Home » Мақалалар » Оқу мен оқыту бірлескен әрекеттері

Оқу мен оқыту бірлескен әрекеттері

Дәстүрлі оқытуда басты мақсат «нәтиже» болып, ұстаз өзінің барлық күш-қайратын «үйретуге» бағыттайды, шәкіртті қорытынды нәтижеге ең қысқа жолмен жетелеуге тырысады. Мұнда оқытудың нәтижелігі бірінші кезекте ақпаратпен байланыстырылады: үйрету процесі оқушыға ақпарат «беруге» бағытталады, оны жаңа мәліметпен қамтамасыздандырумен шектеледі. Дәстүрлі оқытуда білім беру процесі көп жағдайда оқушының сабаққа «таза парақ»  күйінде келіп, мұғалімнің оны сабақта біліммен «толтырумен» айналысатын құбылыс деп түсініледі. Шәкірт сабақта ғана жаңа білім алып, сабақтан кейін оны бекіту жұмысымен ғана айналысты.

Ал интербелсенді оқу/оқыту басты назарды «процеске», яғни үйрену процесінің өзіне, оқушылардың «қалай» және «қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйренетіндігіне» аударады. Мұндағы мақсат — оқушылардың өзара белсенді әрекеттер арқылы өздігімен білім игеруінде, оны ізденуінде, құрастыруында. Мұндай сабақтарға шәкірттер «таза парақ» күйінде келмей, алдын-ала дайындалып келеді, олар сабақ басында тақырып бойынша өз түсініктері мен пікірлерін келтіріп, әрі қарай оларды дәлелдеу жүйесін құрады, пікірталас жүргізеді, өзге пікірлерді тыңдап, балама көзқарастарды ескереді. Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт өмірде әр адамға қажетті білік-дағдыларды қалыптастырады. Ал сабақтан кейін сол білімдерін өздігімен дамыта түседі.

Сол себепті де интербелсенді оқу мен оқытуда үйренушілер келесідей әрекеттерді атқаруға дайын болуы керек:

— бірлескен жұмыс,

— танымдық, коммуникативтік, әлеуметтік тұрғыдан белсенділік таныту,

— бастамашылдық,

— кері байланыс жасау,

— проблема шешу, шешім қабылдау.

Интербелсенді оқу мен оқыту барысында үйренушілер әрқашанда белсенді болып, өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз көқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді. Мұндай сабақтарда бір ғана дұрыс жауап болмайды, өйткені басты мәселе дұрыс жауапты табуда емес, керісінше үйренушінің жеке тәжірибесіне негізделген іздену процесінің өзі болып табылады.

Интербелсенді оқу мен оқыту бірлесе үйрену идеяларын ұстанғандықтан, бұл жерде әсіресе бірлескен топтық жұмыс әдістерінің маңызын баса айту керек: олар өзін-өзі мен басқа адамдарды танудың тиімді құралы болып табылады, дүниетаным қалыптастырып, тұлғаның өзіндік дамуы мен басқалардың іс-әрекеттері мен олардың себептерін түсінуге ықпал жасайды. Топтық жұмыстар барлық үйренушілердің жұмысқа белсене қатысуын қамтамасыз етеді.Мұндай жұмыста шәкірттер өздерінің коммуникативтік дағдыларын (тыңдай білу,ортақ шешім қабылдау, жанжалдарды болдырмау) іс жүзінде қолданады, өздері «ойнап шығады».

Бірлесе үйренуде әрбір үйренуші танымның (оқу, үйренудің) ортақ мағынасына және қорытынды нәтижесіне өз үлесін қосып, басқалармен өзінің білгенімен, идеяларымен, ойларымен алмасады, тиімді нәтижеге (білімге) қандай бірлескен үйрену әрекеттері арқылы жете алатындығын  анықтайды.

Мұндай қарым-қатынастағы бірлескен әрекеттер бірін-бірі жақтыру, өзара сыйласымдық пен қолдау  атмосферасында өтіп, тек қана жаңа білім игеруге жағдай жасап қана қоймай, сонымен бірге таным процесін ынтымақтастық пен бірлесу деңгейлеріне көтереді, яғни қарым-қатынас пен оның негізгі нысаны диалогты танымның басты құндылығына айналдырады.

