Home » Жаңалықтар » Республикалық арнайы мониторинг тобы Түпқараған ауданында

Республикалық арнайы мониторинг тобы Түпқараған ауданында

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат жөніндегі мәселелерге тоқталған болатын.

Бұл жолдауда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыруға бағытталған.

Осы орайда, ағымдағы жылдың 23 қазанында киелі Маңғыстау өңіріне іссапармен келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин және республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, белгілі дизайнер Ырза Тұрсынзада, сондай-ақ облыстық арнайы мониторинг тобының төрайымы Р.Алдонгарова Түпқараған ауданының активтерімен кездесті.

Жиынға мемлекеттік қызметшілер, ақсақалдар, жастар сондай-ақ қоғамдық ұйым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Агенттік өкілі А.Бердалин өз сөзін мемлекеттік қызметшілер әрдайым әдепті, адал, қарапайым болуы қажет деп бастады.

Қызметтік әдеп нормаларын сақтамау сыбайлас жемқорлыққа, әр түрлі құқық бұзушылықтар мен теріс пайдаланушылыққа жағдай туғызады, сондай-ақ тәртіптік шара қолдануға алып келуі мүмкін екендігін атап өтті.

Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру арқылы, жоғары деңгейге абыроймен жетуге болатындығын түсіндірді.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтың алдын-алу бағытында Агенттікпен жасалып жатқан бірқатар жұмыстарды соның ішінде, «Адал жол», «Адал ұрпақ», «Өзгерістерді өзіңнен баста» бағдарламаларды жүзеге асыруда болашағымыздың сыбайлас жемқорлықтан ада болуда маңызы зор екенін тілге тиек етті.

Сөз соңында, Арман Тілектесұлы «Есті адамға айтқаның шыңға тіккен тумен тең, ессіз адамға айтқаның құмға құйған сумен тең» деп айта келе, сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында түсіндірме жұмыстырның нәтижесі, әрбір азаматтың өз болашығы үшін қызмет етіп, ел алдында абыроймен қызмет атқаруында деді.

Келесі сөз алған  республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Ы.Тұрсынзада «Рухани жаңғыру» бағытында әр-түрлі шаралардың өткізіліп жатқандығын атап өтті. Бұл, адамның рухани азығын дамытып, патриоттық сезімдерін ояту болып табылды.

Қоғамды тәрбиелеуде аналардың атқаратын рөлі зор екендігін және өткен батырлар, билер, хандарды дүниеге әкелетін аналардың көп болуын тіледі.

Бұл орайда, ескінің сынығы салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, тарихымызды дәріптеп, оны қоғам алдында сол қалпында жеткізу бағытында көптеген шаралар атқару қажеттігін атап өтті.

Жиын соңында, департамент басшысы Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Н.Жанназарова өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің халыққа адал қызмет етуі керектігіне ерекше тоқталды.

«Біздің осында ат басын бұруымыздың басты мақсаты — өздеріңізді  жүзбе-жүз көріп, дүние жүзінің бас ауруына айналған сыбайлас жемқорлықтан аулақ жүруге шақыру. Биылдан бастап факторлы-балдық шкала негізінде жалақы өсті. Мемлекеттік қызметшілерге сапалы медициналық қызмет көрсету, жер телімдері мен үй-жай беру, сыйлықақы төлеу сияқты жайттардың барлығы рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік қызметші еш уайымсыз халыққа қызмет етуі үшін жағдай жасалуда. Сондықтан таза болыңыздар. Пара алудан аулақ жүріңіздер»,-деп атап көрсетті.

Сондай-ақ, Елбасының жолдауында мемлекеттік органдар мен компаниялардың басшылары алға қойылған міндеттердің орындалуына дербес жауап беретін болады деп көрсеткен.

Жиын нәтижесінде Форт-Шевченко қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Таңғұлов Боқан Агенттікпен жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігі жоғары екендігін атап өтті.

Осыдан кейін, республикалық, облыстық және аудандық мониторинг тобы Түпқараған аудандық орталықтандырылған ауруханасында болып, аурухана қызметімен және бүгінгі жәй-күйімен танысты.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.