«Өмір бойы білім алу» — табысқа жету жолы! Қазіргі педагогтік қызметтің мәні үнемі өзін-өзі жетілдіру қажеттілігіне негізделген. Тек терең білімді әрі идеяшыл мұғалім оқушыны сұлулық әлеміне апара алады.
Бүгінгі оқу үдерісіндегі жаңашылдық – мектептен шынайы жасалатын сынақтар мен маңызды тәжірибе жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Ал тәжірибесіз жаңа нәрсенің проблемасы зерделеніп, әдістер тиімділігі жетілмейтіні анық.
Сондықтан, жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жағдайы барлық білім беру ұйымы педагогтерінің алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлтымыздың әлеуетін оятуға және оны жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет» деп білім беру жүйесінің қарқынды дамуына даңғыл жол салып келеді.
Осы орайда, педагогтердің білім беру мазмұнын жаңарту үдерісіндегі табысты идеяларын насихаттап қолдау көрсету қолға алынып отыр. Білім берудің жаңартылған мазмұнды бағдарламаларын тәжірибеге енгізуде педагогтердің тың идеяларына басқа да ізденісте жүрген ұстаздардың назарын аударту қажет деп санаймыз. Себебі, теориялық әдебиеттерді зерделеу нәтижесі көрсеткендей, білім мекемесіне енгізілетін өзгерістердің тиімді жүзеге асуы әр мұғалімнің жеке тәжірибесінде орын алатын әрекеттерге тікелей байланысты. Бұл педагогтердің жеке тәжірибесіне негізделіп, тың идеяларын іс-тәжірибеде жүзеге асыруға алып келеді. Осы орайда, педагогтер өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби сынақтан өтіп өз тәжірибесіндегі табысты әрекеттерін ұсынуы үшін «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен 2018 жылдан бастап мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, жоғары білім ұйымдары үшін бейне-сабақтар мен бейне-дәрістердің жыл сайынғы «Педагогикалық идеялар панорамасы» Республикалық байқауын өткізу жоспарланған.
Байқау Қазақстан Республикасы Президентінің Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсәптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері (7-тармақ – «Адам капиталы – жаңғырту негізі») атты Жолдауын іске асыру аясында өткізіледі. Байқауды өткізу білім беруді дамытып, озық педагогикалық практикаларға қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Байқау педагогтердің кәсіби және ақпараттық-коммуникациялық құзыреттіліктерінің өсуіне қызмет етеді, ал олардың үздіктері қоғамдық мойындауды алады.
Біріңғай ақпараттық-білім кеңістігінде заманауи педагогикалық тәжірибені жинақтау және насихаттау, педагогтердің ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттыру байқаудың мақсаты болып табылады. Ал міндеттеріне — үздік педагогикалық практикаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету; білім беру қызметкерлерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту; «Өрлеу» педагогтардың біліктілігін арттыру Ұлттық порталында үздік бейне-сабақтар мен бейне-дәрістер қорын жасау жатады.
Байқау мынадай бағыттарды қамтиды: мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы заманауи технологиялар; орта білім беруді оқытудағы заманауи технологиялар; техникалық және кәсіптік оқытудағы заманауи технологиялар; жоғары білімді оқытудағы заманауи технологиялар; қосымша білім беруді оқытудағы заманауи технологиялар.
Бір педагогтің идеясы екінші идеяның тууына түрткі болады, ол идея қайталанады және табысты идея ретінде кеңінен қолдана бастайды. Нәтижелі болуы үшін айқын материал берілуі керек, ал осыны байқау материалы арқылы қолжетімді етуге болады. Педагогтердің идеялары әлеуметтік желіде әр мұғалімнің танысуына, өз таңдауын жасауына қолайлы болады. Табысты оқытудағы үздік педагогикалық идеясымен бөлісуге облыс педагогтерін шақырамыз.
Карымбаева Сагадат Мейрамбаевна
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ
инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы, филология магистрі