Home » Мақалалар » ОҚЫТУ ҮРДІСІН ЖОСПАРЛАУДА ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ БАҒАЛАУДЫҢ ОРНЫ

ОҚЫТУ ҮРДІСІН ЖОСПАРЛАУДА ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ БАҒАЛАУДЫҢ ОРНЫ

Мақалада оқу мен оқыту барысында қолданылатын жиынтық және қалыптастырушы бағалау туралы түсінік беріліп, қалыптастырушы бағалаудың маңызы қарастырылады, оқушылардың білім алу үрдісін қолдау мақсатында басшылыққа алатын негізгі қағидаттар мен қалыптастырушы бағалауды қолданудың тиімді жолдары ұсынылады.

В статье дается определение видам оценивания и рассматривается значение формативного оценивания, предлагаются основные принципы и некоторые способы проведения формативного оценивания, которые используются в целях содействия обучению учеников.

The  article gives an identification for types of assessment and a review the meaning of formative assessment, suggestions on main principles and some methods of conducting of formative assessment which are used for the purpose of students’ training.

«Сапа тұжырымдамасын мұғалім қалай түсінсе, оқушының да солай түсінуі, жұмыс нəтижелерінің сапасын үздіксіз бақылау мүмкіндігі жəне кез келген сəтте пайдалануға болатын баламалы адымдар мен стратегияларға қол жеткізу оқытуды жақсартудың міндетті шарттары болып табылады».

Ройс Сэдлер

Бүгінгі білім беру жүйесінің ерекшелігі — білім алушының қандай да бір іс-әрекетке құзіреттілігін дамыту, арттыру, қалыптастыру. Біз оқушының білімін, біліктілігін, дағдысын бағалаудан оның құзыреттілік қасиетінің қалыптасуын бағалауымыз керек, қазір оқушылардың білімділігі ғана басты рөлде емес, басты рөлде оқушының құзыреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынасу, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған. Сол себептен оқытуға деген көзқарас өзгеріп отыр, оқыту нәтижесін бағалауда жаңа бағытқа ие болуда.

Еліміздің білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңартылған білім беру бағдарламасы бағалаудың критериалды моделін ұсынады. Критериалды бағалау жүйесі бағалауды екі түрде қарастырады: жиынтық бағалау және қалыптастырушы бағалау. Яғни мұғалімдер оқуды бағалаумен қатар оқыту үшін бағалауды пайдаланғанда, бағалау оқудағы аса пайдалы құралға айналады.

Жиынтық бағалау бұл білімді жалпылау, қорытындылау кезінде, тараудың немесе модульдің соңында, немесе таным үрдісінің қандай да бір сатысында оқушының жетістіктерін бағалау үшін қолданылады.  Әрбір бөлім соңында өткізіледі (бақылау жұмысы немесе қорытынды сынақ жұмысы), оқушыларға әрбір бөлім бойынша өз білім деңгейлерін көрсетуге көмектесіп, мұғалімге оқушылардың жетістіктері туралы қорытынды пікір жасауға және қорытынды бағаны қоюға мүмкіндік береді. Бағалаудың бұл түрі қалыптастырушы бағалаумен салыстырғанда оқушынының қызығушылығын оята қоймайды және баланы алға жетелеуді көздемейді.

Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқу үрдісінде оқушылардың ағымдағы білім деңгейлерін анықтау үшін және мұғалім мен оқушы арасында өзара байланысты орнату үшін қолданылады. Ол бағалау күнделікті оқу үрдісі кезінде жүргізіледі, оқушыға өз жұмыстарын өңдеуге және жоғары нәтижеге жетуге көмектеседі, мұғалімге оқушының материалды меңгергені туралы ақпарат жинақтауға, талдауға және жоспарлауға мүмкіндік береді. Қалыптастырушы бағалауды көбінесе «оқушының дүниені тануын бағалау және білім беруді жақсарту үшін бағалау» деп атайды, себебі, ол оқушының жеке басының дамуы мен қалыптасуына көмектеседі. Бұл бағалау жүйесі мұғалімнің әрбір оқушымен жеке жұмыс жүргізуіне мүмкіндік береді, оқушының материалды меңгермегендігін басынан-ақ байқауына, оқушы білімін диагностикалауына мүмкіндік беріп, мұғалімге оқу үрдісін басқаша ұйымдастыруға көмектеседі, ал оқушыға – өзінің білім алуына деген үлкен жаупкершілікті сезінуді жүктейді. Бағалау – бұл оқушының ілгерілеу дәрежесін анықтаудан гөрі кең ауқымды нәрсе. Бағалау оқушының өзінің таным үрдісіне қызығушылығын арттырып, оны алға жетелейді. Осы орайда қалыптастырушы бағалау басқа бағалау әдістерімен салыстырғанда оқушыға материалды тереңірек түсінуіне көмектеседі, сонымен қатар сол материалды сараптап, өмірде қалай қолдануға болатындығы туралы ойлануын оятады. Қалыптастырушы бағалау жиынтық бағалаумен салыстырғанда оқушы мен мұғалім арасында кері байланысты қамтамасыз етеді. Бұл бағалау шеңберінде мұғалімдерге оқушылардың жетістік деңгейін тексеріп отыратындай, қандай да бір қабілетін айқындайтын қалыптастырушы тестілеу және қолданылып жүрген түрлі әдістер мен формалар ұсынылады. Кембридждік Бағдарлама бағалау үрдісіне мұғаліммен қатар оқушының өзін қатыстыруды талап етеді. Өзін-өзі бағалау мен өзара бағалау түрлерін қолдануды, тиімді керібайланыс жасауды, ол үшін сұрақты дұрыс құруды, бағалау үшін критерий қолдануды ұсынады. Бұл ретте оқушылар өздерінің білімін қандай дәрежеде екенін айтып, алда нені жетілдіру керектігін тұжырымдайды. Осындай рефлексия кезінде алған білімдерді бекіту жүзеге асады, жаңа ұғымдарды енгізумен бірге белсенді қайта құруды елестету, «менімен сәйкес келетін» білімді меншіктеу сияқты жаңа мағына туындайды, ұзақ мерзімді білімдер қалыптасады. Оқушылар өз ойларын сөзбен жеткізуге тырысады немесе графиктік түрде еркін дәйектілейді, өз пікірлері мен идеяларын басқа оқушылармен бөліседі, өз жеке бастарының ойлану операциясын сараптайды. Қалыптастырушы бағалау әдістемесін қолдану қазіргі таңда мұғалім жұмысын бағалаудың жаңа жүйесінің маңызды критерийлері болып табылады.

Қазіргі оқыту тұрғысы бойынша оқушылар оқыту үдерісінің белсенді қатысушылары болғандықтан оларды оқу үдерісіне тарту үшін алдымен олар сабақта не істейтінін, олардан не талап етілетінін білуі тиіс. Сол себептен мұғалімнің жаңа сабақты ұйымдастырудағы алғашқы қадамы – сабақтың мақсатымен, табыс критерийлерімен таныстыруы. Сабақтың мақсаты мен табыс критерйлері түсінікті болу үшін мұғалімнің көмегімен оқушылардың өздері құрылымдағаны дұрыс.  Мұғалім әр оқушының сабақ мақсатын түсінгенін және әр оқушының алдына мақсат пен табыс критерийлерін белгілегенін қадағалап, сабақты қорытындылау кезеңінде мұғалім сабақтың мақсатына қайта оралып, оқушылармен бірге белгіленген критерийлерге әр оқушының қаншалықты жеткенін айқындайды. Тізбектелген сабақтар топтмасындағы әр сабақты жоспарлауда осы үдерісті қалай жүретіндігінің тәсілін жоспарлау керек.

Оқыту мен оқу процесі аясында мұғалім оқушылардың жетістіктері мен пәнді түсіну деңгейін формативті бағалауда үздіксіз бақылап отырады. Нақтырақ айтқанда, қалыптастырушы бағалау қалыпты оқытудың құрамдас бөлігі ретінде жүзеге асуы керек. Сондықтан қалыптастырушы бағалау аясында мұғалімдер оқушылардың мақсатқа қаншалықты қол жеткізіп жатқандығын бақылауға алуы тиіс.  

