Білім беру жүйесіндегі сапалы оқытудың маңызды мәселелері өзінің өзектілігін ешқашан жойған емес және жоймайды да. Адамзат бар жерде оқу бар, оқу бар жерде оқыту бар, ал оқытудың сапалы әрі тиімді болуы елдегі білім беру реформаларына, елдің экономикалық жағдайына тікелей байланысты екені айдан анық. Елімізде білім беру аясында қабылданған реформаларды сапалы жүзеге асыратын, оны нәтижелі ететін, ол әрине мұғалім. Мұғалімнің берген білімінің нәтижесі бір күнде не болмаса бір жылда өз жемісін бермейді, ол ұзақ жылдардан соң ғана жемісін бермек. Ал, мұғалім өз еңбегінің жемісті болу жолында аянбай тер төгуі қажет. Қазіргі заман тек білімді, білікті және өз ісінің шебері ретінде бәсекеге төтеп бере алатын тұлғаны талап етуде. Ертеңгі бәсекеге қабілетті тұлға – бүгінгі партада отырған оқушылар. Олар – еліміздің ертеңі, Қазақстанды мәңгілік ел ету аясында дамыған елдермен иық тіресіп, тереземізді тең ұстап, әлемдік бәсекеде үкілі үмітімізді ақтайтын тағылымды ұрпағымыз. Сол ұрпаққа сапалы білім беру – әрбір ұстаздың парызы.
«Ұстаз адамның жан-жақты түсінігі мол, қандай істі болса да тез шешіп, тұжырымдай алатын, ұшқыр ойлы, көреген, батыл һәм шешен болуы керек. Ұстаз шындық пен әділдіктің қажымас жақтаушысы, қайратты күрескері болуы тиіс»- дейді ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби.
Мұғалім оқушыларға тек қана білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оқушылардың білімін бағалау, оқушыларды алға ұмтылуға ынталандырушы болып табылады. Ал, оқушының тұлға ретінде дұрыс қалыптасуындағы шешуші рөлді бағалау атқарады. Оқушылардың сабаққа даярлығының, қабілетінің көрінісі бағамен есептелінеді. Кейде оқушылар және мұғалімдер арасында «баға үшін оқисың ба?» деген сияқты сөздерді естіп қалатынымыз бар. Бұл дұрыс түсінік емес, баға – ол білімнің, жұмыс нәтижесінің көрінісі, алған білімінің дәрежесін көрсетеді. Осы тұста бағаның оқу үдерісіндегі теңдесі жоқ қозғаушы күш екенін ескеруіміз тиіс.
Бүгінгі таңда мектептегі оқыту сапасын жоғарылату, оқушылардың білімін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында еліміздің білім беру жүйесіне 2016-2017 оқу жылынан бастап 1-сыныптың оқу үдерісіне бағалаудың критериалды жүйесі енгізілді. Бағалаудың бұл түрі қоғам қажеттілігінен туындап отыр. Елдің білім беру қызметі қоғам сұранысына, заман талабына толық жауап бергенде ғана оқыту сапалы, ұстаз қызметі тиімді болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, критериалды бағалау бүгінгі білім беру жүйесінде зор маңызға ие. Өйткені, қазір оқушылардың білімділігі ғана басты рөлде емес, басты рөлде оқушының құзыреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған. Критериалды бағалау бұл мақсаттар мен міндеттердің барлық талаптарына сай орайластырылған.
Критериалды бағалау дегеніміз – оқушының білімі мен білігін алдын ала белгіленген оқу жетістіктерімен салыстыра оқыту, соның негізінде оқушыны бағалау. Критериалды бағалау кезінде алдын ала бағалау шкаласы белгіленіп, оқушының алдына соған жету жоспары қойылады. Бағалаудың мұндай жүйесі білім алушының кемшіліктерін өзіне түзетуіне мүмкіндік береді, оқушының өзін-өзі және өзгені бақылауына, бағалауына мүмкіндік туғызады, бағаның айқындылығын, адалдығын сақтайды, оқушының сабақ үрдісінде өткен тақырыпты қалай түсінгендігін мұғалімге күнделікті саралап отыруына жағдай жасайды. Осының барлығының негізінде мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс бағалаудың жалпы негізін ашады. Яғни, критериалды бағалау – оқыту, тәрбиелеу, дамыту, ынталандыру төрттігін басшылыққа алады.
Критериалды бағалау оқу үрдісінің әрбір кезеңінде оқушының дайындық деңгейін анықтауға, оқу бағдарламасын меңгерудегі олқылықтарды жою үшін оқушыларды ынталандыруға, оқу бағдарламасына сәйкес оқытудың мақсаты мен нәтижелерінің жетістіктерін оқушылардың өздерінің талдауына, оқу үрдісін ұйымдастырудың және оқу материалын меңгерудің ерекшеліктерін анықтау үшін мұғалім әрбір оқушының жеке даму траекториясын бақылауға, оқу бағдарламасының тиімділігін бақылауға, оқушы және ата-ана арасында кері байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Критериалды бағалаудың дәстүрлі бағалаудан басты ерекшелігі: оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау болып бөлінуінде. Дәстүрлі бағалауда кейде оқушылардың білім жетістіктері дұрыс бағаланбай, яғни шынайы баға қойылмай жататын кездер де жиі болып жатады. Сол дұрыс бағаламау мектептегі оқу үдерісіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Жақсы бағаны оңай жолмен алса, оқушының оқуға деген қызығушылығы жоғалады. Нашар баға да сондай нәтижеге әкелуі мүмкін: оқушы мүлдем оқымай қалады.
Бала жетістігінің негізгі көрсеткіші – өзін-өзі дамыту деңгейі және оқуға ынтасы. Баланың кешегі нәтижелерін бүгінгі нәтижемен салыстырып үйрену үшін бағалау жүйесін өзгерту керек.
Қорыта айтқанда, критериалды бағалауды білім жүйесіне енгізу – заман талабынан туындап отырған қоғамдық қажеттілік. Бағалаудың жаңа жүйесі оқушылардың оқуға деген ынтасы мен білім сапасын, бағалаудың нақтылығын, әділдігін арттырып, оқушының өзіне деген сенімділігін нығайтып, нағыз бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуына ықпалы зор болмақ.
Жанұзақова Гүлсара,
С. Ысмайылов атындағы
жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,
ОҚО, Сарыағаш ауданы