Ратқұл Э. А
№28 «Жұлдыз» санаториялық б/б
тәрбиеші
ортаңғы топ
Мақсаты: 1-ден 5-ке дейін тура және кері санау.
Геометриялық пішіндерді ажырата отырып, логикалық ойлау қабілетін дамыту. Шапшандыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Әдісі: Сұрақ-жауап. Мақта қыз бен мысық ертегісінің желісі бойынша, ойындар арқылы, үлестірмелі материалдармен жұмыс.
Көрнекіліктер: Мақта қыз бен мысық ертегісі кейіпкерлерінің суреттері, сандар, пішіндер, таяқшалар.
Сабақтың барысы: Психологиялық сәт.
Қуан шаттан алақай,
Қуанатын кез келді.
Қайырлы таң,қайырлы күн,
Сәлеметсіздерме,қонақтар!
Тәрбиеші: Балалар, біздің бүгінгі тақырыбымыз «1-ден 5-ке» дейін санау (кері санау). Тақтадан балалармен санды көрсету арқылы оң және кері санау.
1-саны: Достар мені бір дейді
Қарайды да бүйдейді.
Мұқтажсың қол аяққа,
Ұқсап тұрсың таяққа.
2- саны: Мен екімін балалар,
Екі деген баға бар.
Алаңғасыр жалқаудың,
Алатыны екілік
Басын шайқап өкініп.
3-саны: Мен ғой үштің таңбасы,
Зейін қойып тыңдашы.
Шідерлі аттай тұсалып,
Жүр біреулер үш алып.
4-саны: Достарым мені төрт дейді,
Беске бірім жетпейді.
Қуанады анасы,
Төрт алғанда баласы.
5-саны: Әр қолымда бес саусақ,
Жетпейді оған еш саусақ.
Бір мен екі алмаңдар,
Үшке алданып қалмаңдар.
Есік қағылады. Мақта қыз бен мысық кіреді. Екеуі ренжісіп қалған, Мақта қыз қолында мысықтың құйрығы. Мақта қыз бен мысық балалармен амандасады.
Мақта қыз: Балалар, мысық менің айтқан тапсырмамды орындау керек, әйтпесе мен оның құйрығын бермеймін дейді.
Мақта қыздың тапсырмасы:
Бір жылда қанша мезгіл бар?
Тәрбиеші: Балалар мысыққа көмектесейік.
Қазір қай мезгіл? (Көктем)
Көктемде қанша ай бар? ( 3 ай )
Атап беріңдер? (Наурыз,сәуір,мамыр )
Ал енді балалар,мысықтың тапсырмасын орындау үшін ертегіні есімізге түсірейік.Мен сендерге жұмбақ айтайын соны шешсеңдер,мысық кімге баратыны табылады.
Екі найзасы бар,
Екі айнасы бар,
Төрт жылтырмағы бар,
Бір шыбыртқысы бар. ( сиыр )
Тәрбиеші: Сиырдың тапсырмасын тыңдайық.
1-ден 5-ке дейінгі сандарды оң және кері санаңдар.
Енді мысық сиырдан кейін неге барады?
Жұмбақ: Жазда жатсаң,
Көлеңкесіне алады.
Қыста жақсаң,
Жаның рахат табады. ( ағаш )
Тәрбиеші: Ағаштың тапсырмасын тыңдайық. Пішіндерді атаңдар, түстерін ажыратыңдар.
Мысық енді кімге барады? (қыздарға)
Қыздардың тапсырмасы: «Шатасқан сандар» арасынан 5 санын бояңдар.
Қыздардан кейін мысық қайда барады. ( дүкенге )
Дүкеншінің тапсырмасы: Тез ойлан тап!
Есеп: Менде 5 жұмыртқа, біреуін жарып алдым. Менің қолымда неше жұмыртқа қалды? ( 4 )
Балалар, мысық дүкеншіден кейін кімге барады? ( тауыққа )
Тауықтың тапсырмасы:
Ақ балапан,
Сары балапан,
Шұбар балапан,
Қара балапан,
Барлығы неше балапан? (4 )
Тәрбиеші: Балалар мысық тауықтан соң, кімге барады?
Мен жұмбақ айтамын, шешуін табыңдар.
Өзі егін екпейді,
Егістен ұзап кетпейді,
Қарны тоқ,Қайғысы жоқ
Мысық қуса жетпейді. ( тышқан )
Тышқанның тапсырмасы: Сурет бойынша уақытты бағдарлау ( таң, түс, кеш )
Тәрбиеші: Балалар, мысық балалардың көмегімен Мақтақыздың барлық тапсырмасын орындады.
Мақтақыз мысықтың құйрығын қайырып береді. Сөйтіп екеуі дос болыпты.
Сергіту сәті: Оңға түзу тұр,
Солға түзу тұр.
Алдыға бір қадам,
Артқа бір қадам.
Жоғары төмен қарайық,
Орнымызды табайық.
Ойын: «Астыңғы, үстінгі жолаққа пішіндермен үй құрастыру».
Шарты: Қағаз бетінде екі сызық бар, астыңғы сызыққа үш төртбұрыш, үстіңгі сызыққа үш үшбұрыш орналастыру. Сонда үйдің бейнесі шығады.
Дидактикалық ойын: «Қоянның бес айырмашылығын тап». (Сурет бойынша екі қоянның айырмашылығын тап).
Ал, енді балалар, Мақта қыз бен тышқанға сау бол дейік, тату-тәтті болыңдар деп шығарып салайық.
Күтілетін нәтиже:
Білу керек: 1-5 ке дейін тура және кері санай білу;
Болу керек: геометриялық пішіндер туралы түсінік;
Жасай білу: таяқшалармен заттардың белгілі бір пішінін жасай алады.