Home » Жаңалықтар » ПАЙДА ОЙЛАМАЙ, АР ОЙЛАҒАН

ПАЙДА ОЙЛАМАЙ, АР ОЙЛАҒАН

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы-публицист, аудармашы Марал Хасеннің жеке кітапхана қорының көрмесі және «Нобель сыйлығының лауреаттары» атты қос томдықтың таныстырылымы өтті.
Қаламгердің өзінің «Менің бар байлығым – бес мың кітабым мен бес балам» деп айтқаны бар. Соның ішіндегі 1500-дей кітап Ұлттық академиялық кітапханасына сыйға тартылды. Осыны атап өткен кітапхана директорының орынбасары Әлия Мамбайқызы аталмыш рухани шара кітап ордасының туған күнімен тұспа-тұс келгенін жеткізді. Ал кітапхана қорының көрмесімен жазушының қызы Тоғжан Маралқызы таныстырды. Көрмеден қаламгер өмір бойы жинаған кітаптар, монографиялар және Марал Хасеннің «Жүрек қанын сия қылған…», «Аудармалар», «Сынын бермес сырлы сөз», «Мазасыз күндер», т.б. төл еңбектері орын алды.
Қазақстанның халық әртісі, профессор Қайрат Байбосынов Марал Хасенмен көрші тұрған екен. Әйгілі әнші қаламгердің үйлену тойын көріп, ән де шырқапты. Жазушының жары Рымбала Смайылова қазір жұбайының шығармашылығына қатысты барлық іске ұйытқы боп жүр. Қайрат Әукенұлы естеліктерді жаңғыртып, Марал ағасы жап-жақсы ән де салғанын еске алды. Қаламгердің ұрпағы да өнерден құралақан емес. Немерелері Абай мен Айя кітапханадағы шарада бірі саксафонмен, екіншісі гитарамен өнерлерін көрсетті.
«Нобель сыйлығының лауреаттары» кітабының бірінші томына Бунин, Хемингуэй, Хименес, Камю, Кавабата, т.б. жалпы әлем мойындаған 14 қаламгердің аудармалары енді. Ал екінші томына Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат», «Мырышқа айналған қыршындар» туындылары және Элис Манроның «Шат-шадымен көлеңкелердің биі» әңгімесі кірді. Кейінгі еңбектің алғысөзін филология ғылымдарының кандидаты, ақын, жазушы, драматург, аудармашы Кенжебай Ахметов жазды. Жезқазған қаласынан ат арытып жеткен ғалым: «Марал ағаның әлдебір есеппен жұмыс істемегені өз басымды тәнті еткен еді. Қандай да бір шығарманы өзінің көңілінің қалауымен, өзінің талғамымен аударды» деді.
Марал Хасен аударған сондай шығармалардың бірі, белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Асқар Алтайдың «Киллер сауысқан – Көзжендет» әңгімесі. Бұл туындыны жазушыны танымай тұрып, Әмірхан Меңдекенің «Жас Алаш» газетіне шыққан сын мақаласынан кейін тәржімалаған. Шараға қатысқан Асқар Алтай да аудармашы «пайда ойлама, ар ойла» деген ұлы Абай бекітіп берген ұстанымға адал болғанын атап өтіп, қаламгер мен ұлттың болашағы үшін еңбек еткен Алаш қайраткерлері арасындағы ұқсастықтарды сөз етті.
Алаш қайраткерлері демекші, Марал Хасен тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметовтың «Міржақыптың өмірі мен шығармашылығы» кітабын редакциялап, ағалық ақыл-кеңесін де аямады. Тарихшының «Міржақыптың оралуы» еңбегін орыс тіліне аударды. Ғалым шарада осыған тоқталды. Белгілі медиамаман Мейрамхан Жәпек қаламгердің публицистік еңбектері туралы айтып, оның қазақ журналистикасында алатын орнын дәл айқындап берді. Тарихшы Зейдрахым Өтемісов сөз сөйледі. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Рухани шара соған көзімізді анық жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.