Әлемдегі ең керемет байлық-
бұл кісілік қарым-қатынас.
А.Сент-Экзюпери
Тренингтің мақсаты: Қатысушылардың қарым-қатынас дағдысын қалыптастыру, сенімділік қасиеттерін дамыту.
1.«Қарым-қатынас неден басталады?» тақырыбына миға шабуыл.
Сұрақтар: Қарым-қатынас деген не? Ол неден басталады? Мақсаты неде?
Қарым-қатынас дегеніміз — тіл мен ымдау арқылы ақпарат жеткізу және қабылдау. Тіл арқылы, яғни сөйлемдер, сөздер, мәтіндер секілді тілдің көмегімен жасалатын қатынасты «вербалдық» тәсіл деп атауға болады. Қарым-қатынас кезінде ым, үн, дауыс ырғағы арқылы сөйлесуді «вербалдық емес» тәсіл деп атайды. Американдық психолог Дейл Карнегидің айтуынша, адамдарға ұнау үшін мынадай белгілі бір ережелерге көңіл аударған дұрыс:
- өзге адамдарға шынайы қызығушылық танытыңыз;
- күлімдеңіз;
- есте сақтаңыз: адам есімі- қай тілде болса да адам үшін ең маңызды дыбыс;
- өзгелер өзі туралы айтқан кезде, оны барынша көтермелеп қойыңыз; әңгімелесушіні не қызықтырса сол жайында айтыңыз;
- әңгімелесушіңізді оның маңыздылығына сендіріңіз және мұны шын жүрегіңізбен жасаңыз.
- «Сіз қаншалықты жұғымдысыз?» тесті
Нұсқау: Сіз бұл әрекеттерді кему тәртібі бойынша орналастырыңыз:
- Вербалдық емес тәсілмен сіз бас изеп және күлімсіреп ишара білдіресіз.
- Орта сізді байқағанша, сізді дұрыс қабылдаған белгі болғанша, күтесіз.
- Сіз әңгіме тақырыбын өзгертесіз.
- Сіз топтың бір немесе бірнеше мүшелерімен келіспейтіндігіңізді білдіресіз.
- Сіз «иә» және «ым» деп сөйлегенде вербальдық келісіміңізді білдіресіз.
- Сіз әңгімелесушілерді сыртынан бақылап отырасыз.
- Егер сізге тікелей сұрақ қойылса, сіз оған толық жауап бересіз.
- Сіз талқыланып жатқан әңгіме бойынша дер кезінде әңгімеге араласасыз.
- Сіз әңгіменің тақырыбы мен үніне мән бересіз.
- Сіз өз пікіріңізді айтасыз.
Дұрыс жауаптары: 6-9-1; 5-2-7; 8-10-3-4.
- «Қарым-қатынас таныстықтан басталады» жаттығуы
Қатысушылар 4 топқа бөлінеді. Әр топқа танысу сценарийі ұсынылады. Олар оны ойнап көрсетуі керек.
№1 сценарий: көшеде жас жігітке бір қыз ұнап қалды. Ол қызбен танысуды қалады.
№2 сценарий: дүкенде бір қыз апасына сыйлық алғысы келіп еді. Бейтаныс адамнан кеңес сұрады. Сөйтіп олар танысып кетті.
№3 сценарий: жігіт кинотеатрға келіп, билет алуға кезекке тұрады. Бірақ қай фильмге аларын білмей, бейтаныс қыздан сұрады. Сөйтіп, олар танысып кетті.
№4 сценарий: бір қыз аймақтық мұнай өнеркәсібінің іскер кеңесіне қатысып отыр. Қыздың мақсаты- фирма өкілімен танысу, себебі олар бұл фирмамен көптен бері жаңа жоба жасауда потенциалды серіктес деп есептеп отыр.
«Ұжымдық сурет» жаттығуы
Нұсқау: Қатысушыларға парақ қағаз беріледі. Қағаздың екінші бетіне, жоғарғы жағына қатысушы өзі салғысы келген суреттің атын жазады. Сонан соң, парақты бүктеп , айналасындағыларға береді. Бәрі эмоциясыз, үнсіз жасалады. Келесі параққа әрбір қатысушы өзі ойлаған суреттің бір бөлігін салады да, оң жағындағы көршісіне береді. Ол әрі қарай суретті жалғастырып салып, келесі адамға береді. Осылайша парақ қағаз барлық қатысушыларды айналып шығып, авторға келеді де, ол өз суретін аяқтайды.
- «Әйнек қабырға» ойыны
Қатысушылар саны жұп болып, бір-біріне бетпе-бет қарап тұрады да, оларды әйнек бөліп тұр деп елестетеді. Олар бір-бірін көріп тұр, естімейді. Мақсаты- сыңарларына ақпаратты жеткізу. Мысалы: ата-анаңды колледжге шақырып жатыр; «Сыйлықтар әлемі» көрмесі өтіп жатыр; жағажайға, киноға шақыру. Вербальдық емес қатынас қисындарын пайдалана отырып (ыммен, қимылмен, т.б.) әйнектің арғы жағындағы сыңарына түсіндіруі қажет.
Қорытынды: Қарым-қатынас кезіндегі сенімді қылықтар әңгімелесуші туралы көп ақпарат береді. Сіз өзіңізді еркін ұстауға, бет-әлпетіңізді күлімдеп тұратындай, ал күлкіңіз орынды болатындай кейіпте ұстауға үйрендіңіз деп сенеміз. Көзқарасыңыз әңгімелесушіге бағытталады. Ашық дауыс және орынды да дұрыс сөйлей алу сізге қарым-қатынас жасауда белсенді болуға көмектеседі. Осындай дағдылармен сіз өзіңізді әңгімелесуде, мерекелерде, достарыңыздың арасында көрсете аласыз.
Кенжегалиева Гулназ Шараповна
Атырау қаласы
Атырау медициналық колледжінің психология негіздері пәнінің оқытушысы