Home » Мақалалар » Педагог – қандай болу керек?

Педагог – қандай болу керек?

Әлемдегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз жас ұрпақтың рухани  сәулеткері мен мол болашағын аманаттап тапсыратын сенімді өкілі. Қай  заманда болсын ұстаздарға құрмет көрсету жоғары болған.
Белгілі  ұстаздардан тәлім алған мен де үлкен жауапкершілікті талап ететін ұстаздық мамандығын таңдадым. Бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойныма алдым. Бүгінде мен тәрбиеленушілеріме білім беріп қана қоймай, оқытудың жаңа әдіс – тәсілдерін дамыта отырып, оларды қабілетті, шығармашыл, өз ойын толық жеткізе білетін жеке  тұлға етіп тәрбиелеуге ат салысып келемін. Жаһандану заманда ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші  білім деңгейімен ғана өлшенеді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне кірігіп,  білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті  мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті біздің,  яғни тәрбиеші – педагогтардың қолында.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі ұрпақ балаларымыз.  Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан ұстаздар қауымына жүктелетін міндет ауыр» деген еді.
Педагог тәрбиеші қандай болу керек? Ең алдымен білімді, мейірімді, сыншы, ұйымдастырушы, тәрбиеші, ұқыпты, бір сөзбен айтқанда,  жақсы қасиеттің бәрін тал бойына сіңірген жауапты маман  болу керек. Өйткені педагог өсіп, дамып келе жатқан ұрпақпен жұмыс жасайды. Сондықтан қытай ойшылы Конфуцийдің «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» деген сөзін үнемі жадымда ұстаймын.
Біз табиғаттың  кейбір құбылыстарына, оның өзіндік ерекшеліктеріне таңырқай қараймыз, бірақ оны көрмейтін,  байқамайтын да жандар бар ғой.
Мысалы, мен көбіне терезеден қарап отырғанды ұнатамын. Әйнектің аржағынан көп нәрсе көзге ілігеді. Өлкеміздің өзіне ғана тән мазасыз желі, сұр аспан, қойын – қонышқа ұрлана кіріп, жыланша сумаңдаған құм, беттерін  көлегейлеп, асығыс өтіп жатқан адамдар, табиғаттың ешқандай қаһарынан ықпай, рахаттана ойнап жүрген балалар… Олардың қызық ойынына күннің ыстықтығы да, суықтығы да әсер етпейді. Қандай  керемет!
Мен шығармашыл ұстаздар отбасында, ұлы қаламгерлермен қатар ақын, сазгер әкем Көмек Ыбрайұлының өлеңдерін жаттап, әндерімен сусындап  өстім.  Қазір мектепке дейінгі мекемеде өзін – өзі тану пәнінің маманымын. «Баланы жастан» деп халқымыз бекер айтпаған. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық сияқты құнды қасиеттерді сіңіре отырып, өзіне деген сенімділігін тәрбиелеу өзін – өзі тану  педагогтарының басты міндеті.
Білікті ұстаздардың тәжірибесінен үлгі ала отырып, балабақшаға келген тәрбиеленушілердің зердесін оятып, шығармашылығын дамытып, жақсы қасиеттерді бойларына сіңіру мақсатында ерінбей ізденіп, әрбір оқу қызметімде ерекше, қызық өткізуге  тырысамын.  Кіп – кішкентай, көңілдері пәк, жамандық дегенді білмейтін, алайда өзіндік жеке мінезі қалыптасып үлгерген  бүлдіршіндермен жақын араласқан сайын менің жаным тазарып, қуат алатындаймын. Томпаңдаған бүлдіршіндерге қарап отырып, мүмкін олардың арасында күміс көмей әнші, сөзге шешен ақын, зәулім қала тұрғызатын сәулетшілер бар шығар деген ойға батамын. Әрқайсысының жеке қасиетін  ескере отырып, сабағымда ерекше жағдайлар жасауға тырысамын. Мәселен, оларды оқу қызметі кезінде ойнату арқылы өзара қарым – қатынас, ілтипат, бірін – бірі сыйлау, көмектесу, достық, сондай – ақ ұйымшылдық, патриоттық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға тырысамын.
Педагог болу – мен үшін үлкен мақтаныш. Тек қана тәрбиеленушілер емес, ұжымдағы педагогтер арасында да тренингтер ұйымдастырып, олардың ішкі жан дүниесінің кеңейуіне үлесімді қоса отырып, қызу пікірталас жүргіземін. Оның қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Қай салада да  жақсы жетістікке жету  үшін  ең  алдымен  жақсы  ниет  пен  тәртіп  керек. Алдағы уақытта да жоспарлы мақсаттарымның аясында, заман талабына сай, өз Отанын сүйетін, халқын қастерлеп, салт – дәстүрін біліп өсетін, өзіне – өзі сенімді, білуге ұмтылатын талапты бүлдіршіндер тәрбиелеуге жалықпай еңбектенемін. Ұрпақ тәрбиесі – қоғам тәрбиесі. Қоғам иелерін озық етіп тәрбиелеу – біздің ел алдындағы борышымыз деп санаймын.


 

Ыбрай Нұрзада Көмекқызы
«№8 «Алтын сақа» балабақшасы» МКҚК
Өзін-өзі тану маманы
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.