Топтық жұмысты бағалау

Бірқатар дағдыларды дамытып, бағалауда топтық жұмыс бірден-бір қолайлы тәсіл. Өзге формалардағыдай бұл жағдайда да оқушылар табыс критерийімен алдын-ала таныстырылуы тиіс. Топтық жұмыс кезінде мұғалім сынып ішінде жүріп, барлық топтарды тыңдап үлгеруі тиіс. Топтардағы кейбір оқушылар табыс критерийі талаптарына тез қол жеткізуі мүмкін. Мұғалім сол оқушылардың есімдерін өзінің арнайы дәптеріне жазып алады. Әрі қарай мұғалім басқа оқушыларға назар аударуы тиіс. Оқушы ұяң немесе ұялшақ болған жағдайда мұғалім қосымша сұрақтар қойғаны дұрыс (Сен осы мәселе туралы не ойлайсың? Өз тобыңның осы мәселені қаншалықты дәрежеде талдағандығы туралы айтып бере аласың ба?). Кейде оқушы талдау тақырыбы туралы теріс түсінік немесе теріс жауап беруі мүмкін. Мұндай жағдайда оқушының өз жауабымен нені айтқысы келгендігін сұраған жөн.

Топтық жұмыс жасау кезінде мұғалім барлық оқушыларды бақылап шығуы керек. Барлық топтарды бір рет аралап, бағалап шыққаннан кейін мұғалім оқу мақсатына жетуге талпынатын оқушылары бар топқа қайта оралады және олардың оқу мақсатына қайтадан қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Кей жағдайда әдетте оқушыларға өз қабілеттерін бірнеше сабақтар барысында дамытуға мүмкіндік береді. Бұл әрекеттер оқушылардың бойында алуан түрлі дағдылардың қалыптасуына түрткі болады. Қалыптастырушы бағалаудың өзге түрлеріндегідей бұл жағдайда да оқушылар жетістік критерийімен алдын-ала таныстырылуы тиіс. Оқушыларға жетістік критерийлері туралы әр сабақтың басында ескерту айтып отырған да тиімді. Кей жағдайларда оқушылар жобаның соңына қарай белгілі бір оқу мақсаттары бойынша жетістік деңгейін көрсетуге тиіс болады. Мұндай жағдайда оқушының аяқтаған жұмысы оның оқу мақсатына жеткендігінің куәсі бола алады.

Өзге оқу мақсаттары оқушылардың өздеріне берілген кері байланыстарға сәйкес жетістіктерін не жұмыс нәтижесін көрсетуді қажет етеді. Мұндай оқу мақсаттарын бір сабақ барысында бағалап үлгеру мүмкін емес. Алғашқы сабақта мұғалім әр оқушының бастапқы дәрежесін анықтап алуы қажет. Ол әр оқушы жоспарға сәйкес жұмысын атқаруға дайын екендігіне және өз мақсатын жете түсінгендігіне көз жеткізуі тиіс. Кейінгі сабақтарда мұғалім осы жетістіктерді оқушының әрекеттерінен бақылап отырады. Әр оқу мақсатына негізделген жетістік критерийі мұғалімнің бақылауын қажет ететін тұстар туралы жан-жақты ақпарат береді. Бұл көлемді әрекет түрлерінің оқу барысында маңызы өте жоғары. Сол әрекеттерді орындау барысында мұғалім әр оқушыға жекелеген қолдау көрсетіп, кері байланыс беріп отыруы міндетті.

Оқушыларды бағалауға қатыстыру, өзін-өзі бағалау мен өзара бағалау.

Оқушылар алда тұрған мақсаттың мәнін түсініп, оған қол жеткізу үшін не істеу қажет екенін анықтай алған жағдайда ғана олар оқу мақсатына қол жеткізеді. Сондықтан оқу барысында өзін-өзі бағалаудың маңызы зор. Оқушыларының бойында өзін-өзі бағалау дағдыларын дамытуға талпынған көптеген мұғалімдердің аңғарғаны: бұл реттегі ең бірінші және ең күрделі мәселе – оқушыларды өз жұмысы туралы мақсат қою тұрғысынан ойлануға үйрету. Олар бұны қалай істеу керек екенін түсінгенде ғана өз жұмыстарына шолу жасай бастайды, сол арқылы оны өздері орындап, өздері бақылай алады.

