Шапқан байталдың мақсаты – бәйге алу болса, ұстаз қауымының мақсаты – сапалы білім беру!
Күнделікті жұмысым педагогтармен тығыз байланыста болғандықтан олардың ішкі және сыртқы дүниесіне үңіліп, мұң-мұқтажын тыңдап жазу да менің негізгі жұмысым.
Саналы ұрпаққа сапалы білім беруді мақсат тұтқан ұстаздар оқушы мен ата-анаға өкпелі. Күнделікті жұмыс барысы қорқынышпен басталып, қорқынышпен аяқталатын көрінеді. Үрей билеген ұстаз санасында: бүгін маған қай ата-ана шағымданады? Басшылық тарапынан қандай сөгіс аламын? Хаттар жәшігіне қандай арыз-шағымдар түсіпті? деген сұрақтар қалыптасқан.
Жүрегін қорқыныш басқан ұстазға оқушылар тарапынан қандай сый-құрмет болсын? Өйткені қазіргі оқушыларда «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген ұғым төмен деңгейде. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Оқушылар өздеріне емес ата-анаға көбірек сенеді. Өйткені кез-келген жағдайда оны қорғайтын да, сөзін сөйлейтін де ата-ана. Бірақ ол сенімнің уақытша екенін байыбына барып түсінбейді. Оқушы болашаққа өз сенімімен қарау керек. Олай дейтініміз, қадамы нық, сенімі мықты оқушының ғана болашағы жарқын! Осы орайда ата-ана тарбиесі басты назарда болуға тиіc. Мысалы, қымбат ұялы телефон, қымбат киім, білімге немқұрайлы қарау, уақытын бос өткізу салдарынан білім мен тәрбие сапасының төмендеп кеткен жайы бар.
Аталған тақырып аясында сұхбаттасу мақсатымен Шымкент қаласындағы№59 жалпы орта мектепке бағыт алдым.
Оқытушының оқушыдан қорқуына не себеп? Оқушы мен ата-ананың ұстаздармен қарым-қатынасы қандай? Ұстаз мәртебесі қандай деңгейде? Бұрынғы ұстаз бен қазіргі ұстаздың айырмашылығы бар ма? Ұстаз мәртебесін көтеру үшін не істеу керек? Оқытушы біліміне оқушының көңілі тола ма?
Шымкент қаласы №59 Жалпы орта мектеп директоры — Ақпанбетов Сералы Есенбекұлы:
— Ұстаздар мәртебесін қалай көтеруге болады? Деген сұраққа бір сөзбен жауап беру мүмкін емес. Мұғалімнің мәртебесін көтеріп, жұмысын елге насихаттап және марапаттап отыратын арнайы хабарлар, ток шоулар мен сұхбаттарды теледидардан жиі көрсетіліп отырса. Үйдегі ата-аналардың да бала тәрбиесіне баса назар аударуы маңызды.
Республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі І орын алған ұстаздарға да спорт саласындағыдай етіп, қаржылай сыйақы беріліп отырса.
Жоғары оқу орындарында мұғалімдік мамандықтың қолжетімділігін төмен ұпаймен емес, жоғары балмен бағалап, білімді оқушылар түсетін жолын іздестірсе.
Мұғалім мәртебесінің төмендеуіне не себеп? деген сұраққа келетін болсақ, мұғалімнің мәртебесі оның білімінде. Өз ісінің маманы ешқашан ешнарседен қорықпайды. Ал білімді ұстаздың беделін көтеру үшін, тек жалақысын ғана көтеру керек. Мұғалім әркез ізденісте болып, күнделікті сабағын түрлендіре өтіп, оқушының өзіне деген сыйластығын арттыра отырып өз білімін көрсету де ұстаз мәртебесін төмендетпесі анық.
Бала сабағын үнемі қадағалауға алып отыратын ата-аналар ұстаздың көмекшісі деп білемін. Себебі ата-ананың атқарар рөлі өте зор.
