Функционалдық сауаттылық – білім берудің жеке тұлғаны қалыптастырудағы әлеуметтік бағдарлануы. Қазіргі тез өзгермелі әлемде функционалдық сауаттылық – оқушының әлеуметтік мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық фактор. Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Осы бағдарламаны басшылыққа ала отырып, ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы №832 қаулысымен «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспары» бекітілді. Бұл Ұлттық жоспар – білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары. Функционалдық сауаттылық бойынша Ұлттық жоспардың маңызы ерекше. Жоспардың басты мақсаты – оқушыларды алған білімдерін өмірде тиімді қолдана алуға үйрету.
Жоспарда мақсат, міндеттер нақты қойылған, ағымдағы жағдайды талдау, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту тетіктері, білім стандарттарын, оқу бағдарламалары мен жоспарларын жаңарту, оқыту нысандарын, әдістері мен технологияларын жаңарту, мектеп оқушыларын оқыту нәтижелерін бағалау жүйесін дамыту, ата-аналардың қатысуын қамтамасыз ету, қосымша білім беруді дамыту, күтілетін нәтиже, қажетті ресурс нақты көрсетілген. Осы ұлттық жоспарды іске асыру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша жалпы үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Күнделікті өмір тынысымен бірге тіршілік етіп, ұрпақ тәрбиелеп отырған ұстаздар үшін заман ағымына қарай оқыту басты мақсат. Әрбір мұғалімнің алдында тұрған міндет – сабақтың сапасын көтеру, түрін жетілдіру, ақпараттық технологияларды пайдалану, оқушының өз бетінше ізденуін қалыптастыру, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, құзыретті жеке тұлға тәрбиелеу. Бұрынғы оқушы тек тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы – өздігінен білім іздейтін және сол алған білімін күнделікті өмірде қолдана алатын жеке тұлға. Оқушылардың оқу қызметін ұйымдастырудағы мұғалімнің басты мақсаты білімді дайын күйінде беру емес, ізденушілік, зерттеушілік, жобалық тапсырмаларды орындау арқылы білімнің басым бөлігін өз беттерінше меңгеруін қамтамасыз ету.
Физика сабағында оқушылар алған білімдерін күнделікті өмірмен байланыстыра алуын қамтамасыз ету физика пәні мұғалімдерінің ең басты міндеті болып саналады. Физика ғылымы табиғат туралы ғылым болғандықтан, оқушыларға сан алуан физикалық құбылыстарды жаттап алу емес, түсіну қажет болады. Оны түсіну үшін бала терең ойлана алуы қажет. Ал ойлау дағдыларын қалыптастыру оларға мұғалімдердің сабақ барысында ойлануға түрткі болатын тапсырмалардың берілуіне байланысты. Ондай тапсырмалардың түрлері сан алуан болуы мүмкін, мысалы: эксперименттік тапсырмалар, ғылыми жобалар, жобалық жұмыстар, өзіндік жұмыстар және т.б.
Мысалы, үй жағдайында оқушы мынадай эксперименттік тапсырмаларды орындауы мүмкін:
— суы бар мензурканың көмегімен тастың көлемін анықтау;
— таразының көмегімен кәстрөлдің сыйымдылығын анықтау;
— суы бар тік бұрышты ыдыста жүзіп жүрген дененің массасын сызғыштың көмегімен анықтау;
— өз бөлмесінің көлемін, ондағы ауа массасын анықтау, т.б.
8 сыныпта өтілетін «Жылу құбылыстары» тарауының ішінде «Отын энергиясы» атты тақырыпты өту кезінде адамдар тұтынатын тамақтардың беретін энергиясы жайлы айта келіп, оқушылардың өздеріне жобалық тапсырмалар беруге болады. Мұндай тапсырмаларды орындау кезінде балалардың химия, биология пәндерінде алған білімдерін де пайдалануына тура келеді. Адам организміне қажетті бүкіл энергия тамақпен келеді. Біздің организміміздің зат алмасу қызметінің жүзеге асуына жұмсалатын энергия азық-түліктегі көмірсулардың, майлар мен нәруыздардың химиялық тотығу реакциясы барысында бөлінеді. Азық-түлік адам организмінде энергияны аккумуляцияланған және қолдануға дайын түрде ұстайтын жанармай рөлін атқарады.
Энергияның тағы бір өлшемі – калория. Калория дегеніміз – биохимиялық реакция кезіндегі адам организмінде бөлінетін жылудың мөлшері. Әр адамның калорияға деген қажеттілігі жасына және айналысатын жұмыс түріне байланысты әртүрлі болады. Осыған орай оқушыларға таңғы, түскі, кешкі немесе бір күн бойы тұтынатын астың энергетикалық құндылығын анықтауға тапсырмалар беруге болады.
