Home » Айтарым бар » Оқу процесі барысында оқушы зейінін  сабаққа шоғырландыру тәсілдері

Оқу процесі барысында оқушы зейінін  сабаққа шоғырландыру тәсілдері

 Әр бір педагог- психологтың қызметтік мақсаты ол, балалардың, яғни оқушылардың психологиялық денсаулығын сақтай отырып, оқу-тәрбие процесі барысында жағымды эмоционалдық атмосфера орнату. Орталық қызметкерлеріне жан саулығын сақтауына және олардың кәсіби жетістікке жетуіне қолдау көрсете отырып, педагогтардың шығармашылық потенциалын ашуға және дамытуға көмек беру болып табылады. Осы орайда, оқудың табысты және нәтижелі болуы үшін, педагогтар төмендегі негізгі қағиданы ұстануы керек:
1. Оқушы еңбектенетін жерде оның көңілін аударатын іс-әрекеттер яғни шу, баланы қызықтыратын қажетсіз әңгімелер болмауы керек.

  1. Қажетті гигиеналық шаралар сақталуы шарт, яғни таза ауа, тиісті жарық.
    3. Оқушының зейінін сабаққа тарта білудің маңызды шарты сабақты жақсы ұйымдастыру. (ол үшін мұғалім сабақтың жоспарын ойластырып, уақытты есептеп, сабаққа қажетті заттар өз орнында, рет-ретімен тұруы қажет. Сабақ басталар кезде қажетті заттар өз орнында болмай, соны іздестіріп не ұмыт қалған сынып журналына, борға балаларды жұмсап, әбігершілік жасау сыныптағы оқушылардың зейініне қатты әсер етеді. 4. Оқу процесі барысында бүгінгі сабақтың тақырыбын және оның мақсатын, бөлімдерін айтқан пайдалы. Өйткені оқушылар өзінің міндеттерін түсініп, немен айналысатынын біліп отыруы қажет.
  2. Ырықсыз зейінді аудару үшін оқу материалының мазмұны белгілі мөлшерде жарқын эмоцияға толы, нақты фактілер мен мысалдарға құрылған қызықты әңгімелерді пайдалану керек.
    6. Иллюстрациялар көрсету, көрнекі құралдар пайдалану сабаққа оқушының қызығушылығын арттыруға көмектеседі.
  3. Бүкіл сыныпқа не жеке оқушыларға берілетін тапсырмалар дәл, анық, қысқа болуы керек.
    8. Ең бастысы оқушының зейінін аударуда мұғалімнің жеке басының үлгі-өнегесі өте маңызды. Сырт келбеті және сөйлеу мәдениеттілігі үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, оқудың табысты және нәтижелі болуы үшін сыныпта отырған әрбір оқушының жеке мінез-құлық қасиеттеріне, яғни, темперамент типтеріне көңіл аударған абзал.

Сабақ барысында төрт типті темперамент иелерімен жұмыс жасау бағыттары.
Темперамент — жүйке-жүйесінің тума қасиеттерінен туындайтын адамның жеке өзгешеліктері. Темперамент типі төмендегі қасиеттерден байқалады:

  • адамның жалпы қозғалысынан (шапшаң, тез, жәй асықпай қимылдайды)
  • психиканың күші мен тереңдігінен (біреу өжет, алғыр болса, біреуі керісінше, сылбыр, жігерсіз болады);
  • адамның көңіл-күйінің ерекшеліктерінен (салмақты, тұрақты, тұрақсыз, сабырлы, күйгелек).