Сонымен интербелсенді оқу мен оқытудың келесідей идеялары мен қағидаларын келтіруге тұрарлық:

— Үйрету мүмкін емес, тек үйрену ғана ықтимал.

— Білім дайын күйде берілмейді, ол тек игеріледі.

— Білім игеру тек белсенді әрекеттер арқылы ғана жүзеге асырылады.

— Оқу мен оқытудың негізгі мазмұнын «не нәрсеге оқу мен оқыту» емес, «қалай оқу мен оқыту» құрайды: білік, дағды, машық, құзырлық, білімді игеру практикасы.

— Өмір бойы үйрене білу.

— Білім тек өзіндік тұрғыдан игеріледі, өйткені «білім» дегеніміз жеке адамның қандай да болмасын мәселе мен проблема, ақпарат пен мәлімет бойынша құрастырған ойы, идеялары, пікірі, көзқарасы, түсінігі, дәлелдері, уәждері, тұжырымы. Ал оқу мен оқыту — үйренушінің «МЕН-і» бірінші орынға қойылатын процесс.

-Білім бірлескен әрекеттер арқылы игеріледі: үйрену/ мен оқу – коммуникативтік процесс.

-Білім дегеніміз өмірде қажетті және қолданбалы мәселелер болғандықтан, білім игеру процесі практикаға (күнделікті өмірге) негізделуі керек.

— Оқу мен оқытудың негізі — өмір сүруге үйрену мен үйрету.

— Оқу мен оқытудың негізгі мақсаты – адам болуға үйрену мен үйрету.

— Оқу мен оқыту дегеніміз диалог, ал диалог – адамгершілікке үйренудің ең тиімді әдісі.

— Білім мазмұны үйретушінің талаптарымен айқындалмай, үйренушінің мұқтаждары мен мүдделерінен туындайды.

— Оқу мен оқыту қоғамға қызмет жасау идеясы арқылы жүзеге асырылады.

— Әр сабақта үйренуші тұлғасында конструктивизм, оптимизм, позитивизм секілді жағымды қасиеттердің дамуына ықпал жасау керек.

— Рефлексия — дүниетаным мен өзін-өзі танудың негізгі тәсілі, рефлексиялық тұлға қалыптастыру – оқу мен оқытудың негізгі мақсаты.

Білім игеру процесінің негізгі проблемаларының бірі ұстаз қызметімен байланысты. Мұнда мәселе келесідей сұраққа қандай жауап беруде болып отыр: «Ұстаз кім: «үйретуші» мен «білім көзі» ме, әлде «үйрену процесін ұйымдастырушы», «менеджер», «үйренуге жағдай жасаушы» ма?

Бүгінгі күнгі білім жүйесі үйренуші қағидаларды ұстанғандықтан, оқу мен оқытуда басты тұлға шәкірт болып саналады. Егерде болашақ өмірде кезігетін нақты проблемалар мен қиыншылықтардың қандай болатындығы туралы ешкімнің де дерегі жоқ болып, қазіргі аласапыран, күнделікті өзгеріп отырған дүниеде олар жайында тіпті болжам жасаудың өзі де неғайбыл және қажеті шамалы дүние болса, онда оқыту процесінде басты салмақты ұстаздан шәкіртке  ауыстырған жөн: үйренуші оқыту процесінің басты тұлғасына (субъектіне) айналуы тиіс. Шәкірт өздігімен үйренуі керек, сонда ғана оның білімі толығады, солай ғана ол білімді өз өмірінде қолдана алады. Шәкірт бұрынғы бәлсенді (пассив) күйден (әдетте сабақта оқушы тек мұғалімнің айтқаны мен оқулықта берілгенді бұлжытпай орындайды емес пе?) белсенді әрекеттерге көшуі қажет. Шәкірт өздігімен және басқалармен бірлесе білім ізденіп, оны қандай тиімді әдіс-тәсілдер арқылы меңгеретінін шешіп, бұл білімнің өз өміріне қалайша қажетті болатындығын  айқындауы керек.

Бұл ұстаным мұғалімнің маңызын тіпті де төмендетпейді – мұнда мәселе оның міндеттерінің түбегейлі өзгеруінде.

