Еліміздің өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, саяси-әлеуметтік және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта терең білім беріп, сауатты ұрпақ тәрбиелеу – негізгі міндеттердің бірі. Әлемдік саяси аренада Қазақстан Республикасының өзіндік салмағын пайымдау оның ұлттық білім жүйесінің жоғары дәрежеде дамуымен байланысты.
Білім беру жүйесіндегі сапалы оқытудың маңызды мәселелері өзінің өзектілігін ешқашан жойған емес және жоймайды да. Адамзат бар жерде оқу бар, оқу бар жерде оқыту бар, ал оқытудың сапалы әрі тиімді болуы елдегі білім беру реформаларына, елдің экономикалық жағдайына тікелей байланысты екені айдан анық. Елімізде білім беру аясында қабылданған реформаларды сапалы жүзеге асыратын, оны нәтижелі ететін, ол әрине мұғалім. Мұғалімнің берген білімінің нәтижесі бір күнде не болмаса бір жылда өз жемісін бермейді, ол ұзақ жылдардан соң ғана жемісін бермек. Ал, мұғалім өз еңбегінің жемісті болу жолында аянбай тер төгуі қажет. Қазіргі заман тек білімді, білікті және өз ісінің шебері ретінде бәсекеге төтеп бере алатын тұлғаны талап етуде. Ертеңгі бәсекеге қабілетті тұлға – бүгінгі партада отырған оқушылар. Олар еліміздің ертеңі, Қазақстанды мәңгілік ел ету аясында дамыған елдермен иық тіресіп, тереземізді тең ұстап, әлемдік бәсекеде үкілі үмітімізді ақтайтын тағылымды ұрпағымыз. Сол ұрпаққа сапалы білім беру әрбір ұстаздың парызы. Мұғалім оқушыларға тек қана білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оқушылардың білімін бағалау, оқушыларды алға ұмтылуға ынталандырушы болып табылады. Ал, оқушының тұлға ретінде дұрыс қалыптасуындағы шешуші рөлді бағалау атқарады. Оқушылардың сабаққа даярлығының, қабілеттінің көрінісі бағамен есептелінеді. Кейде оқушылар және мұғалімдер арасында «баға үшін оқисың ба» деген сияқты сөздерді естіп қалатынымыз бар. Бұл дұрыс түсінік емес, баға ол білімнің, жұмыстың нәтижесінің көрінісі, алған білімінің дәрежесін көрсетеді. Осы тұста бағаның оқу үдерісіндегі теңдесі жоқ қозғаушы күш екенін ескеруіміз тиіс.
Бүгінгі таңда мектептегі оқыту сапасын жоғарлату, оқушылардың білімін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында еліміздің білім беру жүйесіне 2016-2017 оқу жылынан бастап 1-сыныптың оқу үдерісіне бағалаудың критериалды жүйесі енгізілді. Бағалаудың бұл түрі қоғам қажеттілігінен туындап отыр. Елдің білім беру қызметі қоғам сұранысына, заман талабына толық жауап бергенде ғана оқыту сапалы, ұстаз қызметі тиімді болмақ.
Критериалды бағалау бүгінгі білім беру жүйесінде зор маңызға ие. Өйткені қазір оқушылардың білімділігі ғана басты рөлде емес, басты рөлде оқушының құзіреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынасу, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған. Критериалды бағалау бұл мақсаттар мен міндеттердің барлық талаптарына сай орайластырылған.
Критериалды бағалаудың дәстүрлі бағалаудан басты ерекшелігі оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау болып бөлінуінде. Дәстүрлі бағалауда кейде оқушылардың білім жетістіктері дұрыс бағаланбай, яғни шынайы баға қойылмай жататын кездер де жиі болып жатады. Сол дұрыс бағаламау мектептегі оқу үдерісіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Жақсы бағаны оңай жолмен алса, оқушының оқуға деген қызығушылығы жоғалады. Нашар баға да сондай нәтижеге әкелуі мүмкін, оқушы мүлдем оқымай қалады.
Бала жетістігінің негізгі көрсеткіші — өзін-өзі дамыту деңгейі және оқуға ынтасы. Баланың кешегі нәтижелерін бүгінгі нәтижемен салыстырып үйрену үшін бағалау жүйесін өзгерту керек.
Қорыта айтқанда, критериалды бағалауды білім жүйесіне енгізу заман талабынан туындап отырған қоғамдық қажеттілік. Бағалаудың жаңа жүйесі оқушылардың оқуға деген ынтасы мен білім сапасын, бағалаудың нақтылығын, әділдігін арттырып, оқушының өзіне деген сенімділігін нығайтып, нағыз бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуына ықпалы зор болмақ.
Сутимбекова Жанна
Н.Оразбаев атындағы жалпы орта мектебі
технология пәні мұғалімі
ОҚО облысы, Ордабасы ауданы, Көктөбе ауылы