Қазақстан Республикасының білім жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында: «Орта білім берудің мақсаты – жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» -деп нақты көрсетілген.
Жалпы ұлттық деңгейдегі 12 жылдық жалпы орта білім берудің басты мақсаты да тұжырымдамаға сәйкес төмендегідей: Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, бәсекеге қабілетті тұлғаны дайындау.
Қазіргі білім беру концепциясының басты мақсаты – өзінің және қоғамның мүддесіне өзін-өзі белсенді етуге дайын, күнделікті бәсекеге қабілетті және құзыретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру.
Танымдық іс-әрекеттің нәтижесі – білім. Танымдық іс-әрекет өз кезегінде болжауды, мақсат пен міндеттер қоюды, жоспарлауды, мақсатқа жетуге әдіс-тәсілдер мен құралдарды таңдауды және қол жеткізген нәтижені талдай алу біліктерін қажет етеді.
Оған сапалы білім, оқушының өміріндегі оқуға және өз білімін көтеруге дайындығы негізгі алғы шарт болып табылады. Қазіргі кездегі білім беру сапасы оқушының әртүрлі әрекет саласында өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндікті қамтамасыз ететін қалыптасқан негізгі құзіреттілік түріндегі білім нәтижелерімен түсіндіріледі.
Сондықтан, бүгінгі таңда ұстаздардың алдында тұрған міндет: табысты және тиімді әрекетке дайын, өзінің пікірін білдіруге және өзінің іс-әрекеті мен өмір сүріп отырған қоғам үшін жауапкершілігін түсінуге қабілетті, отбасындағы, қоғамдағы, еңбек ұжымындағы әлеуметтік рөлін сезінетін құзырлы тұлғаны қалыптастыру.
Жалпы құзіреттіліктің сипаты қандай екендігіне тоқталып өтсек, кейбір сөздіктерде құзіреттілікке белгілі бір зат, құбылыс жөнінде пайымдауға, салмақты да беделді пікір айтуға мүмкіндік беретін білімді игеру ретінде түсіндірме берілген. Кең ауқымды білімге ие, бірақ, оны қажет болған кезде іске асыра алмайтын адамдарды кездестіруге болады. Компетентті болу деген оқымысты немесе ғалым болу деген сөз емес. Кейбір сөздіктерде құзіреттілік – құзырлылық деп те қарастырылып, оған төмендегідей анықтама берілген. «Құзырлылық – адамның стандарттан тыс жағдайда нәтижелі әрекет ету қабілеті. Құзырлылықтың пәндік дағдыдан айырмашылығы – жаңа тапсырманы шешуде бұрын сабақта қалыптаспаған дағды пайда болады».
Сонымен қатар, құзыреттілікті тәсілге де төмендегідей анықтама берілген: «Құзыреттілікті тәсіл – оқу процесінің түпкілікті құзіреттерді қалыптастыруға бағдарлануы; күтілетін нәтижелерге қол жеткізу аясында білім сапасын қамтамасыз ететін білім беру мақсаттарын анықтаудың, білім мазмұнын іріктеудің, білім беру процесін ұйымдастыру мен білім нәтижелерін бағалаудың жалпы ұстанымдарының жиынтығы».
Оқушы қызығушылығын дамыту үшін ұстаздың құзыреттілікті тәсілдерді меңгеруі, білім беру мазмұнын жетілдіруі қажет екендігін ескере отырып, біз, жаңа инновациялық әдіс-тәсілдердің ең тиімдісін пайдалану жоғары нәтиже береді деген болжам жасап, өз тәжірибемізде пайдаланып келе жатқан американ ғалымдары Джинни Стилл, Куртис Мередит және Чарльз Темпл жасаған «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» жобасының оқушы құзыреттілігін дамытуда маңызы зор болар деген тұжырымға келдік.
Сын тұрғысынан ойлау жобасы арқылы стратегияларды пайдалануда оқушының ізденушілік, зерттеушілік әрекетін ұйымдастыруға жол ашады. Оқушы жүрегіне жол тауып, оның білімге деген құштарлығын арттырып, өзін-өзі тәрбиелеуін ғылыми деңгейде ұйымдастыру үшін, әр оқушының дара ерекшеліктерін ескере білім алуға қабілетін зерттей отырып, тұлғаның негізінің ашылуына жол ашатын ұстаз.
Сын тұрғысынан ойлау-сынау емес, шыңдалған ойлау. Бұл бағдарламаның құрылымында ерекшелік бар. Бұл құрылым үш фазадан тұрады. Олар өздерінің қызметтеріне байланысты аталады:
1) қызығушылықты ояту;
2) мағынаны ажырату;
3) ой толғаныс.
