның арқасында мен өз жұмысыма құлшына кірістім».
Міне мұғалімнің ойлауы рефлексивті сипат алады. Ол біріншіден, мұғалімнің оқу үдерісінің ішкі механизмін түсінуге, неге кейбір оқу тәсілдері тиімді, ал кейбірі оқушының алға жылжуына ықпал етпейтінін анықтауға талпынуы; оқыту үдерісін реттейтін кейбір жалпы заңдылықты табуы, оған дейін мәселе болмаған яғни «мәніне жету» талпынысындағы барлық құбылыстарды. Екіншіден, мұғалімнің педагогикалық ойлауының рефлексивтік қасиеттері өзінің іс-тәжірибесіне аналитикалық амалдар тұрғысынан қарауды қарастырады, бұл ғылымның жетістіктерімен және басқа адамдармен бөлісуге мүмкін болады. Үшіншіден, педагогикалық ойлаудың рефлексиясы мұғалімнің өз қызметін сындарлы бағытта талдауы, ол жалпы құрылымынан арнайы әдіс-тәсілдерді қажет ететін бөлек дербес міндеттерді бөліп алуда байқалады.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Бизяева А.А. Психология думающего учителя: педагогическая рефлексия — Псков: ПГПИ им.С.М.Кирова, 2004. — 216 стр.
- Задорожная Н.П., Низовская И.А. От педагогического опыта к педагогической рефлексии: Методические рекомендации по организации и проведению педагогических мастерских/ Общ.ред.Т.А. Матохиной. – Б.: Maxprint, 2011. – с.
- Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016
- В книге ученых-психологов Ю.Н.Кулюткина и Г.С.Сухобской (1996) «Личность: внутренний мир и самореализация. Идеи, концепции, взгляды».
- 5. Рефлексия в педагогике, Захарченко М.В.
- Ладенко И.С. (ред.). Модели рефлексии. Новосибирск. НГУ. 1995
- Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері. Оқу құралы/ А.Қ.Әлімов.- Алматы, 2013. -448 б.
Ханалиева Камшат Әжіғұлқызы
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының
Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы,
жаңартылған білім беру бағдарламасының тренері