Home » Спорт » Ел спортын дамытуға қызмет етуде

Ел спортын дамытуға қызмет етуде

Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері саналатын кәсіби мамандар жетерлік. Солардың бірі – жоғары санатты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, әріптес аға  Тимур Исқалиев.

Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенімен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп, ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, бұл – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.
Батыс Қазақстан облысына қарасты Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылындағы Ғ.Молдашев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің оқытушысы Тимур Бақтығалиұлы туған жеріне қызмет етіп, салауатты ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып жүр. Кейіпкеріміздің өмір жолына үңілсек, 1971 жылы дүниеге келген жерлесіміз 1993-98 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Қазақ дене шынықтыру» институтында «Дене шынықтыру пәні мұғалімі және спорт жаттықтырушысы» мамандығы бойынша білім алған. «Талапты бала талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай» демекші, Тимур Бақтығалиұлы – бүгінде өзіне де, шәкіртіне де орынды талап қоя білуінің арқасында еңбегінің жемісін көріп келеді.

Бүгінгі күні ұстазға жүктелер міндет көп. Өйткені, олар – келешектің, тәуелсіз елдің іргетасын қалайтын азаматтарды тәрбиелеуші тұлға. Тимур Исқалиев жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін  сол кездегі Фурманов аудандық балалар және жасөспірімдер мектебінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Жас маман аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді. Кейін 1998 жылдан бастап Ғ.Молдашев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінде, 2001 жылдан  Қазталов аудандық балалар және спорт мектебінде волейбол жаттықтырушысы болып абыроймен жұмыс жасап келеді.

Адамның өмірге құмарлығы – қызығушылығынан. Бұл орайда әріптесіміздің құр алақан еместігін әдеби кітаптарға құмарлығынан, қала берді заманауи компьютерді жақсы меңгеріп жұмыстануынан байқауға болады. Мұғалім – жеке көзқарасы бар, соны қорғай білетін жігерлі тұлға, зерттеушілік, ойшылдық қасиеті бар маман. Сонымен бірге білімді де білікті, көп оқитын, көп тоқитын, білімін күнделікті шебер қолдана білетін, өзінің оқушысын өз бетінше білім алуға үйрете алатын болуы керек. Бұл – өмір талабы.

«Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп, Ұлы Абай атамыз айтып кеткендей, мұғалім қашан да шәкірті үшін мақтанады, шәкірті арқылы мадақталады. Себебі, ұстаздың алар асуы, жетер жетістіктері ізбасарларына берген тәлім-тәрбиесі арқылы бағаланады. Кейіпкеріміз осы жолда өзінің ұстанған бағыты бойынша әр түрлі шаралар мен ашық сабақтар өткізіп, нәтижесінде жақсы жетістіктерімен көріне білді.

«Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі» демекші, оқушылары – бірнеше облыс чемпионаттарының жеңімпаздары, республикалық, облыстық жарыстардың жүлдегерлері. Айталық, Петр Чурзин – волейболдан спорт шебері, қазіргі уақытта «Атырау» волейбол клубының ойыншысы, Әлішер Өтегенов – БҚО «Жайық» волейбол клубының ойыншысы, спорт шеберіне үміткер. Дулат Исқалиев – спорт шеберіне үміткер, көптеген жарыстарда топ жарған ұстаз мақтанышы.

Ел спортына талай дүлдүлді қосқан Тимур Бақтығалұлы үстіміздегі жылы «ҚР Волейболдан ұлттық төреші» атағы мен «Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері» төсбелгісіне ие болды. Оған қоса аудан әкімінің, аудандық білім беру бөлімінің, облыстық білім және спорт басқармаларының алғыс хаттарымен марапатталды. Ұстаз деген ұлы жолды таңдаған Тимур Бақтығалиұлының шығармашылық шабыты бұдан әрі шыңдалып,  шәкірттерінің әлі талай спорттық жарыстарда топ жарарына сенім мол.

 

Үміткер ОРЫНҒАЛИЕВ,
Қазталов ауданы,
БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.