Home » Білім және тұлға » Педагог мәртебесі әлі де болса жетілдіруді қажет етеді

Педагог мәртебесі әлі де болса жетілдіруді қажет етеді

Роза Әбіләкімқызы: «Педагог мәртебесі әлі де болса жетілдіруді қажет етеді»

 

Болатаева Роза Әбіләкімқызы – Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, ҚР Білім саласының озық қызметкері, Нұр-Сұлтан қаласындағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің директоры.

 Құрметті Роза Әбіләкімқызы, Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі Нұр-Сұлтан қаласындағы көшбасшы оқу ордасының бірі деген пікірдемін. 2004 жылы ашылды, 15 жыл толды. Жаңағы әңгімемізде Сіз 2007 жылы Райымбек батыр есімі берілгендігін, білім ордасын Елбасы Нұрағаның өзі арнайы келіп ашқанын, Елбасы 2007 жылы  алғаш онлайн-сабақ бергенін тілге тиек еттіңіз. Сұхбатымыз қысқа болса да «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» газеттерін оқитыныңыз мені қатты толқытты. Риза болдым. Рухтас, мақсаттас, мүдделес болып шықтық. Алғашқыда он жыл Сексенова Әлия Серғазықызы мектеп тізгінің ұстағанын білдім. Кейінгі бес жылдай уақыт мектеп басшысы міндетін атқарудасыз. Айтыңызшы, Сізді адам, тұлға, басшы ретінде қандай ой мазалайды?

  • Мектеп басшысын білім жүйесінің болашағы, басқарып отырған мектебінің табысқа жету жолдары мазалайтыны белгілі. Өзіңіз білесіз, әлемдік білім жүйесінің көшінен қалмай сапалы және жаңа мазмұнда оқыту заман талабы болып отыр. Жастардың мәдени, эмоционалдық, зияткерлік, әлеуметтік және рухани жағынан даму мүмкіндігін қамтасыз етуге бағытталған жаңа мазмұнды оқыту мұғалімдердің үздіксіз білім алып, жүйелі түрде ізденісте болғанда ғана нәтижеге қол жеткізетін көрсетті. Сондықтан бәсекеге қабілетті кәсіби маман болып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруі үшін мұғалімдеріміздің шеберлігін үздіксіз шыңдау мәселесі төңірегінде көбірек толғанамын.
  • Ана тіліміздің қоғамдағы рөлінен, қолданысынан қандай ой түйесіз?
  • Ана тіліміздің қоғамдағы рөліне көңілім тоя қоймайды. Өйткені өз ұлтымыздың ішінде өзіміздің көркем тілімізді қолданбай, орыс тілінде сөйлейтіндері көп. Керісінше, өзге ұлт өкілдері қазақша оқуға ынталанып, қазақ әндерін айтуға қызығушылық танытып жүр. Бұған Димаш Құдайберген баламыздың қосқан үлесі зор болып тұрған сияқты. Әр қазақ сол Димаштай ұлтжанды болғанда тіліміздің мәртебесі баяғыда-ақ шарықтап кетер еді деп ойлаймын.

Ең бастысы – мемлекеттік деңгейдегі маңызды шаралар тек мемлекеттік тілге көшпей, жуық арада ана тіліміз оңала қоймас. Басы қазақша басталып, 90% орыс тілінде өтетін жиындар толық қазақшаланғанда ғана сұраныс артады. Түсінбеген жұрт түсінуге әрекеттенеді. Қажеттілік туғанда қажет тілде сөйлемейтін адам болмайды.

Мектептегі мұғалімдер, оқушылар ана тілімізді қалай қастерлеп, қадірлеп, төбелеріне көтеріп жүр?

— Мұғалімдер – ана тіліміздің нағыз жанашырлары десем, артық айтқандық емес. Өйткені баланың ана тіліне деген құрмет сезімін ең алғаш отбасы қалайтын болса, одан әрі  балабақша мен мектепте одан әрі дамиды. Үзілістерде тілін шұбарлап сөйлейтін оқушыларымыз кездесіп жатады. Ата-аналарымыздың да көпшілігі орыстілді. Ол жасырын емес. Біздің әрбір мұғаліміміз тіл шұбарлап сөйлейтін оқушылардың әрқайсысымен ерінбей сөйлесіп, түсіндіріп, болашақта да бақылауына ала отырып, сол баланың өз ана тілінде еркін сөйлеп кетуін қадағалауды азаматтық парызы санайды. Ата-ананы да тәрбиелейтін кездеріміз болады. Бұл тек біздің мектеп мұғалімдеріне ғана емес, барлық қазақ мектептерінің ұстаздарына тән қасиет.

Өзіңіздің мұғалімдік, оқытушылық, ұстаздық жолыңыз туралы өзіме, үнжария оқырмандарына қандай мәлімет, дерек бересіз?

— Мұғалімдікті таңдап, мектепке маман ретінде аяқ басқаныма 30 жылдан асты. Біздің бала кезімізде мұғалім мәртебесінің жоғары болғаны соншалықты, мұғалім болуды армандамайтын бала кемде-кем болатын. Әсіресе, жақсы оқитын оқушының мұғалім болмауы мүмкін емес сияқты көрінетін. Ұстаздарымыз да жақсы оқитын оқушының болашақта мұғалім болып мектепке қайта оралатынына нық сенімді болатын. Сондай сенім артылған оқушының бірі болдым.