Бастауыш сынып ұстазы Тулебаева Индира:
— Оқушыға дұрыс бағыт беру ұстаз міндеті. Әр оқушы әртүрлі. Сыныпта 30 оқушы болса, 30 ының 30 қабілеті болады. Қабілетіне қарай бағыттау керек. Ата-анамен бірлесіп кететіні бар. Баланың ортасын, тәртібін, сабағын, мұғалімге қарым қатынасын қадағалау керек. Жұмыс жұмыс деп кейде өз балаларымызды да ұмытып кетеміз.
Ал мәртебесіне келетін болсақ, кейбір тұста жас ұстаздар өз мәртебесін төмендетіп жатады. Мысалы: әлеуметтік желілер; вк, инстаграм т.б. ішкен жегені мен қыдырғаны, әсіресе жаз мезгіліндегі (жартылай жалаңаш) суреттеріне оқушылар жүрекше (лайк) басып отырады. Оны көрген оқушыда ұстазға деген құрмет төмендейтіні анық.
Орыс тілі ұстазы: Тұрсынбаева Клара Бейсенбайқызы:
— Ұстаздың қорқу-қорықпауы тек өзіне байланысты. Жеке басымда қорқыныш сезімі жоқ. Ең бастысы — ауызбіршілік. Коучинг сабақтар жиі откізіп тұрамын. Оқушыларды эмоция (көзбен, ым ишара) арқылы басқарамын. Менің көзқарасыма қарап бірден түсінеді. Алысқа бармай өзіміздің салт-дәстүрлеріміздегі тәрбиені жеткізе білсек, соның өзі жеткілікті. Біздерге әдістемелік қолдау көрсетіліп, мадақтамаларды көбейтсе, еңбегіміздің еленіп, іскерлігімізді көрсете білгеніміз.
Кеудесін қорқыныш билейтін ұстаздар өз біліміне сенбейтіндер. Біріншіден: Оқушы алдында білместігім білініп қалады ма? Қойған сұрағына жауап бере алмай қаламын ба? дегеннен қорқуы мүмкін. Екіншіден: Осы білместігімді ата-ана бетіме баса ма? деген күдіктен қорқуы мүмкін. Оқушы кінәлі болса да, ұстазды кінәлайтын ата-анадан қорқады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, шикі тұстардың барлығы отбасылық тәрбиеге келіп тоқталады. Әкенің қаталдығы мен ананың мейірімділігінің бала тәрбиесіндегі маңызы өте зор. Күнделікті кешкісін отбасы мүшелерін жинап, ақылға салып тілдесу керек. Психологиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, 20 күн бойы қайталанған сөз 21-күні санаға сіңіп әдетке айналады. Яғни, жақсы сөзді санаға үнемі сіңдіріп отыру керек.
Джакенов Манас Ахметұлы, ата-ана:
— Мен осы №59 жалпы орта мектептегі ата-аналар комитетінің мүшесімін. Балаларымды күнделікті қадағалап отырамын және ұстаздармен тығыз қарым қатынастамын. Менің ойымша, оқытушының екі түрі болады: 1) қағаз жүзінде білімді, 2) қағазға жоқ, бірақ ауызша білімді. Қанша қағазбастылық болғанымен білімдінің аты білімді. Білімді оқытушыда қорқыныш болады деп ойламаймын. Себебі, ол озіне сенімді. Сенімді оқытушының мәртебесі де төмендемейді. Ал ата-анаға келетін болсақ, балаға жауапты ен алдымен біздер яғни, ата–ана.Ата – аналардың ең улкен қателігі – баланың көзінше ұстазға дауыс көтеруі. Оқытушы мен оқушы арасындағы кикілжіңді ата-ана ұстазбен жеке тілдесу арқылы шешу керек. (бірлесіп сөйлесетін кезі де болады) Тағы бір айта кетейін дегенім, оқушының сабақтан кейінгі уақытында жасаған іс-әрекетіне мұғалімді кінәлау мүлдем дұрыс емес. Мұғалім: мен сынып жетекшімін, жауаптымын деп, барлық жұмысын тастап, әр оқушыны үйіне жеткізіп отыратын болса, оның жұмысын кім атқарады? (оның да отбасы ошақ қасы бар). Бұл да ұстаз мәртебесін төмендететін жайттың бірі. Мың жерден ұстазды кінәлағанымен, басты тәрбиеші отбасындағы ата-ана. Біздің кезімізде мұғалім ұрса, акемізбен анамызға айтуға қорқатынбыз. Айтсақ, өзің кінәлісің. Өзің бірнарсе бүлдіргенсің. Өзің тыңдамағансың деген сөгіс еститінбіз. Сол тәртіпті көрген балдар қазіргі таңда білдей бір мекемелердің басшысы.
