Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акцинерлік қоғамы 2018 жылдың маусым – қазан айлары аралығында ұстаздар арасында бейне-сабақтар мен бейне-дәрістердің «Педагогикалық идеялар панорамасы» Республикалық байқауын жариялаған болатын. 15 қазан күні «Педагогикалық идеялар панорамасы» Республикалық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды.
Бірыңғай ақпараттық-білім кеңістігінде заманауи педагогикалық тәжірибені жинақтау және насихаттау, педагогтердің ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға 102 өтінім келіп түсті. Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты қызметкерлерінен құралған Сараптау комиссиясы байқауға келіп түскен материалдарды саралап, үздіктерін анықтады.
Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша білім берудегі заманауи технологиялар бағыттары бойынша облыс педагогтерінің жұмысын сараптау нәтижесінде 21 номинация бойынша 63 жеңімпаз (1, 2 және 3 орындар) белгілі болды. Байқау жеңімпаздарының бейне-сабақтары Республикалық кезеңге жолданды.
Институт директоры Б.Елеусінов байқаудың өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын құттықтап, дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Құрметпен,
Қоғаммен байланыс және баспа қызметі бөлімінің бас маманы
Гүлхаят Асылбайқызы