Home » Мақалалар » ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ – МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ

ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ – МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ

«Еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында,
ал жастардың болашағы мен білімі – мұғалімдердің
мінсіз қызметіне байланысты болмақ»
Н.Ә. Назарбаев

Бүгінгі ақпараттар ағылған технологиялық мәдениет дәуірінде заманауи ұстаздық қызметтің жауапкершілігі мол. Тегінде ұстаздық қызмет, ғылыми зерттеушілік бір күнде жарқ етіп көріне салатын оңай дүние емес екені баршамызға мәлім. Ол ұзақ жыл талмай ізденудің, жалықпай еңбектенудің нәтижесі болары анық. Жаңашыл ұстаз – заман талабы. «ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болу керек?» — деген сұраққа, ол өзінің теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асыра алатын, жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз жеке тұлға болуы тиіс деп жауап берер едік. Қазіргі заманда үйреніп, ізденбей табысқа жету мүмкін емес екені баршамызға мәлім.

Дамыған елу елдің қатарында болу – еліміздің даму стратегиясының басты саясаты. Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деп атап өткен болатын.  «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында». Ендеше, елдің дамығандығының белгілері ғылым мен техниканың, экономиканың жетістіктері болса, мұның барып тірелер жері – білім, ал білім беру тетігі – мұғалім. Сондықтан мұғалімге жүктелетін міндет – жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу. Мұғалімнің негізгі мақсаты мен міндеті – оқушыларға сапалы білім берумен олардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білімнің асқар биік шыңына шығаруға бар күш-жігерін аямай жұмсай білгенде ғана, білім беру жүйесінде «Қазақстанның болашағы – жастарымыз» үшін үлкен жетістік пен оның жемісі көрінері айқын.

Халқымыз қай кезде де ұстаз мәртебесін жоғары бағалаған». Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деумен, бар жақсы ниет-тілекті ұстазға арнаған.  Қазақтың ұлы кемеңгер ақыны Абай Құнанбаев: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады» — деп жеткізген. Ұстаз – бүкіл адамзат баласы, барлық мамандық иесі бас иетін асыл тұлға. Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Олай болса, ұстаз мектептің жүрегі, қоғамның тірегі.

Қоғамға парасатты да рухы биік тұлға тәрбиелеудегі ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек. Бір сағаттық сөзін бір сөзбен түйе білген дана халқымыздың: «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» — дегенін ескерсек, қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытары сөзсіз.

Әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?! Өйткені, өмірдің заңы – даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін шебер ұстаздар үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін-өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет.

Тәуелсіздіктің арқасында көкжиегіміз кеңейіп, еліміз көптеген алыс- жақын шетелдермен тығыз қарым-қатынас орнатты. Бұл да біздің ғасырдың оқу-ағарту саласында біршама алға жылжығанының белгісі, жаһандану заманының адам баласына әкелген көп жеңілдіктерінің бірі. Бүгінде оқушылар мектепте бағыты айқын әр түрлі оқу бағдарламалары мен жаңа технологиялар бойынша білім алуда. Бұл олардың ертеңгі күні дамыған дәуірімізде, озық технологиялармен жұмыс істеуге қабілетті, жан-жақты маман болып шығуының кепілі болмақ. ХХІ ғасыр бұл біздің үлкен қызмет атқарып, көптеген алға қойылған мақсаттарымызды жүзеге асырып, елдің пайдасына үлкен жемісті еңбек етуімізге жағдай жасалған даңғыл дәуір десек, артық айтпағанымыз.

Күн сайын қарыштап дамып, дамыған елдермен терезесін теңестіріп келе жатқан Қазақстан мемлекеті үшін өзгеріс әбден керек. Ендеше білім саласындағы тың өзгерістер өте орынды. Педагог мәртебесін көтеру – жаңашыл мұғалімді қалыптастырудың бастауы. Ұлт тәрбиешісі саналатын педагог мәртебесі мен кәсіби біліктілік деңгейін көтеру әрдайым заманауи білім берудің стратегиялық құралы болып табылады.

Ағымдағы жылдың 15 қаңтарында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Мұқанова Сәулеш Дімкешқызы Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысында «Педагог мәртебесі – мемлекет пен қоғам жауапкершілігінің индикаторы» тақырыбында жасаған баяндамасында 19 баптың V тарауы «Педагогтерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру» негізгі мазмұнын және педагогтың үздіксіз кәсіби дамуының нормаларын көрсетті. Отырыс жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Е. Бектурганов, Қарағанды облысының білім басқармасының және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымы өкілдері, Қарағанды және Алматы қалаларының ЖОО қатысты. Отырыстың мақсаты – Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын талқылау бойынша сұқбат алаңын құру, жобаны жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болды.

Қатысушылар педагог мәртебесін арттыруда барлығы бірдей болуы керек екенін атап өтті, өйткені оның артында еліміздің болашағы, Қазақстанның жаңа ұрпақтарының болашағы тұрғанын айқындады.

Мемлекет «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы арқылы қоғам дамуының заманауи кезеңінің құндылықтары дамудың хабарламасы ретінде жасалынғанын, еліміздің әлеуметтік секторын дамытудың басымдықтарын, еңбек беделін көтеруге атсалысуын көрсетті.

Елбасының «Жаңа адамды – жаңашыл мұғалім ғана тәрбиелейді» — деп айтқанын ескерсек, педагог мәртебесін көтеру арқылы сапалы оқытудың нәтижесі болатынына көз жеткіземіз.

 

Туғанбаева Тілеу,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ
оқу жұмысы мен мониторинг қызметі
бөлімінің бас маманы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.