Қызығушылықты ояту – оқушылар үшін сабаққа қатысудағы алғашқы қадам. Бұрынғы білімдері мен сезімдеріне немесе әсерлеріне еніп, жаңа білімге мазмұн қалап, болашақта зерттеу жүргізулеріне күш алуларына және орындалуы керек тапсырмалар жөніндегі жеке және топтық түсініктерді қалыптастыруларына көмектеседі. Сонымен қатар оқушының жаңа идея мен мәліметтерді үйренуге және оны өзіндегі білім негізімен ұштастыруда іштей немесе сырттай белсенді болатын – болмайтындықтарын шешуі де алғашқы кезеңде іске асады. Қызығушылықты ояту ұзақ, әрі мағыналы оқытудың қажетті психологиялық негізін салады.
Мағынаны тану кезеңі оқушылар жаңа мәліметпен, идеямен немесе жаңа мазмұнмен кез келіп қалғанда іске асады. Дәрісті басқаратын талқылау, кітап оқу, бейнетаспа, өнер қойылымдары немесе басқа да нұсқау әдістерінің қайсысы болмасын осы кезде іске асады. Оқушылар жаңа білімді бұрынғымен біріктіре отырып және ақпараттың жаңа мазмұнға қолданбалылығы мен қолайлылығын қарастыра отырып, белгісізден белгіліге қарай жүретін ақпарат пен идеяның маңыздылығы жөнінде шешім қабылдаулары қажет. Оқушылар жаңа идеяны қабылдайды, ескі мен жаңаны ұштастырады, ойлау қабілетін кеңейтіп, не түсінгенін анықтайды.
Ой толғаныс – үйрену процесінің соңғы кезеңі болады да, бұл кезде оқушылар алған білімдерін сыртқа шығарып, түсінгендерін өз сөздерімен жеткізіп бере бастайды. Саналы талқылаулар мен білімді тәжірибеде қолдану, жаңа идеялар мен ұғымдарды жинақтаумен, мазмұн жөніндегі өздерінің ашық ұсыныстарымен немесе бір зерттеуді бастаумен айғақталады. Бұл процесс арқылы оқушылар өздерінің ойын нақтылайды, қатарластары мен мұғаліммен кері байланыса отырып мәліметтер жинағы мен құрылым мағынасын сынақтан өткізеді. Яғни, іштей ойлануға үйренеді, ой алмасады. Белсенді түрде өз білімін үйрену жолына қайта қарап, өзгерістер енгізеді. Бұл – ең ұзақ та, маңызды кезең. Осы кезеңдер әртүрлі стратегиялар, яғни әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асады.
Тұлғалық бағдарлы көзқарас тұрғысынан қарастыратын болса, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас, түсіндіруден түсінуге, монологтан диалогқа, әлеуметтік бақылаудан дамытуға, басқарудан өзін-өзі басқаруға көшу болып табылады.
Сыни ойлау философиясындағы басты мақсат: оқушы қандай да болмасын ақпаратты өздігінше игеріп, өз өміріне жарата алатын әмбебап тәсілдерді үйренуі керек. Білім алу оқушы тұрғысынан белсенді процесс болуы қажет, тек белсенді түрде жұмыс жасай отырып, ол қандай да болмасын білімді игереді. Сын тұрғысынан ойлау әрбір оқушыны терең ойланып, философиялық тұжырым жасауға бағыттайды.
Өмірде ең керекті білік пен дағды – қоғамда қарым-қатынас құра білу, басқа адамдармен тіл табысу екендігін ескере отырып, әр сабақта оқушы оқытудың басқа да қатысушыларымен (оқушылар мен ұстаздар) араласып коммуникативтік қарым – қатынас процесінің белсенді мүшесіне айналады, әрі ұжымда, қоғамда, әлеуметте қалайша өзара байланыс құру мәселесі төңірегінде ойланады.
Теорияны зерттей келе, практикалық іс-әрекетті бастамас бұрын алдыма төмендегідей мақсат қойдым: мектеп психологының көмегімен және «Қазақстан Республикасының 12 жылдық жалпы орта білім берудің жалпыға бірдей міндетті стандарты» жобасына сүйене отырып, құзіреттіліктің критерийлерін анықтап, сынып оқушыларының оқу жылының басындағы құзыреттілігінің қалыптасу деңгейінің көрсеткіштерін белгілеп алу.
Белгілі нәтижелерге жету үшін, мектеп түлегінің бойында төмендегі негізгі құзыреттіліктерді қалыптастыру қажет.
Құндылықты-бағдарлы құзыреттілік – жоғары әдептілік құндылықтар негізінде қоғамда өзінің орнын таба білу біліктілігі, азаматтығы мен елжандылығы, өмірде түрлі жағдайда шешім қабылдауды білу білігін қамтамасыз етеді.
Мәдениеттанымдық құзыреттілік – мәдениет жетістіктері негізіндегі іс-әрекет тәжірибесін және қоғамдағы дәстүрлер мен жеке, отбасылық, әлеуметтік өмірдің мәдениетін, этномәдениеттік құбылыстарды, ұлттық ерекшеліктерді тани білуге, бағалауға үйретеді.
Оқу-танымдық құзыреттілік – оқушының зерттеу әрекеті мен өзіндік оқу-танымдық үрдістерін қамтамасыз етеді. Білімділік қызметін ұйымдастыра білуді, тиімді жоспарлауға, ізденушілік-зерттеушілік дағдыларын игеруге, талдауға, қорытынды жасай білуін қарастырады.
Коммуникативтік құзыреттілік – адамдармен қарым-қатынас тәсілдерін, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын, нақты жағдайларда шешім қабылдау үшін байланыстың түрлі объектілерін қолдана алу білігін, көп тілді білу дағдылары болуын қарастырады.
Ақпараттық-технологиялық құзыреттілік – білім мен ақпаратты, ақпараттық технологиялар мен техникалық объектілдердің көмегімен іздеп, талдап, таңдап, өзгерте, сақтай және өзгерте білу.
Әлеуметтік-еңбек құзыреттілік – азаматтық-қоғамдық тәжірибе мен білімге ие болуды білдіреді. Түрлі өмірлік жағдайларды жеке басына, қоғам мүддесіне ықпал ете білуді қарастырады.
Ақпараттық құзіреттілігі – тест және жеке тұлғаның ақпаратпен өздігінен жұмыс істеп, талдай алу қабілетін тексеру барысында анықталды.
Проблемаларды шешу құзіреттілігі – байқау, бақылау, сауал-сұрақ әдістері, ата-анамен байланыс жұмыстары арқылы белгіленіп алынды.
Коммуникативтік құзіреттілігін – оқушылардың жазбаша жұмыстары мен құжаттарды тексеру, интервью әдісі арқылы жоғары, орта, төмен деңгейдегі оқушыларды анықтап алу.
Оқушылардың құзіреттілік қалыптасуы қорытындысын ескере отырып, құзіреттіліктерін дамыту мақсатында жұмыс жүргізу жоспарланды.
Жалпы оқу жүйесін бұзбай, оқу үрдісін ұйымдастыруда тиімді формаларды пайдалана отырып, негізгі құзыреттіліктерді дамыту мақсатында әртүрлі педагогикалық технологияларды пайдалануға болады. Солардың бірі «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы».
«Сыни тұрғыдан ойлау» жобасын сабақтарда жүйелі түрде қолданып, төмендегі шаралардың орындалуын ескердім:
Үш қатарда екі-екіден тізіліп отыратын өзгермейтін отыру қалпы мұнда жоқ:
— жұппен жұмыс;
— топпен жұмыс;
— 3,4-тен отыру;
Сынып бөлмесіндегі өзгерістер:
— Қағидалар;
— Идеялар тақтасы;
— Ең үздік сұрақтар тақтасы;
— Үздік шығармашылық жұмыстар тобы.
Жоғарыдағы талаптардың орындалуын ескере отырып, сабақтың үш кезеңінде оқушылардың проблеманы шешу құзіреттілігі, ақпараттық құзіреттілігі және коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту мақсатында әртүрлі стратегиялардың тиімді қолданылуына ерекше мән бердім.
Проблемаларды шешу құзіреттілігін қалыптастыру барысында: торлы талқылау, венн диаграммасы, концептуалды кесте, дәлелді эссе.
Ақпаратты құзіреттілікті дамытуда: INSERT кестесі, үш қадамды сұхбат, алма-кезек сұрақ қою, ғылыми баяндама жасау, ББҮ кестесі, жолаушының қойын дәптері, ассоциация, кластер, семантикалық карта, қос жазба күнделігі.
Коммуникативтік құзіреттілікті қалыптастыруда: ЖИГСО – 1, бірлесе оқу, үш қадамды сұхбат, эссе, еркін жазу, хат жазу, дөңгелек стол, болжау, оқырман жауабы, жазба конференциясы, бірлесе жазған әңгіме, сауалнама т.с.с. стратегияларды қолданудың тиімділігі анықталды.
