Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті

Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті

 Казталов ауданының «Психологиялық-педагогикалық  түзеу кабинеті» (бұдан әрі ППТК) ҚР 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы», ҚР 2002 жылғы 11 шілдедегі «Кемтар балаларды әлеуметтік медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау» Заңын және ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 14 ақпандағы №66 бұйрығымен бекітілген Арнайы білім беру ұйымдары түрлерінің  қызметінің үлгілік қағидаларын басшылыққа алып, жұмыс атқарып келеді.

Кабинеттің мақсаты:  Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдері тәрбиелеу және түзеп-оқыту, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, әлеуметтік ортаға бейімдеу. Және де көптеген міндеттерді жүзеге асырады.

  1. Міндеттері: Есту, көру, сөйлеу тілі қабілеттері, тірек-қозғалыс аппараты, эмоционалды-ерік саласы бұзылған, зерде бұзылыстары бар, психикалық дамуы тежелген, мінез-құлқында қиындықтары бар балаларға мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында түзету-педагогикалық көмек болмаған жағдайда, сондай –ақ орта білім беру ұйымдарында тіркелген үйде түзету – педагогикалық көмек  болмаған жағдайда ППТК ондағы білім алушыларға психологиялық-педагогикалық түзету көмегін көрсетеді;
  2. «Дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу», «Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға консультациялық көмек көрсету» мемлекеттік қызмет көрсетуді орындау.
  3. Баланың мәселелерін мамандардың пәнаралық командасының кешенді түрде зерттеуі, сонымен қоса баланың психологиялық, түзете-педагогикалық және әлеуметтік көмекке деген мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін командалық бағалау арқылы анықтау;
  4. Баланың дамуының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жеке дамыту бағдарламасын әзірлеу және құрастыру;
  5. Жеке, шағын, топтық сабақтар түрінде түзете-дамыту сабақтарын жүргізу;
  6. Отбасы жағдайында ерекше білімді қажет ететін және мүгедек балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарына кеңес беру және оқыту;
  7. Ерекше білімді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау барысында жалпы білім беретін мекемелердің педагогтарына көмек көрсету;
  8.  Сабақ берудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеру, АКТ қолдануды өз саласы бойынша ендірту.

 Мекеменің ішкі кеңістігінде алмалы-салмалы табалдырықсыз аймақ құрылып,  әжетханамен қол жуатын раковина тіреуіштермен жабдықталған.

Мекемеде баланы жан-жақты зерттеп, кешенді көмек беру үшін материалдық техникалық базасы жинақталған. Мекеменің ауласында ойын, спорттық алаңы бар және терек түрлі гүлдермен абаттандырылған.  Кабинеттер талапқа сай безендірілген. Үнемделген қаржы есебінен былтырғы оқу жылында  «Мольберт», «Эбру терапия», «KID RCDI 2000» алынған.

ППТК мамандары туралы мәлімет

Штат кесте бойынша 19 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде 1  әдіскер, 8 маман (олигофренопедагог, мұғалім — логопед, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, тәрбиеші, музыкалық ырғақ педагогі, емдік дене тәрбиесі нұсқаушысы). 100% да жоғары, арнайы білімі  бар ұстаздар. І санатты-1 маман болса, ІІ санатты — 6 маман. (1 маман мерзімнен бұрын І санатқа, 1 маман ІІ санатқа өтініш тапсырды) мамандар қызмет атқарады.

ІІ. Оқу-өндірістік жұмыстар:

Мекемеде 2 түрлі мемлекетік қызмет көрсетіліп келеді. «Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға консультациялық көмек көрсету» мемлекеттік қызмет бойынша  2017- 7 кеңес, 2018 қаңтар –маусым – 3 кеңес берілсе, «Дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу» бойынша 31(Казталов -26, Бірік -2, Тереңкөл -1, Бостандық -1, Кекей -1) ерекше білімді қажет ететін балаларға мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

Әдістемелік және тәрбиелік жұмыстар:

Жоспар бойынша мамандар өздеріне берілген ашық, тәрбие сағаттарын өткізіп, өзара-сабақтарға қатысып, іс-тәжірибе жинақтап, мектеп, балабақшаларымен тығыз байланыста болып, оқушылардың сабақтарына қатысып, сынып мұғалімдері мен тәрбиешілеріне кеңестер беріледі. Сабақтар жеке және топтық түрде өткізіліп, жаңа технологиялар қолданылады. Балалардың танымдық қабілеттері мен қызығушылықтарын арттыру мақсатында түрлі дидактикалық материалдар жасақталған. Мамандардың беретін жеке сабақтары — баланың көру және есту арқылы қабылдау түйсігін дамытады, ой-өрісін кеңейтіп, ойлау қабілетін жақсартады, өз бетімен еңбектенуге белсенділігін арттырып, сөздік қорын дамытып, байланыстырып сөйлеу қабілетін арттыруда. Әр оқушыға диагноздарымен жас ерекшеліктеріне сай жеке дамыту бағдарламалары құрылып, күнтізбелік жоспарға сәйкес сабақтар өткізілді.  Балалармен әртүрлі түзете-дамыту жұмыстары, ойындар, психологиялық тренингтер, ақпараттық комуникациямен жұмыс, өз бетімен жұмыстар — апликация, мүсіндеу, кестелеу, тестопластика, қимыл-қозғалыс ойындары, тақырыптық ертеңгіліктер ұйымдастырылып, өткізіледі және әр түрлі үйірмелерге қатынасуда.