Құрбы-құрдастарын бағалау өзін-өзі бағалаудың маңызды бөлігі болып табылады. Құрбы-құрдастарын бағалау өте пайдалы, себебі оқушылар өз жұмысына қатысты айтылған құрбыларының пікіріне құлақ асады. Ал оны мұғалім айтқан болса, олар оқушыға сондай әсер етпеуі мүмкін. Құрбы-құрдастарымен бірге жұмыс істеу де маңызды, себебі пікір алмасу оқушы күнделікті өмірінде қолданатын тілде жүреді, сонымен қатар оқушылар мұғалімнің рөлін ойнай отырып білім алады. Оқушылар түсініктемені түсінбеген кезде, олар мұғалімнен емес, өзінің құрбысынан сұрайды. Оның үстіне, бұл тәжірибе құрбы-құрдастарын бағалау ауыртпалығын оқушыға салуға болатындығымен құнды. Сондықтан тізбектелген сабақтар топтамасын жоспарлауда әр сабақта өзін-өзі бағалау мен өзара бағалаудың әдістері көрсетіледі және әр сабақта түрлендіріп отырған дұрыс.

Қалыптастырушы бағалау кезінде қолданылатын негізгі стратегиялар

  • Сыныпта барлық оқушылар қабілеттілікті тұрақты емес, өспелі ұғым ретінде қарастыратын орта құру.
  • Оқушыларды сабақтың мазмұнын, сондай-ақ оның не мақсатпен жүргізілетінін көрсететін жоспарлау үдерісіне тарту.
  • Оқу мақсаттарын түсіндіру және оқушылардың табыс критерийлерін белгілеуі.
  • Сыныпта тиімді әңгімелесу және мақсатты жауап алу тәсілдерін пайдалану және жоспарлау.
  • Оқушыларды оқуда табысты болу туралы сараптамалық пікірталасқа тарту – табыс критерийлеріне сәйкес болып қана қоймай, осы критерийлерге қалайша сәйкес болу қажеттілігін білу.
  • Оқушыларға өзара және өзін өзі бағалау жөніндегі жақсы сарапшы болуға мүмкіндік беру.
  • Жетістік пен жетілдірудің неден тұратынын анықтауға, түсініктемелерге сәйкес жұмыс істеуге уақыт беруге баса назар аудара отырып, оқушылар мен мұғалімдерге уақытында шолу жасап, кері байланыс орнатуға үздіксіз мүмкіндік беру.

Қалыптастырушы бағалаудың осы стратегиялары мұғалімдерге де, оқушыларға да міндеттер мен әдістерге қатысты қабылданатын шешімдерді реттеуге болатын құрылым ұсынады. Әдістер өзгеріп отырады және стратегияларды орындауда қолдануға болатын көптеген тәсілдер баршылық, бірақ қағидаттар тұрақты әрі негізді болуы қажет. Әртүрлі мұғалімдер әртүрлі жастағы балалармен жұмыс істегенде қолданатын әдістер алуан түрлі болып келеді, бірақ тиімді тәжірибе үшін соңғы критерийлер жүйесін құрастыратын стратегиялар мен қағидаттар үнемі бір.

Зулкашева Шынар Мулкайевна

Орал қ., «Өрлеу» БАҰО» АҚ БҚО ПҚБАИ аға оқытушысы, педагоги ғылымдарының магистрі

Даулетиярова Гульнар Сериковна

Бөкей ордасы ауданы, М-С.Бабажанов атындағы ЖОББМ орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ

  1. Кохаева Е.Н. Қалыптастырушы бағалау: әдістемелік құрал\ Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы, 2014ж.
  2. «Мұғалімге арналған нұсқаулық» ІІІ деңгей, үшінші басылым\ «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012 ж
  3. Пит Дадли «Оқытудың белсенді әдістері»\ «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы, Астана, 2013ж.
  4. Р.Х.Шакиров, А.А.Буркитова, О.И.Дудкина Оқушы жетістіктерін бағалау\ Әдістемелік нұсқаулық – «Билим», 2012.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.