Ой-толғаныс кезеңінде 3 топқа төмендегідей тапсымалар берілді:
1 топ. Энциклопедиядағы суреттер және ақпараттар бойынша жануарлардың бір-біріне қайырымдылығын дәлелдеу;
2 топ. Жануарлар мен адам арасындағы қайырымдылық;
3 топ. Өз жеріңдегі жануарларды қорғау жұмыстары.
Оқушылар берілген тапсырмаларды топта талқылап, ұжымда өз ой-пікірлерін ортаға салады.
«Торлы талқылау» стратегиясы бойынша барлық оқушыларға пікір таластырып, өз ойларын дәлелдеуге: «Қаламыздағы аңдар бағында аңдарды ұстау туралы сенің пікірің» тақырыбында, дұрыс, қате, екі ойлы, пікірлерін топтарға бөлініп дәлелдеуге тапсырма берілді. Оқушылар үш топқа өз еріктерімен бөлініп, әр топтан бір спикерді таңдап, пікірлерін дәлелдеуге ортаға шығарды, спикерлер өз ойларын дәлелді мысалдармен қорғап, қоғам өміріндегі маңызды мәселені шешуге қатыса алатындықтарын көрсетті. Сабақтың барлық кезеңдерінде оқушылардың проблемаларды шешу, ақпараттық, коммуникативтік құзіреттіліктерін қалыптастыру жұмыстары жүзеге асып жатқандығы көрінеді.
Оқушы рөлінің өзгеруі төмендегідей болды:
— Оқушы танымдық іс-әрекет иесі;
— Өзінің даму аймағын кеңейтуші;
— Оқыту процесінің белсенді мүшесі;
— Өзіндік ой-пікірі бар, сыншыл көзқарас, әділ пікір иесі;
— Өзін-өзі тануға әрекет жасайтын тұлға;
— Жоғары деңгейлі сұрақтар иесі;
— Эксперт рөлін еркін атқарушы;
— Бірін-бірі, өзін, тобын, топ жұмысын бағалай алушы;
— Ойының дамуын қадағалай алады;
— Алдағы қадамдарын болжап, мақсатты айқын қоя біледі.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясының негізіндегі сабақ процесінде мұғалім мына нәтижеге жетеді:
-Жүйелі тапсырма беруге ұмтылады;
-Оқушыны басқа жақтарынан таниды;
-Өзін жетекші бағыттаушы ретінде таниды;
-Өзі білмейтін ақпараттарға тап болады;
-Оқушының жұмысын бағалайды.
Осы міндеттерді орындауда ұстаз өзінің тақырыбы мен сабақ үрдісінде стратегияларды ұтымды пайдаланып, оқушылар арасында жеке, топтық іс-әрекеттерді ұйымдастырады.
«Сын тұрғысынан ойлау үшін оқу мен жазу» стратегияларын сабақта пайдалана отырып өткізу барысында мынандай қорытындыға келуге болады:
-Оқушы мен мұғалімнің кең дәрежеде сыйласуына;
-Оқушыларға өз пікірін айта білуіне;
-Оқыту процесіне барлық оқушыларды қамтуға;
-Шығармашылық қабілеттерін ашуға жағдай жасайды.
Біз зерттей келе, «Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» жобасының оқушы құзіреттілігін қалыптастыруда маңызы өте зор деген қорытындыға келдік.
Құзіреттілік біліктіліктен көрінеді, біз оның қалыптасу дәрежесі жайлы ғана айтуға мүмкіндігіміз бар. Оқу процесінде оларсыз құзіреттілік қалыптаспайтын білім, біліктерге қатты көңіл бөлуіміз керек. Құзіреттіліктің қалыптасуы – бұл ешқашан аяқталмайтын процесс.
Қолданылған әдебиеттер
- 12 жылдық білім. Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасы. Алматы. 2006. №8
- Мырзабаев А. «Биологияны оқыту әдістемесі» «Санат-Полиграфия» ЖШС. 2006, 248-249-б.
- «Биология және салауаттылық негізі» ғылыми-педагогикалық журнал. 2005 №2. 27-29б.
- Әбеуова И. Сын тұрғысынан ойлау мен дамытпалы оқыту. 2001, №1.
- Сын тұрғысынан ойлауды дамыту. Әдістемелік құралдар. №1, 2, 3, 4.
Жаминова Гульжан Бахытовна,
Б.Уахатов атындағы орта мектебі,
Биология пәнінің мұғалімі,
Павлодар облысы,
Лебяжі ауданы, Мерғалым ауылы