Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті-ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау керек» деп атап көрсетілген. Сонымен қатар Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» Жолдауында «Білім беру реформасы-Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі» деп атап көрсетуі педагогикалық үрдістің сапасын үнемі арттырып отыруды талап ететіндігін көрсетеді. Демек, заман талабына сай бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеуде, оқушыларға қажетті білімді меңгертудің тиімді жолдарын, әдіс-тәсілдерін талмай іздеу — әр ұстаздың міндеті. Әрбір педагог өз жұмыс тәсілі мен формасын, өз педагогикалық технологиясын таңдай отырып, білім алушылардың білімін жетілдіру бағытында жұмыс істеуі керек.Осыған байланысты әр түрлі әдістерді қолданудың қажеттігі туындайды.
Қазіргі кезеңде егеменді елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Бұл педагогика тарихы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр, себебі, білім беру жүйесі өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарды, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды.
Дәстүрлі оқыту әдістемесінің білімді мемлекеттік стандарт деңгейінде толық меңгеруге кепілдік бермейтінін мектеп тәжірибесі көрсетіп отыр, сондықтан жаңартылған әдістемелік жүйені оқыту үрдісінде іске асыру үшін оны технологияландыру қажеттігі туындайды.
Мұғалімдердің алдына қойылып отырған басты міндеттерінің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру. Педагогикалық технология – мұғалімнің кәсіби қызметін жаңартушы және сатыланып жоспарланған нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін іс-әрекет жиынтығы. Педагогикалық технологиядағы басты міндет – оқушының оқу-танымдық әрекетін жандандыра отырып, алға қойған мақсатқа толық жету. Білім негізінен пән арқылы берілгендіктен, әр пәнді заман талабына сай өз деңгейінде игерту, қай кезде болмасын, ең маңызды мәселе болып келгені даусыз. Әрине терең білімде, материалдың игеруге қолайлығы да, оқулық деңгейімен шектелу де мүлде нәтижесіз болды деп айта алмаймын.Технология мен әдістеменің мақсаты бір – «қалай оқыту мәселелерін қарастырады». «Сабақ беру жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» деп Ж.Аймауытов айтқандай бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде.Бұлар оқушының жеке қасиетін аша отырып, азамат етіп тәрбиелеумен қатар оқушының танымдық күшін қалыптастыру және білімін кеңейтуге, тереңдетуге жағдай жасайды.
Джумашов Абдикаюм Абдикадирович,
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы
№10 «Қарабұлақ» жалпы орта мектебінің технология пәні мұғалімі