ХХІ ғасыр – психология ғасыры
А. Эйнштейн
Бүгінгі таңда егеменді еліміздің алға қойған мақсаттарының бірегейі білікті, білімді және еңбекке қабілетті тұлға қалыптастыру негізгі міндет болып табылады. Осы жолда психолог маманының атқарар рөлі өте зор. Сондықтан, психология бұл – болашақтың мамандығы. Қай сала болмасын психологиямен тығыз байланысты, өйткені адамдармен қарым-қатынаста шиеленіс туындап отырады. Қазіргі тұрақсыз адами дағдарыс кезінде психологиялық шабуылдардан қорғану, қашу психологиялық көмекті қажет ететіні сөзсіз. Күнделікті жұмыста, отбасында, қоғамда адамдар түрлі психологиялық кедергілерге тап болып, агрессивті мінез-құлық көрсетеді және жеңудің орнына әлсіздік танытып жатады. Стресс, депрессияға жиі ұшырайды. Сондықтан бұл мамандықтың біздің елімізге қажет екені түсінікті жәйт. Осы орайда сұрақтар туындауы мүмкін. “Психология дегеніміз не?” “Бізге, менталитетімізді есепке алсақ, психолог маманы қажет пе?” “Қажет болса, оны жеткілікті деңгейде бағалай ала ма” және т.б. сұрақтар. Әуелгі сұрақтан бастасам, психология – бұл адам жаны туралы ілім. Адами қарым-қатынас, адами құндылықтар, адамның рухани білімі – психологияның қарастыратын мәселелері. Ал енді қазіргі таңда бұл мамандықтың елімізге қажеттілігі туралы айтатын болсақ, бұл өте күрделі сұрақ. Жауабын сіз бен біз таба білмейтін сұрақ. Дегенмен көш соңында қалдық, батыс пен таяу шығыстан жырада қалдық, бұл мамандықтың артықшылығын түсініп жатқан жоқпыз десем, үлкен ағаттық жасаған боламын. Дегенмен, тәй-тәй басып, адымын ақырындап аңдап басып оң бағытта келе жатыр десек дәл айтқанымыз. Үйренеріміз бен білеріміз әлі алда. Десе де, 21 ғасырда қажет мамандықтың бірі – осы психолог маманы. Деңгейі күрт өспесе де, алға қарай дамып келеміз. Былдырлаған бүлдіршіндер тәлім алатын балабақшалардан бастап, ұлы тұлғалар қызмет ететін ірі-рі мекемелерде арнайы психолог мамандар жұмыс істеуі психология мамандығының қажеттілігі зор, мәртебесі биіктеп келетініне дәлел. Шынтуайтына келгенде, психолог кез-келген кісінің оқиғасын тыңдап, жан дүниесімен түсініп, қолынан келер көмегін аямайтын тұлға. Өмірден түңілген жан болса, болашақ ғұмырына қызуғушылық отын жағып, тірліктің ақ пен қарадан тұратынын, ары қарай қадам басу керектігін ұғындырып, жарқын жаққа жол сілтейді. Сондықтан, психология – ешқашан өлмейтін, өшпейтін, қайта күн санап мәртебесі арта беретін болашақтың мамандығы деп есептеймін. Өзімнің де осы мамандықты таңдағаныма еш өкінішім жоқ, себебі әр таңды көңілді әуен, жағымды ойлармен қарсы алып, адам баласына тек жақсылық, ізгілік тілеймін. Ал болашақ тізгінін ұстайтын ұрпағымызға мамандық таңдауда қателеспей, жүрек қалауымен алға қарай ұмтылуларыңызға шын жүректен тілектеспін.
Искалиева Рысжан Джумагалиевна
«Болашақ» колледжі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы