Қазіргі білім беру саласының өзекті мәселелерінің бірі – уақыт талабына сай педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру және жетілдіру болып табылады. Кәсіби құзыреттіліктің дамуы – бұл маманның кәсіби тәжірибені меңгеруі және жетілдіруі болып табылады. «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ ұйымдастыруымен 2018 жылдың маусым айынан бастап мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары және жоғары оқу орындарына арналған бейне-сабақтар мен бейне-дәрістердің жыл сайынғы Республикалық «ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ПАНОРАМАСЫ» байқауының аймақтық кезеңі өтті. Байқау бірыңғай ақпараттық-білім кеңістігінде заманауи педагогикалық тәжірибені жинақтау және насихаттау, педагогтердің ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттыру мақсатында жүргізілді. Байқау келесі бағыттарды қамтиды: мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы заманауи технологиялар; орта білім беруді оқытудағы заманауи технологиялар; техникалық және кәсіптік оқытудағы заманауи технологиялар; жоғары білімді оқытудағы заманауи технологиялар; қосымша білім беруді оқытудағы заманауи технологиялар.
Білім беру, оқыту әдістемесі, медиа технология саласындағы білікті мамандар қатарынан жасақталған Сараптамалық кеңес мүшелері түскен бейне материалдарды бағалау жүргізді. Байқауға 22 аталым бойынша бейнематериалдар келіп түсті. Әр бір жұмыс өзінің жаңашылдығы, өзектілігі, білім берудің заманауи талаптарына сай болуымен, тәжірибелік бағыттылығы және материалдың әдістемелік құндылығымен ерекшеленді. Сараптамалық кеңес мүшелері бейнематериалдарды Ереже бойынша бағалау критерийлеріне сәйкес бағалады. Байқаудың 4 бағыты бойынша жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі «Достық үйінің» мәжіліс залында өтті.
Барлық қатысушыларға сертификаттар берілді. Байқау жеңімпаздары дипломдар және мадақтау қағаздарымен марапатталды және I және II жүлделі орын алған жеңімпазға «Білім-kz» республикалық-педагогикалық журналына, III орын алғандарға – «Заманауи ұстаз» газетіне тегін жарияланым жасау құқығы беріледі. Олар Байқаудың Республикалық кезеңіне қатысуға ұсынымдар алады.
Тойганбекова Ш.М.
«Өрлеу»БАҰО» АҚ филиалы «Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ»
каф.мең., п.ғ.к., қ/профессор
Г.А.Иманалиева
«Өрлеу»БАҰО» АҚ филиалы «Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ»
Инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы