Home » Мақалалар » Педагогикалық қызметті критериалды бағалаудың білім берудегі маңыздылығы

Педагогикалық қызметті критериалды бағалаудың білім берудегі маңыздылығы

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы жалпы білім берудің жүйесін жетілдірудің жаңа кезеңіне аяқ басты. Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға дейінгі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сай қазақстандық білім беру жүйесінің маңызды міндеті – білім беру мазмұны мен құрылымын жаңарту, яғни жаңа мазмұнда білім беру моделін құрастыру.
Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үдерісі. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат — жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-талғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.
Бұрын оқытуда оқушылар тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келсе, ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек.
Бүгінгі білім беруде оқушыны білімділік, іскерлік, шығармашылық әдістерге баулудың жолдарын іздестіре отырып, мұғалім-шәкірт арасында рухани және сезім бірлестігін айқындайды. Қазіргі кезде оған жететін жаңа педагогикалық технологиялар да баршылық. Соның бірі — критериалды бағалау жолдары.
           Критериалды бағалау – оқушының оқу нәтижелерін білім беру мақсаттары мен мазмұнына сәйкес келетін, білім беру үдерісіне қатысушылардың (оқушы, мектеп әкімшілігі, ата-аналар, заңды тұлғалар және т.б.) барлығына алдын ала таныс, ұжым талқысынан өткен, нақты анықталған өлшемдер арқылы оқушының оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген үдеріс.
          Критерийлер — оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, атап айтқанда, оқушылар жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі.
Оқушы жетістіктерін критериалды бағалау жүйесінде үш жақты, яғни бұл бағалау жүйесі оқушы үшін не береді, мұғалімге қандай міндеттерді жүктейді, ата-анада қандай ой туындайды деп қарастыратын болсақ, оқушы :

  • сабақтың әр кезеңіндегі дайындық деңгейін және өзінің білім алу динамикасын анықтайды;
  • сабаққа қызығушылығы, белсенділігі артып, өзіне бағалау жүргізе алады;
  • білімі жүйеленіп, табандылық пен шыдамдылыққа тәрбиеленеді;
  • білім алу барысындағы қиындықты, қателікті, білім олқылықтарын және оның себептерін дер кезінде анықтай алады;
  • өзінің білім алу үдерісін қадағалап, дәл және жедел түрде сапалы білім алғаны жөнінде кері байланыс ақпаратын ала алады;
  • Оқушы барлық жұмыс түрлерінен бағалануы арқылы өзінің баға сапасын арттыра алады, сонымен бірге өзін бәсекелестікке итермелейді (өзіндік жұмыс, ағымдағы бағалау, қорытынды бақылау, тренинг, үй жұмысы, шығармашылық т.б.).

Мұғалім:

  • Сапалы нәтиже алуға бағытталған критерийлер әзірлей алады;
  • Өзінің іс-әрекетін жоспарлайды және талдауға жедел түрде ақпарат ала алады;
  • Әр оқушының жеке ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, жеке оқыту траекториясын құра алады;
  • Бағалаудың түрлі тәсілдері мен құралдарын қолдана отырып, білім беру сапасын арттыра алады;
  • Оқыту сапасын жақсарта отырып, Оқу бағдарламасын жетілдіруге ұсыныстар енгізе алады.

Ата-ана:

  • Өз баласының оқытылу деңгейі туралы объективті дәлелдер ала алады;
  • Баланың оқудағы прогресін қадағалай алады және оқу үдерісінде оқушыға қолдау көрсете алады;
  • Мектеп әкімшілігімен, мұғалімдермен кері байланыс орната отырып, баласының мектепте және сыныпта өзін жайлы сезінуіне мүмкіндік береді.

Бүгінгі мұғалім инновациялық білім беру тəжірибесінде тың серпіліске, өзгеруге дайын, білімді де білікті, жаңа талап межесінен көріне алатын шығармашыл — кәсіби шебер тұлға болу керек. Әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім, оқушылардың мектепте табысты оқуына ғана емес, өмірде де табысты болуына ықпал ете алатыны сөзсіз.
Мұғалім оқушылар үшін қандай да бір пән бойынша білім беретін адам ғана емес, сондай-ақ олардың оқудағы еңбегін қызықты, тиімді ұйымдастыра алатын, оларға үлгі болатын ерекше тұлға болуы керек. Жаңа заман мұғалімінен күнделікті оқушылармен қарым-қатынас барысында әрбір жағдаят үстінде ерекше білім деңгейін көрсетуді және шығармашыл шешім қабылдай алуын талап етіп отыр. Оны қанағаттандыру үшін қазіргі заманның мұғалімі жаңашыл, икемді, өзгерісті тез қабылдай алатын, жан-жақты, жаңа педагогикалық инновациялық технологияларды меңгерген болуы керек. Білім берудегі жаңғырту мен инновациялық үрдістердің жалғасуына ықпал етуші маңызды факторлардың бірі – мұғалімнің кәсіби шеберлігі. Қазіргі таңда пәнді жақсы, терең білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпты толық қамтитын, оны оқушыға жеткізе алатын, әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды дайындауда іскер, оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс-амалдарын, құралдарын еркін меңгерген, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарындылығын дамытудағы іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсына білетін ұстаз болу керек. Бұл — өмір талабы. Ал білім негізі бастауышта қаланады десек, бастауыш сыныпта әртүрлі тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың білім сапасын арттыру ең басты мәселе болып табылады.
Сондай-ақ білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек», — деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай болуды талап етеді. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді.
Жаңартылған білім берудің маңыздылығы сол, оқушы үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлай білуге, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, тәжірибе жасауға үйренеді және дағдыланады. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуі. Бұл оқушы білімінің пән бойынша әрбір сыныпқа жоғарылаған сайын жаңарып, толығып отыруына мүмкіндік туғызады. Осылайша берілген білім үздіксіз білім алуға жетелейді.
Білімді бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне көшуде. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлер бойынша кезеңдердің нақты жиынтығымен қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау арқылы өлшеніп, екшеліп барып қойылады. Оқушыларды осылайша бағалау әрекеті – баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Бұл – бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға дейінгі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы
  2. «Тиімді оқыту мен оқу» Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Тренерге арналған нұсқаулық, 2016ж
  3. «Биология» және «Жаратылыстану» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Тренерге арналған нұсқаулық, 2016ж
  4. «Интерактивті оқыту әдісін қолданып сабақты жоспарлау және басқару» әдістемелік құрал. Ж.А.Жартынова, В.Н.Ким, Т.Б.Корнилова, Н.Щ.Қойлық, А.Ш.Орақова, Алматы, 2014ж

МАТЕНОВА Дамеш Тлекбаевна,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-дың
деңгейлік бағдарламалар орталығының жетекшісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.