Төлеген Өмірбек Шаймұратұлы
Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы
педагогикалық колледжінің педагогика
пәнінің оқытушысы,
Педагогика ғылымдарының магистрі,
Білім беру ісінің үздігі
Бүгінгі күні елімізде 7 мыңнан аса жалпы орта білім беретін мектептер болса, солардың 40 пайыздан астамы, ал ауылдық жерлердегі мектептердің 90 пайызға жуығы – шағын жинақталған мектептер. Шағын жинақталған мектептер біріктірілген сынып-комплектілерімен, оқушылар санының аз болуымен, мұғалім жұмысында көппәнділік сабақтардың болуымен т.б. белгілерімен ерекшеленеді. Мұндай мектептерде оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктерінің болуы – заңдылық. Шағын жинақталған мектептер көпшілік жағдайда аудан, облыс орталықтарынан алыс, шалғай елді мекендерде орналасқан. Соңғы жылдары шағын жинақталған мектептерге мемлекет тарапынан біршама көңіл бөлінгенімен, мұндай мектептердің шешімін таппай отырған мәселелері әлі де жетерлік.
Шағын жинақталған мектеп мұғалімдері, әсіресе, әдістемелік көмекке, оқу-әдістемелік құралдарға зәру. Міне, осы мәселенің аз да болса шешімін табу мақсатында Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің ұжымы Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Айдарлы шағын жинақталған негізгі мектебіне әдістемелік көмек көрсету жұмыстарын өз жауапкершілігіне алып отыр. Колледж директоры Ахат Нұртас Ахатұлы шағын жинақталған мектеп мәселелерін жіті назарында ұстап, мұндай мектептердің тыныс-тіршілігін үнемі бақылап отырады. Осы мақсатта колледждің жылдық жоспарына шағын жинақталған мектептерге әдістемелік көмек көрсету жұмыстары енгізілген болатын. Сол жоспарға сәйкес директордың педагогикалық практика жұмыстары бойынша орынбасары Е.Б. Бегайдаровтың ұйымдастыруымен педагогика, психология және жеке пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушылары және «Бастауыш мектеп» бөлімінің студенттері Айдарлы шағын жинақталған мектебінде шеберлік сыныптарын өткізді. 2016 жылдың қараша-желтоқсан айларында «Өзін-өзі тану» пәнінің жоғары санатты оқытушысы, Республикалық «Үздік педагог – 2016» байқауының Гран-при иегері Н.С. Мұқышева, «Технология және оқыту әдістемесі» пәнінің жоғары санатты оқытушысы Г.Қ.Әміржанова, «Дене шынықтыру және оқыту әдістемесі» пәнінің жоғары санатты оқытушысы Е.С. Хамзин, «Ағылшын тілі және оқыту әдістемесі» пәнінің бірінші санатты оқытушысы Ә.Н. Шекербаева, «Музыка және оқыту әдістемесі» пәнінің оқытушысы, жас маман, колледжіміздің түлегі Асқар Бауыржан өз пәндері бойынша үлгі сабақтар өткізіп, мектеп мұғалімдерімен тәжірибе бөлісті. Сонымен бірге, «Математиканы оқыту әдістемесі» пәнінің жоғары санатты оқытушысы Ө.Ш. Төлеген өз пәні бойынша 4-курстың студенттері Р.Асылбекова мен Д.Қайыргелдинаны дайындап, студенттер үлгі сабақтарын өткізді. Шеберлік сыныптарынан кейін екі ұжымның оқытушылары мен мұғалімдері жиналып, шеберлік сыныптарынан алған әсерлерімен бөлісіп, алдағы жұмыстың жоспарларын талқылады. Қаңтар айында Айдарлы мектебінің ұжымы да шеберлік сыныптарын көрсетті. Атап айтсақ, С.А. Бекжанова мен К.Б. Воронова математика пәнінен, ал Р.Қ.Торсанова дүниетану пәнінен колледж машықтанушыларымен бірлесе отырып үлгі сабақтар өткізді. Өткізілген сабақтардың барлығы да өте жоғары әдістемелік деңгейде болды. Алдағы сәуір айында колледж базасында шағын жинақталған мектептердің мәселелеріне арналған семинар өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде Айдарлы шағын жинақталған мектебінде колледждің 4-курс студенттері «Диплом алдындағы машықтану» практикасынан өтіп жатыр.
Айдарлы шағын жинақталған негізгі мектебінде барлығы 58 оқушы білім алуда. Олардың 24-і бастауыш сыныптарда оқыса, 34-і орта буын сыныптарында оқиды. Сондай-ақ, мектепте шағын орталық та жұмыс істейді. Онда 17 бүлдіршін тәрбиеленеді. Ұжымда барлығы 17 мұғалім болса, соның 10-ы бірінші санатты, 4-уі екінші санатты, ал 3-уінде санаттылықтары жоқ. Мектеп директоры – колледжіміздің 1996 жылғы түлегі Балтабаев Самарбек Қабдрешұлы. Мектеп үйі 2008 жылы жаңа типтік үлгіде салынған ғимаратта орналасқан. Мектепте бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл тегін тамақтана алады. Бұл мектеп аудан орталығына да, Көкшетау қаласына да жақын орналасқан. Сондықтан, мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына біршама жағдай жасалған деп айтуға болады.