Home » Жаңалықтар » Педагогтар шеберліктерін жетілдірді

Педагогтар шеберліктерін жетілдірді

Оралда «Батыс өсу векторы» жобасының бастауыш сынып және «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдеріне арналған кезеңі ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылдың 26-28 наурызы аралығында қаладағы М.Ықсанов атындағы №36 орта мектепте өткен семинар жұмысына жүз шақты оқытушы қатысты. Өткен жылдың тамыз айында өңірімізде бастау алған «Батыс өсу векторы» жобасы мамандарды жаңашылдыққа үйретуге бағытталған. Әрбір сала бойынша кезең-кезеңмен өткізіліп келе жатқан жоба бұл жолы бастауыш сынып оқытушылары мен «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдеріне арналды.

Ұстаздардың осы жолы М.Ықсанов атындағы №36 мектепте бас қосуы тегін емес.

Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізуде республика бойынша отыз пилоттық мектеп бекітілгені белгілі. Соның екеуі – біздің облысымызда. Олар – Оралдағы М.Ықсанов атындағы №36 орта мектеп пен Теректі ауданындағы Шаған жалпы орта білім беретін мектебі. Сол апробация сыныбының оқушылары биыл 4-сыныпты тәмамдайды. Демек, пилоттық жоба осы оқу жылында өз мәресіне жетеді.

Семинардың екінші күнінде М.Ықсанов атындағы №36 орта мектептің директоры Азима Ғұбашева жаңартылған білім беру мазмұнының негізгі ерекшеліктеріне тоқталса, осы мектептің бастауыш сынып мұғалімдері өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзинаның айтуынша, бұл семинардың маңызы зор. – «Өсу векторы» аясында бастауыш сынып мұғалімдері пилоттық жоба барысындағы жаңартылған білім беру мазмұнының өзіндік қиыншылықтары, бағалаудағы, ата-анамен жұмыс жасаудағы, сабақ берудегі әдіс-тәсілдер туралы түсінік алды. Өзара тәжірибе алмасты. Сонымен қатар елімізде ұлттық құндылықтарды жеке тұлғаның бойына сіңіру, олардың азаматтық қасиеттерін қалыптастыру, рухани күш-қуатын арттыру, саламатты өмір салтына үйрету бағытында барлық жағдайлар жасалуда. Осы ретте «Өзін-өзі тану» пәні 2010-2011 оқу жылынан бастап барлық мектептерге енгізілді. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты жеке тұлға ретінде қалыптастыру, – деді Аягөз Орынбайқызы.

Облыс мектептерінен жиналған педагогтар шығармашылық дағдыларын жетілдіріп, кәсіби шеберліктерін жетілдіріп, психологиялық тренингтер арқылы өздерін ширатып, үш күн ішінде түрлі мәліметтерге қанықты. Сондай-ақ сұқбаттасу алаңында профессор Шалқыма Құрманалинамен, Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры Нұржан Сертековпен, журналист-қаламгер Мұнайдар Балмолдамен кездесті.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», БҚО  

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.