Темпераменттің физиологиялық негіздерін ғылыми тұрғыда дәлелдеген И.Павлов

Темперамент типтері:

  1. Холерик
  2. Сангвиник
  3. Флегматик
  4. Меланхолик

Холерик типіндегі оқушылар — ұшып-қонып тұратын, күйгелек, тынымсыз, шамданғыш, көңіл-күйі жиі өзгеретін, қарым-қатынаста аумалы-төкпелі, тұрақсыз, соқпа мінезді, белсенді, пысық,  ашуланшақ болып келеді. Мұндай оқушылар қимыл-қозғалысы шапшаң және ой-әрекеті белсенді болады. Мұндай оқушыларға сабақ үстінде жарыса орындайтын тапсырмаларды көбірек беруі қажет. Сонда тәртіп бұзушылық кем орын алады. Егер тәртіп бұзған жағдайда қатаң ескерту жасап, қойылған талапты қалай да орындатқызу жағын алдын-ала ойластырып қою қажет.

Сангвиник типіндегі оқушылар — жылдам және тез қозғыш, көңіл-күйі жиі өзгергіш, көп нәрсеге қызығады, бәрін біліп алуға тырысады, бірақ мұғалім дұрыс бағыттап отырмаса, жасап жатқан жұмысын тез тастап кетеді. Ақыл-ой әрекеті белсенді, мұғалімнің айтқандарын қиналмай ұғады, сұрақ қоюға жаны құмар. Сангвиниктер өмірге икемді, тәрбиелеуге оңтайлы ширақ темперамент иегерлері. Мектептегі қоғамдық жұмыстарды өте жақсы көреді. Оларға тек дұрыс бағыт-бағдар беріп отыру қажет. Қадағалау болмаған жағдайда жұмысының нәтижесін көру мүмкін болмайды.

Флегматик типіндегі бала — өте сақ, ұяң, байсалды, жұртқа жақсылық тілейтін, сенімді, тұрақты, бірқалыпты оқушы. Сабақта тыныш отырады,, жанындағы баланы мазаламайды, мәселені тез шешуге асықпайды. Бір істі бастаса салпақтап соңына дейін жеткізеді. Дауыс екпіні баяу. Мектепке келгеннен кейін оқу дағдыларын меңгеруге икемдері жоғары. Берілген тапсырманы орындатуда не болмаса үй тапсырмасын сұрауда мұғалімге асқан байсалдылық қажет. Оларды жайбарақаттылыққа салғызбай ерекше қарым-қатынас жасаудың жолдарын іздестірген жөн.

Меланхолик типіндегі оқушылар – сәл нәрсеге ренжиді, өкпелегіш, пессимит, тұйық, сөзге сараң, аса баяу қозғалатын жайбасар, ұялшақ, тартыншақ, тұйық. Меланхолик оқушымен жұмыс жасап жатқан сәтте мұғалім өте абай болуы тиіс, өйткені олар өте сезімтал, оларға жеке тапсырмалар әзірлеген дұрыс. Мұғалім оны тақтаға шығарып есеп шығартқан жағдайда дұрыс орындап шықса, ерекше зор әсерге бөленіп жүреді. Егер орындай алмай шықса қатты қайғырады. Одан соң көпшіліктің алдында тапсырма орындамауға тырысады. Меланхоликтерді үнемі демеп, қолдау көрсетіп отыру мұғалімнің шеберлігін қажет етеді. Оларды өздеріне сенуге, батылдыққа тәрбиелеу кез-келген ұстаздың басты міндеті.

Жалпы әр бір педагогтың басты міндеті — әр баланың қоғамдық ортаға тезірек бейімделуін қамтамасыз ете отырып, психологиялық жағымды климат қалыптастыру, сондай-ақ, сапалы білім, саналы тәрбие бере отырып, рухани жігерлі тұлға қалыптастыруға ықпал жасау болып табылады.

 

Сарсенбаева Динара Қалмаханқызы,
Түркістан облысы, Төлеби ауданы
«Балдәурен-Шымкент» республикалық оқу-сауықтыру
орталығының педагог-психологы

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

К.Жұмасова «Психология» Астана «Фолиант» баспасы 2010 жыл                               Т.Р.Нұрмаханбетова «Тәжірибелік психология» Шымкент «Нұрлы бейне» баспасы 2006 жыл

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.