Сондай-ақ 8 сыныпта «Токтың жұмысы мен қуаты» тақырыбын өту кезінде балаларға үйлеріндегі пайдаланып жүрген электр құрылғыларының паспортындағы мәліметтерін пайдалана отырып, олардың тұтынатын қуатын, атқаратын жұмысын және тәуліктік немесе айлық төленетін қаржысын есептеуге байланысты да арнайы тапсырмалар беруге болады. Мұндай тапсырмалар оқушылардың теориялық білімін практикада қолдана алуына үлкен ықпалын тигізеді.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда мектептік ғылыми жобалардың да атқарар рөлі зор. Ғылыми жобалар оқушыларды шығармашылықпен жұмыс жасауға, өздігінен ізденуге, ақпарат көздерімен жұмыс жасай білуге, өзінің жинаған білімін өмірде қолдана білуге үйретеді. Осы тұрғыда оқушылардың ғылыми жұмыстарының негізгі мақсаты мен міндеттерін былайша тұжырымдауға болады:
- дарынды жастардың ғылымға деген қызығушылығын және ғылыми зерттеулер жүргізу машығын қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін таныту және дамыту, ғылыми ізденудің әдістерін меңгерту;
- оқушылардың еңбекке шығармашылық тұрғыдан қарауын, өмірлік және азаматтық көзқарастарын қалыптастыру, жоғары адамгершілік қасиеттері мен рухани мәдениетін дамыту.
Әр жобаның өзіндік ерешелігімен қоса, зерттеу әдісі де өзгеше болады. Оқушыны ғылыми-зерттеу жұмысына қатыстыру үшін алдымен, оны қызықтыра отырып, зерттеу талабын қалыптастыру керек. Яғни оқушы ақпаратты ала білуге, оны басқаларға хабарлай білуге талпынуы тиіс. Физика сабағында кейбір құбылыстарды тәжірибе жүзінде көрсетпейінше, баланы бұл іске қызықтыру мүмкін болмайды. Сондықтан оқушыларға кейде тапсырмаларды жұптық, топтық негізде орындатуға болады. Қажет болса, құбылысты бақылауға, оның себеп-салдарларын анықтауға біршама уақыт беруге болады.
Oқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған білім мазмұнын игерген оқушылардың білімдері мен біліктері өмірлік жағдаяттарда қолдана білуді, әртүрлі ақпарат көздерімен жұмыс істей білуді және алынған ақпараттарды сыни тұрғыдан бағалай білуді, өзінің болжамдарын ұсыну және зерттеулер жүргізу, өзінің ойын негіздей білуді; іскерлігі мен дағдыларын адами іс-әрекеттердің әртүрлі салаларында, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастарда өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалануды қамтамасыз етеді.
Оқушыларға өзіндік жұмыстарды бере отырып та функционалдық сауаттылықтарын арттыруға әбден болады. Оқушылардың өзіндік жұмысына, мұғалімнің тапсырмасы бойынша, олардың өздері жоспар жасап, істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалап орындайтын жұмыстары жатады. Сонымен қатар оқушылардың өзіндік жұмысының жоғарғы формасына олардың өз еркімен жаңа амал-тәсілдер қолданып, жасайтын шығармашылық жұмыстарын жатқызамыз. Мұғалім оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыруда өзінің басшылық әрекетін олардың талап-тілектеріне сәйкес ойдағыдай ұштастыра білуі қажет. Бұл мұғалімнен шығармашылық еңбек пен әдістемелік шеберлікті талап етеді. Оқушылардың өзіндік жұмыстарының түрлері сан алуан. Оқушылардың өзіндік жұмыстарын топтастыруда бірнеше шарттар мен белгілерді ескеру қажет.
Шығармашылық өзіндік жұмысқа оқушылардың өздігінен шығарма, баяндама, реферат, пікір жазу, модельдер жасауы және т.б. жатады.
Oқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған білім мазмұнын игерген оқушылар білімдері мен біліктерін өмірлік жағдаяттарда қолдана біледі; әртүрлі ақпарат көздерімен жұмыс істей біледі; алынған ақпараттарды сыни тұрғыдан бағалай біледі; өзінің болжамдарын ұсына алады және зерттеулер жүргізеді; іскерлігі мен дағдыларын адами іс-әрекеттердің әртүрлі салаларында, сондай-ақ тұлғааралық қарым-қатынас пен әлеуметтік қатынастарда өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалануды қамтамасыз етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- «Математика және физика» Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал №3, 2012 ж.
- «Математика және физика» Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал №2, 2014 ж.
- kz сайты
- Интернет ресурстары.
Дуйсембекова Гаухар Есенбекқызы,
ОҚО ББ ӘК физика пәнінің әдіскері,
Шымкент қаласы