— Анам айтып отырады: «1-сыныпқа барған сәтіңнен бастап-ақ аула балаларын «оқытып», мұғалім рөлін ойнай бастадың. Сол кезден болашақ мұғалім екеніңді білдім», — деп. Анамның жүрегі алдамапты. Өзің сүйген мамандықтың иесі болу да бір бақыт қой. «Бақытты ұстазбын» деп мақтанышпен айта аламын!

Қиындығы мен қызығы мол ұстаздық жолымда мыңдаған шәкірттер өтті алдымнан. Ұстаздық мамандықтың қыр-сырын меңгере жүріп талай сындардан өттім. Байқауларға қатысып, жеңімпаз болдым. Әкімшілік қызметке араластым.

2005 жылы мектеп директоры болуға ұсыныс жасалды. Бастапқыда келісім бермедім. Өйткені аса жауапты лауазым екенін қатты сезінген кезім болатын. Алайда, артылған сенім үдесінен шығу міндеті тұрды. Содан бері 14 жыл осы лауазымда қызмет етіп келемін. Ұстаздарға ұстаз болу оңай емес. Дегенмен «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ұстаздарымызбен ақылдаса отырып, бөлінген көшбасшылықпен жұмыс істеу арқасында ұйыған ұжым болып еңбек етіп келеміз.

Биылғы оқу жылының  мен үшін ерекше бір жетістігі — үздік түлегіміз Жұмахан Нұршаттың мұғалімдік мамандықты таңдауы болды. Мұғалімдікке үздіктер талпынар күнге жету мен үшін арман болатын. Ұстаздық мамандық әр түлектің аңсаған арманы болар күнге жетейік!

— Қандай отбасыдан қанат қақтыңыз? Туған өлкеңіз жайында не айтар едіңіз?

Туып-өскен жерімАлматы облысының Панфилов ауданындағы Көктал ауылы. Әкем — еңбек ардагері, анам — «Алтын алқа» иегері. Көпбалалы, тату-тәтті отбасының екінші перзентімін.

Білім алған және ең алғаш еңбек жолымды бастаған мектебім — Абай атындағы орта мектеп. Бүгінде мәуелі бәйтеректей жайқалған, тарихы тереңге кеткен білім ордасы.

— Бас қаламыздағы өзіндік орны бар мектептеріміздің бірі болу зор табыс, жетістік, абырой, бедел екені сөзсіз. Сондықтан қала тұрғындары да, шәкірттеріңіз де, зиялы қауым болса болмаса ұдайы, үздіксіз назарларыңда ұстайды. Қазіргі кездегі оқушылардың, балалар мен жас жеткіншектердің білімге деген ынтасы, талпынысына қандай баға бересіз?

Қаламызда табысты мектептердің көп екенін айтқым келеді. Бәсекеге қабілетті болу мақсатында ұстаздарымыз ұйымшылдықпен тынбай, ізденісте еңбектенеді. Нәтижесінде қала, республика көлемінде өтетін түрлі байқауларға қатысып, өз мүмкіндіктерімізді сынға салып отырамыз. Жүлделі орындар алып, мектебіміздің материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш саламыз.  Мектебіміз 2012 және 2016 жылдары «Үздік мектеп» атанып, екі мәрте қала Әкімінің грантын иеленді.

Өткен жылдан енгізілген жан басына шаққандағы қаржыландыру да бәсекеге қабілеттіліктің негізіне айналып отыр. Өзіңіз айтқандай, ата-аналар мектеп таңдауда оның жетістіктерімен танысып, өсу-даму жолдарына ерекше мән береді, ұдайы назарда ұстайды.

Ал оқушылардың білімге деген ынтасына келетін болсақ, қазіргі кездегі жаңаша оқыту оқушылардың өз бетімен ізденуіне жол ашып, ынталаларын арттырғаны байқалады. Оқушылардың талпыныстары жоғарылады. Өз беттерімен білім алу дағдылары даму үстінде. Бұл бағдарламаны толық меңгергенде жан-жақты дамыған, болашағы айқын, бәсекеге қабілетті рухани бай тұлға қалыптасатынына сенемін.

— Жалпы еліміздің орта деңгейдегі білім беру жүйесінде қандай түйіткілді түйіндер бар?

— Білім жүйесінің түйткілді түйіндері көп қой. Даму үстіндегі жүйеге тән түйткілді түйіндердің болуы заңдылық. Дегенмен педагог мәртебесі,  үштілділік, оқулықтардың сапасы, мұғалімдерді аттестациялау мәселелерінде жетілдіруді қажет ететін тұстар бар. Оның бәрінің шешімінің табылуына уақыт керек. Жақында ғана тағайындалған жаңа министр А.Қ.Аймағамбетов мырза оның бәрін қолға алды. Оң шешімін табарына сеніміміз мол.

Мектеп оқушыларының ата-аналарына қандай ой-пікірлеріңіз, ұсыныстарыңыз бар?

— Ата-аналардың жаңалықтарды жатсынбай қабылдап, енгізіліп жатқан реформаларға түсіністікпен қарағанын қалар едім. Жаңаша оқытуда баланы оқыту процесіне белсене қатысуға тартудың сыры-ынталандыру, алға жылжыту, өзінің білімін анықтауға мүмкіндік беру, сыныптасымен  пікір алмасуға және оның жұмысын бағалауға мүмкіндік беру болып табылады. Кері байланыс-оқытудың аса маңызды құралы. Осы орайда мұғалімдерге ата-ана көмегі ауадай қажет.

Ұлттық баспасөздің оқырманы болғаныңыз мені қатты толқытты. Әдебиетке, өнерге жақындығыңызды сездім. Білім саласындағы еңбегіңіз жана берсін!

Рақмет!

Келдібай ҰЛЖАН

«BILIM AINASY»

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.