Ұстаз — білім алу, оқыту процесінде міндетті түрде қажет тұлға. Алайда мәселе  ұстаздың бұрынғы «үйретуші», «білім беруші», «білім көзі», «бұлжымас бедел», «оқытушы» сынды рөлдерінен бас тарту қажеттігінде. Ендігәрі педагог үйрену процесін өзара әрекеттесу деп қабылдап, өз қызметін «ұйымдастырушы», «бағыт-бағдар беруші», «жөн сілтеуші» деп түсінуі керек. Бұл өзгеріс ұстаз еңбегінің маңызын тіпті де бәсеңдетпейді, керісінше ерекше мазмұнмен толықтырады, мәртебесін асқақтатады. Педагог білім тасымалдаушыдан (қара жұмыс) — білім әлеміне жол көрсетуші дәрежесіне көтеріліп (ізгі қызмет), нағыз ұстаздық харекетті атқарушы болады. Қытайдың ғұламасы Конфуций ұстаз қызметінің маңызы туралы былай деген екен: «Егер адамдарды жеті жыл бойы жақсы адам оқытса, оларды шайқасқа жіберуге болады».

Интербелсенді  оқытуда педагог үйренушілердің өзіндік таным процесін ұйымдастырушыға айналады, ол үйретпейді– үйренуге бағыт-бағдар сілтейді, өзі де әр сабақта үйренеді.Педагог-«білім көзі» емес,ол-студенттің шығармашылық жұмысы мен еңбегінің бастамашысы, ұйытқысы, студентті білім алудың белсенді әрекеттеріне ынталандырушы, студенттің үйрену процесіндегі серігі әрі үлгі тұтар тұлғасы. Оқытушы орасан зор көлемді ақпарат әлемінде білім алушыға өзіндік көзқарас, түсінік пен құндылықтарды қалыптастыруда жанашыр көмекші іспеттес. Мұндай ұстанымның бірнеше себептері бар:

  1. Үйренушілер арасындағы қарым-қатынас интербелсенді оқудың ең басты мәселесіне айналып, қатысушылардан өзара әрекеттесу мен ынтымақтастықты қажет етеді, ал ұстаз осындай коммуникативтік процесті ұйымдастыра білуі қажет.
  2. Интербелсенді оқуда үйренушілер өз біліміне және өзгелердің біліміне деген жауапкершілікті өздеріне жүктеп алады. Сол себепті оқытушы да үйрену процесінің белсенді мүшесіне айналып, таным процесінің нәтижелігіне мүдделі болады.
  3. Интербелсенді оқу мен оқыту үйренушілердің жеке тәжірибесіне сүйенеді, ал ұстаз тәжірибені жаңа біліммен байланыстыру жолдарын бағыттап отырады.
  4. Интербелсенді оқу/оқытуда іздену процесі қорытынды нәтижеден маңызды болғандықтан, оқытушы сол процесті ұйымдастыра білуі керек.

Педагогика ғылымында «оқытушы–ұйымдастырушы» тұжырымдамасымен бірге басқа да түсініктер қолданыста кездеседі. Олардың ішінде әсіресе өзінің өміршеңдігін практикада әлдеқашан дәлелдеген «ұстаз – шебер» тұжырымдамасын атауға болады.

Ұстаз мұнда «білім көзі» емес, ол — білімге апаратын жолды нұсқаушы, осы жолмен өзі де жүріп келеді. Ол тек қажет кезде ғана шәкірттеріне жәрдемдеседі: сұрақ қояды, тапсырма береді, ақпарат ұсынады.

Торебекова Эльмира Абсематовна

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша ПҚБАИ «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының магистрі

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Назарбаев Н. Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына. – Егемен Қазақстан, 2006, 27 мамыр.

2.Оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдер. Оқу құралы. Әлімов Асхат.  Алматы: баспасы-2014;

3.Аванесов В. С. Теоретические основы разработки заданий в тестовой форме: Учебное пособие. М.: Исследовательский центр проблем качества подготовки специалистов, 1995. – 96 с.

4.Айзенк Г.Дж. Узнай свой собственный коэффициент интеллекта. — М.: «Ай кью», 1996. – 160 с.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.