Home » Жаңалықтар » ПАВЛОДАР ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ПАВЛОДАР ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

КҮН ТӘРТІБІНДЕ — ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ
Жақында Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде аймақтың педагогтеріне арналған «Жаңартылған білім мазмұны: теория, тәжірибе, перспективалар» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Павлодар облысының жалпы орта білім беру мектептері және жоғары оқу орындарынан 250 мұғалім, сонымен қатар білім беруді дамыту инновациялық орталығының әдіскерлері қатысты.

Аталмыш конференция — жаңартылған білім беру мазмұны бойынша пікір алмасу алаңы ретінде ұйымдастырылды. Мұнда Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары  сабақты жоспарлау, сарамандық оқыту, оқушылардың дарындылығын дамыту тәжірибелерін ұсынып, қалыптастырушы және жиынтық бағалауды құрастыру, сабақта ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Оқу жоспарының мазмұны, бағалаудың ерекшеліктері, оқытудың әдіс-тәсілдері туралы мәселелер талқыланды.
Іс-шара барысында ұсынылған үлгі сабақтар мұғалімдердің белсенділігін арттыру, өзіндік білімін жетілдіру және тәжірибе жинақтау мақсатында жүзеге асырылды.

 

«ЖҰЛДЫЗАЙ», ЖҰЛДЫЗЫҢ ЖОҒАРЫ БОЛСЫН!
2018 жылғы 6 сәуір күні Павлодар қаласының орталық стадионында («Юность» манежi) 90-нан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен ІI «Жұлдызай» Республикалық Спартакиадасының облыстық  кезеңі өтті.
Іс-шараның өтуіне ұйытқы болғандар: М.Жасыбек, Н.Абдуллаев, «BI-Zhildyzai» корпоративтік қоры директорының орынбасары А.Танибергенова, «Жұлдызай» фестивалінің режисері Ж.Мұқанов, «Хабар 24» телеарнасының ым-ишара аудармашысы Х.С.Исраилов.
Спартакиаданың мақсаты: салауатты өмір салтын насихаттау, талапты жеткіншектерді  спортқа тарту, әлеуметтендіру және қоғамға шоғырландыру болды. Спартакиадаға 3 сыныпқа және жас ерекшеліктеріне қарай 2 топқа бөлінген 10-15 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты.
Жарыс спорттың 6 түрі: шағын футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, асық ату және жүзу бойынша өткізілді.
Облыстық спартакиада жеңімпаздары ағымдағы жылдың 17-18 қыркүйек күндері  Астана қаласында өтетін Спартакиаданың республикалық кезеңінде облыстың намысын қорғайтын болады.

 

ҚАНАТТЫ ДОСТАРДЫ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ
Өткен аптада «Металлургтар» саябағында жылдағы «Қанатты достар» қалалық акциясы өткізілді. Акцияның мақсаты – оқушылардың қоршаған ортаға, тірі табиғатқа деген қамқорлық көзқарасын қалыптастыру, табиғатты қорғауға бірлесе атсалысуын қамтамасыз ету болды.
Павлодар қаласы білім беру бөлімінің «Балалар мен жасөспірімдердің экология және туризм орталығы» «Қазақстан алюминиі» АҚ-мен бірлесе отырып, қысқы уақытта құстарға күтім жасау және көктемде жыл құстарын қарсы алу бойынша нысаналы жұмысын жалғастыру үстінде. Акцияға қалалық жалпы орта білім беру мектептері мен аталмыш орталық және өзге де балалар бірлестіктерінен 200-ден астам оқушы қатысты.
Экологиялық орталықтың басшысы Салават Сейітқанов акцияның облыста жарияланған «Экология жылы» аясында өтіп жатқанын ескертті.
«Қазақстан алюминиі» АҚ қоршаған ортаны қорғау департаментінің бастығы Ринат Сарлыбаев оқушыларға экологиялық мәселелердің шешілуіне қосқан үлестері мен  белсенділіктері үшін алғыс білдіріп, Мақтау қағаздары мен жүлделерді табыс етті.
Оқушылар «Қазақстан алюминиі» АҚ өкілдерімен бірлесе парктың аумағында қанатты достарға арналған 20-дан астам қараторғай үйшіктерін ілді.
«Жас өлкетанушы балалар» бірлестігінің белсенді мүшесі Дария Шаймұратова: — Көктемнің келуімен қатар жыл құстары да туған жеріне ерекше сағынышпен оралады. Сондықтан біз оларды қарсы аларда ұя жасап, қуантқымыз келді, — дейді.

 

ҮШ ТІЛДЕ ОҚЫТАТЫН ҰСТАЗДАРҒА ҚОЛДАУ
Облыс мектептері арасында тәжірибесі таратылатын дарынды қыз балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатында Павлодар облысы білім беру басқармасының білім беруді дамытудың инновациялық орталығы физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілін қолдана отырып өткізетін мұғалімдерге арналған семинар өткізді.
Семинарға облысымыздың жалпы білім беру және мамандандырылған мектептерінен 250 педагог қатысты.
Мұғалімдер тілдік тренингке, СLIL сабақтарына қатысып, «Полиглот» клубының жұмысымен танысты, оқушылармен менторлықты ұйымдастыру тәсілдерін меңгеріп,  тілдік құзыреттілікті дамыту және зияткерлік байқаулар мен турнирлерге  дайындау әдістерімен танысты.
Семинар жұмысының барысында облысымыздың пилоттық мектептері – Екібастұз қаласындағы «Зерде» мамандандырылған мектебі, Павлодар қаласының №16 лицей-мектебі, Ақтоғай ауданының Нығманов атындағы орта мектептің мұғалімдері үш тілді оқытуды енгізу тәжірибесімен бөлісті. Семинар алаңы мұғалімдерге тәжірибе алмасу, пікір алмасу, байланыстар орнату және қалыптасқан мәселерді бірлесіп шешу жолдарын іздестіру үшін  пайдаланылды. Тәжірибе алмасу семинарлары келешекте оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың тиімді формалары мен әдістерін меңгеруге және ұстаздардың уәжін арттыруға, оларға өзіндік білім алу тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік бермек.

Айгүл МОЛДАШ,
«Білім айнасы»,
Павлодар

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.