Жақында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Оқу процесінде зертханалық, практикалық жұмыстарды өткізудің жолдары» тақырыбында семинар өткізілді. Семинар алдына мектеп лаборанттарының әдіс-тәсілдерді пайдалануына, зертханалық және практикалық жұмыс тәжірибелерін дұрыс ұйымдастыруына бағыт-бағдар беру мақсатын қойды.
Семинарды «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, психология ғылымдарының кандидаты И.Т. Жұмағалиева ашты. Жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістері кафедрасының аға оқытушылары К.Бақтиярова және Д.Матенова жүргізген семинарға облыстың аудан, қалаларынан 39 зертханашы қатысты.
Семинардың бірінші күні К.Бақтиярова «Мектептегі лаборанттардың лауазымдық міндеті. Демонстрациялық жұмысты орындау кезіндегі қауіпсіздік талаптары» тақырыбында ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдана отырып, лабораториялық құралдарды тиімді пайдалану туралы талқылаулар жүргізді. Семинардың келесі күні Д.Матенова «Жаңа білім мазмұнындағы оқулықтардың мазмұнына сәйкес кіріктірілген тәжірибе жұмыстармен таныстыру және талдау (7 сыныптарға арналған химия, биология оқулығы)», «Биология зертханасындағы химиялық реактивтерді және биологиялық препараттарды пайдалана білудің жолдарымен таныстыру» тақырыбында дәріс оқып, оқуда нәтижеге жетудің тиімді жолдарына және өткізу әдістерінің ерекшеліктеріне мән беріп, тиімділігіне назар аударды.
Семинардың соңғы күні К.Бақтиярова интерактивті тақта арқылы зертханалық тәжірибелерді көрсете отырып, зертханашыларды тапсырманы терең меңгеруге, дұрыс тұжырым жасауға, қорытынды шығара білуге үйретті.
Тренерлер семинарға қатысушылармен бірге білім мазмұнын жаңартуда кәсіби құзыреттілігі мен қызметін нәтижелі қалыптастырудағы көкейкесті сұрақтарды талқылады. Сонымен бірге зертхана жұмысы кезінде кездесетін кедергілерді шешудің жолы қарастырылды.
Қибат Шайхатқызы
Тренер, жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық)
пәндерді оқытудың инновациялық технологиялары
мен әдістері кафедрасының аға оқытушысы