Home » Жаңалықтар » Республикалық конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі

Республикалық конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі

Бүгін елордамызда үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірбиесін тарату мақсатында өтетін кезекті «2018 жылдың  үздік педагогі» деп танылған республикалық конкурс жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.  Мұғалімдер күніне тұспа-тұс, тоғыз жүз адамға арналған мерекелік іс-шара 2018 жылдың екінші қазаны Экспо аумағында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Білім және ғылым министрлігінің орта білім департаментінің бас сарапшысы Дүйсенбаева Айман Телманқызы: «басты мақсат – жалпы педагогтардың қоғамдағы беделін арттыру, мәртебесін көтеру және оның мамандығының қажеттігін көрсету. Озық ұстаздардың тәжірбиесін Республика көлемінде таратып жас мамандарды тарту болып табылады. «Үздік педагог» атағын алу 2015 жылғы №632 бұйрықта көрсетілген критерийлерге байланысты. Егерде ұстаз халықаралық деңгейде, республикалық деңгейде және өзінің авторлық бағдарламалары, жарыққа шыққан оқулықтары, жалпы жас жеткіншектерді дамытуға үлес қосып жүрген ұстаздар осы атаққа лайық деп танылады. Айта кету керек, конкурс комиссиясының әділқазылар алқасы құрамына еліміздің үздік мұғалімдері, әдіскерлік кабинеттердің әдіскерлері, біліктілікті арттыру институттарының оқытушылары, кәсіподақтар ұйымының Ұлттық  кәсіпкерлер палатасының өкілдері және журналистер кірді. Мысалға, биылғы жылы «Білім айнасының» редакторы Қатшабаев Қуантай толығыменен осы конкурсты жүргізуге, үздік мұғалімдерді саралауға зор үлесін қосты».

2012 жылдан бастау алған конкурсқа жеті жыл ішінде 31420 мұғалім қатысып, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 368 мұғалімі жеңімпаз атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақысымен «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері болып танылған. Ал биылғы жылы райондық және қалалық турларға 3864, облыстық турларға 710 педагог қатысты. Нәтижесінде, 48 орта мектеп мұғалімі және 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанып «2018жылдың үздік педагогі» төсбелгісі, куәлік, сондай-ақ, 1000 АЕК көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды.

Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Абылайхан Ақерке: «Біз, ұстаз – қоғамның шырағы, ұстаз – қоғамның айнасы, рухани шырағы деп көңіл бөлеміз. Сондықтан бүгінгі мереке – ерекше мереке, біз үшін. Жалпы өңір-өңірлерден келіп жатқан Республикалық конкурсқа Шымкент қаласынан алғаш рет арнайы делигация қатысып отыр. Арамыздан «үздік педагог» атағын жеңіп алған ұстаздарымыз бар».

Аталмыш мерекелік іс-шара қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның құттықтау сөзімен басталып концерттік бағдарламамен сабақталып өтті.

Көкшетау қаласы қазақ тілінде оқытылатын дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат директоры Искакова Дана Манаповна: «Іс-шараның ұйымдастырылу деңгейі өтте жоғары, талабы күшті, бұл сайыста жеңімпаз болу үшін мұғалім өзін жан-жақты қырынан көрсете білуі керек. Мен өзімді «бақытты ұстаздардың» қатарынан көремін. Осы нәтижеге жеткенім Ақмола облысы Білім басқармасы және Республикалық ғылыми практикалық «Дарын» орталығы, міне осы біздің жұмысымыздың айнасын көруші ұжымдар. Және де өзім басқарып отырған мектебім, міне осынша біршама ұжымның әрекетінің негізінде менің жұмысым бүгінгі күні көрініп тұр».

Астана қаласы «Зерде» дарынды балалар мектебінің математика пәні мұғалімі Тердікбай Күшәй: «бүгінгі іс-шараға келуімнің себебі, биылғы «үздік ұстаз 2018» сайысына қатысып гран-при жүлдегері атандым. Бұл, әрине, ұстаздар мерекесі қарсаңында ұстаздарға жасалынып жатқан үлкен сый-сыяпат. Республикалық деңгейде көпке үлгі-өнеге болатын осындай іс-шара жалғасын тауып болашақта көптеген ұстаздар беделді атақ-абыройға ие болса екен деген тілек бар».

Мұстафина Жансая Алибекқызы

«Білім айнасы»,

Астана

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.