№ 59 Жалпы орта мектеп президенті Тұрды Ғалымжан Нұрланұлы, мектептегі білім министрі Тастанбекова Аңсат Кеңесбекқызы, мектептің ішкі істер министрі Әмірханова Арайлым Оразбайқызы, мектептің сыртқы істер министрі Аулиеата Абдулвахид:
— Бүгінгі қоғамда ең жоғары дәрежені біз ұстазға береміз! Ұстаз мәртебесін көтеру біздердің қолымызда яғни оқушылардың. Мектеп белсенділерін сайлаудағы мақсат — мектеп ішілік тәртіпті нығайту. Қандай маман иесі болсын ұстаз алдынан өтетіні белгілі. Ұстаз мәртебесі де, дәрежесі де біліміне байланысты. Ұстаз мәртебесін көтеру үшінотбасындағы тәртіпті қаталдату керек деп ойлаймыз. Қарты бар үйдің қазынасы бар демекші, қазыналы отбасын мағыналы тәртіппен ұйытып отыратын ата-әженің алар орны ерекше. Ата-анасын тыңдамаған бала ата-әжесін міндетті түрде тыңдайды. Еркелете отырып жақсы тәрбие бере алады. Өйткені; «Ұстаздың айтқаны — саған заң.Көзің шығып, қолың сынбаса болды, ол ұрғаннан өлмейсің. Ұрса, кінәң болған шығар, жаман болсын демейді, оқуыңды оқы» деп отырған. Сол тәртіппен өскен азаматтар қазір бір мекеменің басшылары. Ол тәртіп қазір мыңнан бір отбасында ғана.
Білімді ұстаз қашанда сыйлы және мәртебелі. Білімді ұстаз мәртебесін ешкім төмендете де алмайды. Қағазбастылық көп, жалақылары аз, десе де жаңартылған білім бағдарламасы бойынша білімдерін жетілдіріп, топпен зертеу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушы білімін де жетілдіруден аянып жатқан жоқ.
Оқытушының оқушыдан қорқуында себеп бар. Ұстаз өзі жайлы видеоны оқушылар әлеуметтік желілерге салып жіберуінен, ата-аналардың жан айқайынан, білгір оқушы алдында білместігім білініп қалады деген сияқты күдіктерден қорқуы мүмкін. Біздің мектепте қорқынышы бар ұстаздар жоқ. Білікті де білімді мамандар. Ешқандай оқушылар смарт телефон ұстамайды. Екі апта сайын ата-аналар жиналысы өткізіліп отырады. Білім ошағына да, білім беріп жатқан ұстаздарға да көніліміз толады.Өміріміздің шырағын жаққан ұстаздар қашан да біздің жадымызда. Алғашқы сауатымыздың ашылуына себепкер болған Ұстаздар мәртебесін көтеруге атсалысамыз, қолдаймыз, қорғаймыз!
Шымкент қаласы №59 Жалпы орта мектеп белсенділерінің Қазақстанның дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына өз үлестерін қосуға байланысты білдірген арман-мақсаттары ұшан-теңіз! Әрқайсысы өзіндік мақсаты мен қабілеті және ерекшелігі барын байқатты.
Елім деп еміреніп, жерім деп тебіреніп тұрған жалынды жастарға қуат беретін ұстаздар мен ата-аналар тәрбиесі, білімі және бірлесіп жасаған еңбегі.
Мадина Серікқызы,
«Білім айнасы»,
ОҚО, Шымкент қаласы