Мекемеде «Шұғыла би», «Ертегілер елінде» «Шебер қолдар», «Тілашар», «Дойбы», «Вокал» үйірмесі жұмыс атқарады.

Өткен оқу жылында Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында кабинеттеде «Латын әліпбиіне көшу заман талабы» атты дөңгелек үстел және «Ұлттық құндылықтарды насихаттау» тақырыбында көрме апталығы ұйымдастырылуда. Ұмыт болған ұлттық құндылығымыз «Ортеке» өнері де, осы рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласы аясында кері жанданып,  музыкалық-ырғақ педагогі түзете-дамыту сабақтарын жүргізу барысында балаларға үйретуде.  Сонымен қатар балалардың қызығушылықтарын оятуға, ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында «Асық терапия» әдісін түзете-дамыту сабақтарында қолдана бастады.

Сондай-ақ жыл сайын балалар талапқа сай сауықтыру жұмыстарымен қамтамасыз етілуде.  Кабинет жанынан маусым айында 2 жұмалық  «Күншуақ» күндізгі сауықтыру лагері өз жұмысын атқарса, білім беру бөлімі жанынан аудандық «Қайынды», «Ақпәтер» жазғы демалыс лагерінде 20 бала тегін демалуда.

Аудандық білім бөлімімен, мектептің, балабақшалардың арнайы мамандарымен,  аудандық ауруханамен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен, кітапханамен, «Қызыл-ай» қоғамымен тығыз байланыста болып, жыл сайын жоспарлы семинарлар, дөңгелек үстелдер,  өткізілуде.

ІҮ. Ата-аналармен жұмыс:

Мамандар ата-аналармен тығыз байланыста болып, ата-аналар жиналыстарында түрлі психологиялық тренингтер, сауалнамалар өткізіп, жеке кеңестер беріп, жаднамалар таратып түрлі мерекелік, спорттық  шараларға, «Ашық есік» күндеріне, «Кіріктірілген сабақтарға» белсене қатысуда.

Ү. Іс- тәжірибелер тарату:

Мамандар үнемі өз тәжірибелерін республика, облыстық көлемде таратып, баспасөзге түрлі сайттарға материалдарын жариялап отыруда. Жыл сайын мамандарымыз өз білімдерін жетілдіріп аудандық, облыстық конференция, секция жұмыстарында шебер сыныптар көрсетіп тәжірибе алмасады.

2017-2018 оқу жылында  облыстық көлемде 3 әдістемелік нұсқаулықтар таратуда.

ҮІ. Жетістіктеріміз:

Кабинеттің жетістігін айта кететін болсақ, әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен  2017 жылы қараша айында  «Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған үздік мектеп консилиумі» атты сырттай байқауда ІІІ дәрежелі, 2018 жылдың қаңтар айында «Үздік ППТК» сырттай бейнесалон байқауында І дәрежелі дипломмен және де аудан, округ әкімдерінің, білім бөлімінің «Алғыс хаттарымен»  марапатталып келеміз.

Ұстаздар мен тәрбиеленушілердің шығармашылық ізденіс пен белсенділіктің тыңбай еңбек етуінің арқасында педагогикалық ұжым айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Әдістемелік кабинеттің үйымдастыруымен өткізілген «Менің 2016-2017 оқу жылындағы үздік сабағым» атты байқауда Э.Губашева ІІ дәрежелі, «Үздік ППТК» бейнесалон байқауында ІІ дәрежелі дипломмен Э.Жардемалиева, Г.Адилова, ІІІ дәрежелі дипломмен Э.Губашева, Б.Тақаев «Алғыс хатпен» марапатталса, оқушыларымыз білім басқармасының жоспарына сәйкес «Жұлдызай 2018» спартакиадасынан Б.Кабдиров, Ә.Шамгунов ІІ дәрежелі дипломмен және әлеуметтік желі арқылы республикалық сырттай байқауларға қатысып, алғыс хаттармен, дипломдармен марапатталып келеді.

Қорыта айтқанда, арнайы білім беру мекемелерінің түзету жұмыстарын тиімді етуге бағытталған жұмыстарында толассыз іс — әрекет ең құндысы болмақ, ал осы ауыр әрі қиын еңбекпен айналысатындардың педагогикалық іс-тәжірибесіндегі құндысы — өз ісіне қалтқысыз берілгендік, балаға деген сүйіспеншілік, қоғам алдындағы жауапкершілік.

Арнайы қамқорлықты қажет ететін балалармен түбегейлі жұмыс жүргізу алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

 

Елдузеров Н.Е.
БҚО .Орал ҚАЛАСЫ, Казталов ауданы, Қазталов ауылы
Казталовка орта жалпы білім беретін мектебінің
педагог-психологы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.