2018 жылдың 5 қазан күнгі Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Қазақстан халқына арналған Жолдауы педагогтарға үлкен бір серпін берді.
Елбасының негізгі саясаты еліміздің орнықты дамуы мен өмір сүру деңгейін арттыруда, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру. Осы тұрғыда, халқымыздың әл-ауқатын дамыту, тұрмыс сапасын арттыруға байланысты төмендегідей көкейкесті мәселелерді көтерді:
І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ
- ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ
III. ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ
- АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІК
АППАРАТ
- ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ
VІ. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР
ҮДЕРІСТЕРІНЕ АТСАЛЫСУЫ
Жолдауда еліміздің бүкіл қоғамдық-әлеуметтік саласының барлық тұстары қамтылып, басты мақсат адами капиталды дамыту, халықтың тұрмыс жағдайы мен өмір тіршілігін жетілдіру мемлекеттің көкейкесті мәселесі екендігі айтылды.
Атап айтқанда, Н.Ә.Назарбаев бірінші кезекте, педагог қызметкерлердің мәртебесі, құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі, еңбек ақы жүйесі, әлеуметтік кепілдіктерін Жолдаудың «II. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» бөлімінде қарастырды.
Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда «Жергілікті билік барлық жұмысты мұғалімдердің мойнына артып қоятынын» сынады. Не болса соның бәрі мұғалімдерге жүктеледі. Сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат компаниясын да мұғалімдер жүргізеді. Бұл үшін оларға ешнәрсе төлемейді. Олар жұмысын істеп, сабаққа дайындалуы тиіс. Бұл аз болғандай, оларды тексереді» — деді.
Елбасы Қазақстан педагогтарына араша түсіп, келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Жолдауда айтылғандай, мұндай құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға бағытталған деп түсінеміз.
Расында да, бүгінгі таңда педагогтардың беделі төмендеп, жастардың педагогикалық мамандықты таңдамауы, қоғамда жиі кездесіп отыр. Бүкіл әлемде педагог жоғары беделді, ең сыйлы, қадірлі, мәртебелі мамандық ретінде үлкен құрметке ие.
Сондай-ақ Елбасы Жолдауда педагог қызметкерлердің мәртебесін өткір айта отырып, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, олардың айлық жалақыларының төмендігі қозғалды. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігі, балалардың тұлғалық қасиеттері осы кезеңде қалыптасатындығын, білім беру ісінде креативтілікті ендіруді ұсынды.
Расында да, «Педагогтар» — деп жалпы атаумен аталғанымен, мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің жұмыс жүйесінде ерекше көңіл бөлінетін мәселелер бар. Біріншіден, балабақша тәрбиешілерінің айлық жалақысы мектеп мұғалімдеріне қарағанда өте төмен, екіншіден тәрбиеші бүгінгі таңдағы жаңа заман балаларының гипербелсенді, психологиялық тұрақсыз, сөйлеу тіл дамымаған, мүкістігі мен түрлі ауытқушылықтардың анықталатын мектепке дейінгі кезеңдегі бүлдіршіндермен жұмыс істейді.
Жұмыс барысында балабақша педагогтары мен психологтары мектеп жасына дейінгі балалардың тұлғалық дамуының сензетивті кезеңінде балалардың балабақша ортасына бейімделуі, психологиялық дағдарыстар, психологиялық ауытқушылықтардың алғашқы көріністері мен тіл мүкістігінің анықталуы сияқты күрделі процестермен жиі ұшырасады. Осындай жағдайда мектеп жасына дейінгі балаларды оқытып, тәрбиелеу, мектепке даярлау жұмысын жүзеге асыру өте күрделі болып табылады. Сондықтан да, «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығына қазіргі жастардың қызығушылық танытпауы, тәрбиешілердің жетіспеушілігі, балабақша логопеді мен психологтарға бөлінетін штаттың аздығы педагог мәртебесін төмендетеді.
Дамыған мемлекеттерде балалардың жасы неғұрлым кіші болса, соғұрлым айлық жалақысы жоғары болатыны белгілі. Сондықтан да, Елбасының «Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл «Жол картасын» әзірлеуі керектігін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажеттігі туралы көтерген мәселесі өте орынды деп білеміз.
Сондай-ақ Н.Ә.Назарбаев елімізде жүргізіліп жатқан барлық реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың ортақ мақсатқа жұмылуын, оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне сай жасауды тапсырды.
Расында да, Елбасының биылғы Жолдауы бүкіл халыққа, әсіресе педагогтар қауымына үлкен үміт пен болашаққа деген сенім сыйлады.
Р. Т.Бейсенбекова,
№35 «Ер Төстік» балабақшасының әдіскері,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы