Home » Мақалалар » Педагогикалық технологиялардың білім беру саласында бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз етудегі орны  

Педагогикалық технологиялардың білім беру саласында бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз етудегі орны  

Қай елдің болсын өсіп өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына, даму бағытына тікелей байланысты.

«Бұл заман білеккке сенетін емес, білімге сенетін заман» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзінің астарында терең мағына мен ой жатыр. Демек, болашақта кез келген адам терең білім алмаса, оның болашағы жарқын болмасы  хақ.Себебі, қазіргі кезде әр адамның болашағы оның алған білімінің сапасы мен көлеміне қарай сарапқа салынады. Өмір ағымына тек білімі мен білігі жоғары адамдар ғана ілесе алады. Сондықтан білім беру саласында ұстаздар қауымының алдындағы мақсат- өмірге бейім, бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары, жан-жақты дамыған шығармашыл тұлға қалыптастыру.

Білім беру елдердің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия болып табылады. Көптеген авторлар, соның ішінде Виллем Те Вельде жаһанданудың қазіргі кезеңінде жоғары сапалы білімнің қажеттігі туралы өз пікірлерін айтты. Қазіргі таңда экономикалық өсу және азаматтардың әл-ауқаты үшін білімнің айтарлықтай маңызды екенін бүкіл әлем мойындауда. Муршед және басқа авторлар  жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында өзгеріс енгізу үдерісіне қатысатын жүйелердің саны артып отырғанын, білім беруді реформалаудың қарқынды артып келе жатқанын атап көрсетті. Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. Бұл сауалдар оқу бағдарламасымен және оқу бағдарламасын жүзеге асыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты. Барлық оқушылар өздері өмір сүретін әлемде жұмыс істеуге дайын болуы өте маңызды. Оқушылар күн сайын БАҚ және түрлі технологиялар арқылы орасан зор ақпаратпен танысатындықтан, тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым мүмкіндіктері оқушыларды барған сайын артып келе жатқан жаһандану жағдайындағы қоғамда қарым-қатынас жасауға дайындайды. Бірінші кезектегі және негізгі тіл болып табылатын қазақ тілі мен қазақ әдебиеті бойынша сапалы білім алу оқушылардың өздерінің ойлары мен эмоциясын басқаларға жеткізе алу үшін еркін оқуына және жазуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқылым және тыңдалым арқылы басқалар да олармен қарым-қатынас жасай алады. Оқушылар оқу арқылы мәдени, эмоциялық, зияткерлік, әлеуметтік және рухани жағынан дамуға мүмкіндік алады. Оқу оқушылардың жаңа білімді меңгеруіне де, сондай-ақ алған білімін әрі қарай дамытуына да мүмкіндік береді. Қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін адамдарға барлық тілдік дағдылар айтарлықтай маңызды болып табылады. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында жоғарыда сипатталған жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай жұмыстар республикалық деңгейде жүргізілуде. Оқу бағдарламасындағы ұлттық стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, мектеп мәнмәтіні арқылы ұлттық сананы қалыптастырып, іске асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Жаңартылған оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады. «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша жаңартылған оқу бағдарламалары да осы үдерістің құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл бағдарламалар оқушылардың оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым дағдыларын дамытуға көмектеседі. Оқушылар әр жылы келесі сыныпқа ауысқан сайын ақпаратты бағамдау, дәлелдерді қабылдау және өз дәлелдерін ұсыну, тапсырмаға, аудитория мен мақсатқа сай келетін терең жазбаша материал өндіру үшін аталған дағдыларын қолдануда шеберлігі арта түспек. Олар алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез келген орта жағдайында, ресми іскерлік ортада бәсекеге қабілетті болуға, қарым-қатынас үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік беретін білім алады. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті арқылы оқушылар өз білімдерін қажетті жағдайларда қолдануды үйренеді, соның нәтижесінде олардың бәсекеге қабілеттілігі артып, өмірде туындайтын әртүрлі қиындықтарды еңсеру барысында қолдануға мүмкіндік алады.

«Әрбір ұстаз-білікті маман, ал әрбір оқушы-ойшыл тұлға» деген қағидаларды ұстана отырып, білім беру үрдісінде кез келген ұстаз білім сапасын жақсарту мақсатында оқытудың озық технологияларын пайдаланады. Болашақ  ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде оқытушылардың инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негізін меңгеруі-маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

Бүгінгі ең негізгі мәселе болып отырған жағдай оқушылардың ойын оқу мен жазуға сын тұрғысынан ойлауды дамыта оқыту жүйесін қолға алу.

Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтірген Джинни Л.Стил, Куртис С.Мередит, Чарльз Тэмпл. Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады.

Сын тұрғысында ойлау барысындағы стратегияларды білімді меңгертудің әр түрлі кезеңінде қолдануға болады.

Сын тұрғысынан ойлау әдісі мұғалім қызметінде ұйымдастыра оқыту, оқушылардың жеке топпен жұмыс жасау негізінде білім алуымен ұштасады. Бұл стратегия оқушының жекелеген мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашуға бағытталады. Бұл әдістің ерекшелігі оқу әдісінде қолданылады. Яғни оқушылардың ауызша және жазбаша тілін, ойлау, есте сақтау қабілетін, әрбір ақпаратқа, сонымен бірге өзінің және басқаның шығармашылығына сыни қарауына, шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталады. СТО жобасы мұғалім мен оқушының белсенділігін арттыруда қолдануға болатын бірден – бір әдіс деп айтар едім. Бұл әдіс оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттырып, жаңа сабақты оқушының өзі меңгеруіне жағдай жасайды. Меңгерген жаңа тақырып бойынша салыстырулар, болжамдар жасайды, тақырыпты жүйелейді, ұмтылыс, белсенділік пайда болады. Оқушылар алған білімдері мен оған дейінгі білімдерін салыстырады.

Білімнің жаңа мазмұнын жүзеге асыру үшін жаңа технологиялар қажет. Сондай педагогикалық технологиялардың тиімдісі де осы сын тұрғысынан ойлау технологиясы.

Педагогикалық технологияның ерекшелігіне сүйене отырып, оның тиімді әдіс- тәсілдерін жетілдіруге болады. Атап айтқанда:

— дарынды оқушыны дамытады, оқушылар шығармашылығын арттырады;

— оқушылардың ойлау қабілетін жетілдіріп, білім сапасын көтереді;

— пәнге деген бейімділігі, қызығушылығы артады;

Осы технологияның арқасында оқушының белсендігі артып, жан- жақты талдауға, өз ойын ашық айтуға, сын тұрғысынан ойлауға үйренеді. Атақты американдық психолог және педагог Бенджамин Блум таксаномиясының негізінде құрылған сұрақтар жүйелілігі заманауи білім беру әлемінде өте белгілі. «Блум түймедағы» алты түрлі сауалдан құралады: қарапайым, дәлелдеуші, интерпретациялық, тәжірибелік, бағалау, шығармашылық. Мен өз тәжірибемде сын тұрғысынан ойлау технологиясының осы әдісін жиі   қолданамын. Атап айтсам,10-сыныпта Ш.Бөкеевтің «Қашқын» поэмасын «Блум түймедағы» әдісі арқылы өтіп, шығарманың  идеясының толық жан-жақты ашылуына себебін тигізгенін көрдім.

Қарапайым сұрақтар

  • Шығарманы ақын кімнен және не себепті аударды?
  • Бұл оқиға қайда және қай жылдар шамасында болды?
  • Шығарма кейіпкерлерін атаңыз. Басты кейіпкер кімдер?

Дәлелдеуші сұрақтар

  • Һарун неліктен соғыстан кетуге шешім қабылдады және өзінің туған ауылына?
  • Соғыстан қашып келе жатқанда Һарунның жолында қандай кедергілер кездесті?
  • Ауылына жеткен Һарунның көңіл-күйі суреттелген жолдарды   поэмадан табыңыз.
  • «Эмоция картасы» арқылы көрсетіңіз.

Интерпретациялық (түсіндірме) сұрақтар

  • Ауылға жеткен Һарун алдымен кімге және не үшін келді? Сәлім оған кім еді?

— Һарунды  көрген  Сәлімнің әрекеті қандай болды? Сәлімнің әрекеті суреттелген жолды тауып, түсіндіріңіз.

— Һарун сүйіктісінің үйіне келе тұра, не себепті кірмегенін түсіндіріңіз.

— «Ана мен бала» арасындағы диалогті келтіріңіз.

Бағалау сұрақтары

— Поэманың негізгі идеясы не?

— Һарунның іс-әрекетіне қандай баға берер едіңіз?

— Һарун ең жақын санаған адамдардың әрекетін қалай бағалайсыз?

Шығармашылық сұрақтар (жорамал) 

-Егер  Һарунның орнында сіз болсаңыз не істер едіңіз?

-Ерлік туралы мақал-мәтел айтыңыз.

Тәжірибелік сұрақтар

-Һарунға қандай насихат, ғибратты сөздер айтар едіңіз?

— Оның  тағдырын өзгертуге болатын ба еді?

— Эссе «Бүгінгі  таңда  Һарун  секілді азаматтар бар ма? »

Оқушылардың сұраққа жауап берумен  қатар, олардың әрбір тақырыпқа қатысты қарапайым, дәлелдеуші, интерпретациялық, тәжірибелік, бағалау, шығармашылық сауалдарды  құрастыруы  да маңызды болып табылды. Олар ізденді, ойланды, кез-келген мәнмәтінге байланысты дәлелдерді сыни тұрғыдан  талдауға, өз түйіндері мен пікірлерін,  ойларын жүйелі  жеткізуге үйренді. Бұл арқылы оқушылардың шығармашылық белсенділігі артты.

Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына төменгі шаралар орындалуы шарт:

1) сын тұрғысынан ойлауды тудыру үшін уақыт керек;

2) оқушыларға ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру;

3) әртүрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау;

4) үйрену барысындағы оқу-шылардың белсенді іс-әрекетін қолдау;

5) кейбір оқушылар түсіп қалған қолайсыз жағдайларды әжуаға айна-лдырмау;

6) оқушылардың бір-бірінің жауа-бына жасаған сынының дәлелді, дәйекті болуын талап ету;

7) сын тұрғысынан ойлауды бағалау

Мұғалім сабақта басқарушылық  міндеттер атқарады, оқушыға бағыт-бағдар беріп тұрады.Негізгі көңілді әрбір оқушының жеке мүмкіндіктерін, қабілеттерін, қызығушылықтарын анықтауға бөледі.

Оқушының қызметі көптеген тұлғалық қасиеттерге қарай бағаланады.Мұнда оқушының өзін-өзі бағалауына мүмкіндік беріледі.

С.Торайғыровтың:«Түзу ғылымнан, түзу ұстаздан тәлім алған тәліп неге түзелмесін» демекші,  инновациялық технологиялар арқылы оқушы бойына шығармашылық және сын тұрғысынан ойлай алатын, қарым-қатынас жасау қабілетін, өзгелердің мәдениетіне және көзқарастарына құрметпен қарайтын, жауапкершілік,  денсаулық, достық және айналадағыларға қамқорлық көрсететін, өмір бойы оқуға дайын болатын құндылықтарды дарыта аламыз.

 

 

Джанбыршиева Сандыгул,
Шымкент қаласы №17 жом

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Қазақ тілді мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2017 жыл.

2.Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ.

Алматы, 2014 жыл.

  1. Кембридж университеті бағдарламасының негізінде тренерлердің тәжірибе алмасу мастер-кластары. Алматы, 2014 жыл.
  2. Интерактивті оқыту әдісін қолданып сабақты жоспарлау және басқару. Алматы, 2014 жыл.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.