«Көп ұлтты жастарды өздерін Қазақстанның
тарихымен, алдыңғы ұрпақтың маңызды өмірлік құндылықтарымен теңестіруге үйрету керек, жастарға нақты өмірлік бағдарлар беру керек»
Н.Ә. Назарбаев
Қазақстандық патриотизм – жалған намысқа тырысқан, жасампаз ұранмен көмкерілген жалаң сөз емес, отбасы бірлігінен бастау алып, ұлттық тәрбиемен ұштасқан рухани игіліктер. Жаһандану үрдісі аясында ұлттық құндылықтарды ардақтау және сақтап қалумен қатар, Қазақстандық жасөспірімдердің бойына Отансүйгіштік рух пен патриотизмді сіңіру тәрбиесі бірінші кезекте тұруы тиіс. Жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу – оқу-тәрбие процесінің негізгі бағыты болып табылады.
Осы тұста №5 ЖББОМ КММ Ресурс орталығы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетімен және Қарағанды облысының Мемлекеттік мұрағатымен бірлесіп, бірнеше жылдар бойы көптеген жұмыстар атқарып келеді. Сонымен қатар, Қарағанды облысы Қазақстан халықтарының ассамблеясымен Меморандум бекітілді. Меморандум бойынша арнайы Ассамблея өкілдерімен бірлескен дөңгелек үстел, пікірталастар, кездесулер мен семинарлар өткізілді. Ұлттық қоғамдық бірлестік Қазақстан халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін танып білумен қатар, насихаттау жұмыстарын да жүргізеді. «Толеранттылық және ұлтаралық келісім» тақырыбында мектебімізде ассамблеямен бірлескен конференция өткізілді. Басқа да игі істердің жемісін Ресурс орталығындағы жоғары сынып оқушылары мен ҚарМТУ студент-активтерінің бірлескен «Жас Орда — Танымгер» жастар бірлесітігінің жұмыстарынан көруге болады. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай «Жас орда» студенттер ұйымы мен Ресурс орталығының 9-11 сынып оқушылары «Бәсекеге қабілетті жастар – Қазақстанның болашағы» атты жастар форумын ұйымдастырды. Кәсіби мамандарды даярлау және сапалы білім беру мәселелері талқыланған бұл форум аясында оқушылар мен студенттер өз ойларын ортаға салды. Қарағанды мемелекеттік техникалық университеті мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру бағыты бойынша Ресурс орталығына барынша қолдау танытып келеді. Жас ұрпақтың келешекке сеніммен қарауы – берілген білім мен олар бойларына сіңірген тәлім-тәрбиенің нәтижесі. 2012 жылы Ресурс орталығының оқушылары Астанада елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезіне қатысып қайтқан болатын. Елбасымен жүздесіп, оның жастарға артқан сенімі мен белсенді жастарға арнаған сөздерін тыңдау – оқушыларға патриоттық рух пен келешекке сенімді көзқарас сыйлағаны анық.
Қазіргі уақытта дәстүрлі мектепішілік шаралар мен ертеңгілік жиындар өткізілетін «Қазақстандық патриотизм» деп аталатын мектеп фойесінде «Қазақстан тарихы» тақырыбында 6 қабырға стенді, «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында 2 қабырға стенді қойылды. Мектептің бірінші қабатындағы «Жас Орда — Танымгер» жастарға патриоттық тәрбие беру Орталығында Қарағанды облысының Мемлекеттік мұрағатымен әлеуметтік серіктестік аясында құрылған «Мәңгі есте» патриоттық бұрышы бар. Мұнда туған жер тарихы материалдары бойынша мектептің архивтік электронды қоры, қабырға материалдары, «Ерлік ешқашан өшпейді» папкалары, майдангер хаттарының көшірмелері, КарЛАГ тарихына қатысты кітаптар қойылған. Серіктестік шеңберінде өткізілетін түрлі кездесулер, экскурсиялар, тәрбие сағаттарынан өзге де, жас жеткіншек бойында ұлтжандылық пен патриотизмді қалыптастыратын басқа да ресурстарды қарастыру қажет. Осы бағытта бірнеше жылдан бері Ресурс орталығы Мемлекеттік мұрағатпен «Тарих. Тұлға. Деректер» бірлескен жобасы аясында қазақ халқының бай тарихы мен орталық өлкенің танымал тұлғаларын үлгі етуге бағытталған біршама істер атқаруда. Ресурс орталығы оқушыларының еліміздің белгілі тұлғаларына арналған қорлардың ашылуына қатысуларының өзі тәрбие тұрғысынан үлкен мағынаға ие. Биылғы жылы Мемлекеттік мұрағатта еліміздің белгілі тұлғасы, «Алашорда» қайраткері Жақып Ақбаев, Қарағанды қаласының тумасы, еңбек ардагері Фатима Даненоваға арналған қорлардың ашылу салтанатына оқушылар қатысып, концерт қойды. Әлеуметтік серіктестермен бірлесіп өткізген осындай іс-шаралардың патриоттық тәрбиелік мәні өте зор. Патриотизм ұғымы тек қана Отанды сүю деген ұғыммен шектелмейді, туған елдің танымал тұлғаларының еңбегі мен қадір тұтар істерінен үлгі ала отырып, олар адамгершілік құндылықтарды да бойларына сіңіреді. Мұрағат құжаттарымен танысу барысында да этномәдени біліммен қатар, кешегі тарихқа, бүгінгі өмір шындығына азаматтық тұрғыдан қарай алатын көзқарас пен қоғамдық-саяси сауаттылықтың негізі қалыптасады.
Қарағанды облысы Мемлекеттік мұрағаты Жеңістің 72 жылдығына орай 2017 жылдың 3 мамырында Ресурс орталығында «Өскелең ұрпақ бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру: Орталық Қазақстан архив жазбаларында. Ерлік өшпейді» тақырыбында тарихи-деректі көрме өткізді. Көрме соңы тыл ардагерлері мен ауған жауынгерлерінің оқушылармен кездесуі ретінде ұйымдастырылған «Ұрпақтар сабақтастығының жүздесуі» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Патриоттық сананы ұрпақтың бойында бірден қалыптастыра алмаймыз. Осындай мағыналы, тәрбиелік деңгейдегі іс-шаралар арқылы ғана біртіндеп енгізе аламыз. Жеткіншек бойындағы жауапкершілік, еңбекке құштарлық, толеранттылық, ерлік секілді сипаттардың жиынтығы да патриоттық тәрбиенің негізгі көрінісі.
Қорыта келгенде, жас жеткіншектер бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда мектебіміздің Ресурс орталығына қол ұшын беріп, қолдау танытып келе жатқан Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті мен Қарағанды облысының Мемлекеттік мұрағатына айтар алғысымыз шексіз. Жас ұрпақ елін, жерін қадірлеп, ұлттық қадір-қасиетімізге дақ түсірмей, елінің аяулы ұланы болып өссе – біздің де мерейіміздің үстем болары анық.
Ж.А. Абешова
Қарағанды қаласы, №5 ЖББОМ КММ